Энергетика • 25 Мамыр, 2023

Энергетик мамандарды даярлау кемшін

353 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Әлемдік экономиканы бүге-шігесіне дейін зерттеп-зерделеп жүрген «Korn Ferry» халықаралық консалтингтік компаниясы әлемде білікті мамандардың жетіспеушілігі 2030 жылға қарай қатты білініп, бұл саланың дамуына барынша бөгет болады деп болжам жасапты. Онда қаржылық қызметтер секторына кадр тапшылығы 10,7 млн адамды құраса, экономикалық шығындар жыл сайын 1,3 трлн доллардан асатын көрінеді. Осылайша, маман тапшылығына ұрынатын барлық салада технологияның дамуы тежеліп, кадр тапшылығы 4,3 млн адамға жетеді-мыс. Соның нәтижесінде, 2030 жылға қарай жыл сайын 1 103,25 млрд доллар көлеміндегі пайданы жоғалтады екенбіз. Өндіріс саласы бойынша еңбек нарығындағы сұраныс ұсыныстан 7,9 млн адамға асып кетеді екен. Бұл – әлемдік деңгейде аталып отырған көрсеткіш.

Энергетик мамандарды даярлау кемшін

Ал елімізде жоғары және орта арнау­лы білімі бар білікті мамандар тап­­шы­лығы әсіресе, электр энер­ге­ти­касы саласында айрықша сезіліп отыр. Электр және жылу энер­гия­сын өндіру секторы жоғары білік­ті мамандарды қажет ететін ерекше сала болғандықтан, мұнда төмен­гі лауазымның өзіне арнайы бі­лім мен біліктілік аса маңызды рөл атқа­ра­ды. Ірі кәсіпорындардан бастап тұрмыстық қызмет көрсету орындарына шейін электр энергетигі мамандарына сұраныс үнемі жоғары. Жауап­кершілік пен қауіптіліктің жоға­­ры деңгейіне қоса, жалақысының азды­­ғы тағы бар, осы негізден келгенде бұл салада білім алып, жұмыс істеуге бел буғандар қатары жылдан-жылға кеміп барады. Кейінгі кездері аталмыш салада жас кадрлар саны айтар­лықтай азайғанын аңғаруға бо­ла­­ды. Есесіне жасы ұлғайған мамандар саны артып отыр. Жекелеген кәсіп­орындар бұл саладағы жұмыс күші­нің жеткіліксіздігі 15%-ға, ал кей жағ­дайда 20%-ға жетіп отырғандығын алға тартады.

Осы ретте «Қазақстан электр энергетика қауым­дастығы» заңды тұлғалар бір­лес­­ті­гінің ұйымдастыруымен Ғұмарбек Даукеев атындағы Алматы энер­гетика және байланыс универ­си­те­тінде «Жаңа міндеттер жағдайында энергетика саласы үшін кадрлар даяр­лау» тақы­ры­бын­да өткен басқосуда біраз мәсе­лелер талқыланды.

 Жиынды ашқан аталған қауымдас­тық­тың