Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «EQ»
Freedom Life базасының мәліметтеріне сәйкес, көктем маусымында демалысқа барған отандастар туристік сақтандыруды Түркия, Біріккен Араб Әмірлігі, Мысыр және Тайланд елдеріне жиірек ресімдейді. Мальдив аралы, Испания, Доминикан Республикасы немесе Вьетнамға баратын туристер сақтандыруды сирек алады екен. ӨСК мамандарының болжаулары бойынша, 2023 жылдың жазында, сақтанушылар саны келесі бағыттар бойынша өсетін болады: Грузия, Әзербайжан, Черногория, Италия, Греция.
Аталған бағыттар бойынша, бұрын бронь жасалған және «ыстық» турлардың таңдауы мол. Зерттеу барысында, біздің отандастарымыз үшін демалу құны қай елдерде қымбаттағанын, ал қай елдерде елеулі төмендегенін сақтандырушылар анықтап көрген еді. Бірақ мың құбылған мына дүниеде бүгін бар баға, ертең жоқ. Сұраныс бар жерде бағаның бірқалыпты тұрмайтындығын да ескере кеткендеріңіз жөн болар.
Жазғы демалыстың биылғы бағасы
БАЭ (Дубай, Шарджа). Тур құнына тамақтану кірмейді немесе 3-4 жұлдызды отельде тек таңғы асымен 7 күн тұрақтану, орташа алғанда, бір адамға 165 мың теңгені құрайды. Турдың арзандығына қарамастан, жалпы алғанда, бұл жерде демалу бюджетті емес, себебі жергілікті кафе мен мейрамханаларда тамақтану, такси жалдау және ойын-сауық шығындары турмен салыстырғанда екі есе қымбатқа түсуі мүмкін.
Түркия (Кемер, Аланья). Осы маусымда отандық туристер үшін бұл – ең арзан бағыт. Бес жұлдызды отельде «ультра бәрі қамтылған» белгісі бар апталық демалыс орташа алғанда, 270 мың теңгені құрап отыр, ал 3-4 жұлдызды отельде – 168 мың теңге шамасында.
Вьетнам (Нячанг). Бұл бағыттың бағалары бір жыл ішінде елеулі төмендеді. Егер 2022 жылдың көктемінде Вьетнамға бару бір адамға 700 мың теңге болса, қазір 3-4 жұлдызды отельде «тек таңғы ас» белгісімен бір апта тұру, орташа алғанда, 200 мың теңгені құрауы мүмкін.
Мысыр (Шарм-эль-Шейх). 3-4 жұлдызды отельде бір апта тұрудың орташа бағасы – бір адамға 207 мың теңге. Турлардың көбісінде таңғы ас және кешкі ас қарастырылған.
Әзербайжан (Баку). Жалпы алғанда, бұл бағыттағы турлардың құны өзгерген жоқ. Осы жазда, 3-4 жұлдызды отельде 7 күнге жайғасу орташа бағамен бір адамға 258 мың теңгені құрайды. Барлық туристік ұсынысқа таңғы ас кіргізілген.
Грузия (Кобулети, Батуми). 3 жұлдызды отельде 7 күн тұрудың орташа бағасы – бір адамға, 278 мың теңге. Негізінде, турлар тамақтанусыз ұсынылады. Бірақ таңғы ас қарастырылған бірнеше қонақүйлер де бар.
Таиланд (Пхукет). Төрт жұлдызды тамаша отельде «тек таңғы ас» белгісімен апталық тур, орташа алғанда, бір адамға 317 мың теңгенің айналасында шығып отыр.
Черногория (Рафаиловичи). «Өзіне-өзі қызмет ету» белгісімен, 8 күндік демалысы 3-4 жұлдызды отельде бір адамға 324 мың теңгені құрайды.
Шри-Ланка аралы. Осы жылы, 3-4 жұлдызды отельде бір апта демалудың орташа құны бір адамға 404 мың теңгенің төңірегінде құбылады. Көптеген туристік ұсынысқа таңғы ас кірмеген екен.
Мальдив аралдары. Былтыр бұл аралдарға бару ең қымбат саяхат деп саналатын. Жан басына шаққандағы орташа бағасы 1,1 млн теңге болатын. Алайда 2023 жылдың көктемінде төмен бағалы ұсыныстар түскен. 3-4 жұлдызды отельде «тек таңғы ас» белгісімен 6-8 күн демалудың орташа алғандағы құны 524 мың теңгенің айналасында шығыпты.
Индонезия (Бали аралы). 3-4 жұлдызды отельде сегіз күн демалудың орташа құны бір адамға – 667 мың теңге. Таңғы ас қарастырылған.
Италия (Сицилия, Калабрия). Турист үшін бір апта 3-4 жұлдызды отельде тұрақтанудың орташа құны бір адамға -– 673 мың теңге. Бұл турлардың көпшілігіне тек таңғы ас қана кіргізілген.
Испания (Коста де Барселона). Тамақтанусыз немесе тек таңғы ас кіргізілген 3-4 жұлдызды жайлы отельде 7 күн тұрақтанудың орташа құны әр адамға шаққанда 708 мың теңгені құрайды.
Греция (Крит, Корфу аралдары). Тамақты қоспай таза бір апта 3-4 жұлдызды қонақүйде тұрақтанудың орташа құны бір адамға – 868 мың теңге.
Доминикан. Биыл жоспарланған ұсыныстар мен «ыстық» турлар тізімінде бұл бағыт ең қымбатқа түсетіндігімен ерекшеленеді. Негізінде, сегіз күндік демалыс ұсынылады. Турдың орташа құны «Бәрі қосылған» белгісімен 4 жұлдызды отельге жайғасу – бір адам үшін 1,6 млн теңге.
Азаматтар туристік сақтандыруды қандай жиілікпен пайдаланады?
Statista халықаралқ статистикалық платформасының мәліметтеріне сәйкес, адамдардың шамамен 20% саяхаттық сақтандырумен, әлемдік COVID-19 пандемиясы алдында пайдаланған. Енді аталған мәлімет 2022-2027 жылдары аралығында, шамамен, 70-80%-ға дейін ұлғаюы мүмкін. Сондай-ақ саяхаттарды сақтандырудың әлемдік нарығының түсімі 2030 жылы 2021 жылмен салыстырғанда сегіз есе жоғары болуы мүмкін екенін алға тартады және шамамен 108,8 млрд долларды құрайды деп жорамалдануда.
Пандемияның алғашқы жылында туристер саны әлем бойынша 407 млн-ға дейін қысқарды. 2022 жылы халықаралық туризмнің келушілер саны, шамамен, 963 млн адам болған, олардың ішінде, шетелге шығатын отандастар саны шамамен – 0,7% деңгейінде.
Ал шынтуайтына келгенде, пандемия туристік сақтандыруды дамытудың драйвері болып танылды. Туристерді міндетті сақтандыру (ТМС) полистері бұрын сатылмаған елдерде пайда болды. Сонымен қатар қамтылатын тәуекелдер тізбесіне COVID-19 диагнозымен госпитализациялау тармағы қосылды. 2020-2021 жылдары аталған тармақ туристерді ерікті және міндетті сақтандыру полисін ресімдеу кезінде әлем бойынша ең маңызды болып танылды.
Нарықтың туристік сақтандыру саласында өсім көрсетуіне, сонымен қатар цифрландыру да әсер етті. Саяхатшылар смартфон және интернетті ТМС полисін онлайн сатып алу үшін белсенді қолданатын болды. Сақтандыруды жеке және тез, өмірді сақтандыру компанияларының және әуе компанияларының сайтында ресімдеу мүмкіндігі пайда болды.
Бізде отандық туристерді ерікті және міндетті медициналық сақтандыру құны нақты белгіленбеген және көптеген факторға тәуелді: турист қай елге шығады, бағыты қандай, көлік түрі, неше күнге және т.б. ТМС міндетті сақтандырудың орташа құны – 15 еуро (ағымдағы бағам бойынша, 7 303 теңге).
«Freedom Travel бағдарламасы бойынша ерікті сақтандыру құны шамамен 12 мың теңгені құрайды. Алайда шығатын елі және мекендеу мерзіміне қарай шамамен 130 мың теңге және одан жоғары болуы мүмкін. Сақтандыру шұғыл медициналық көмек көрсету, шұғыл стоматологиялық қызмет көрсету, сақтандырылған туристі қажетіне қарай медициналық тасымалдау, үшінші тұлғаларды өз еліне немесе басқа медқызметке жеткізу шығындарын өтейді. Төлем 10 және 100 мың еуроны құрауы мүмкін», деп түсіндіреді Freedom Life мамандары.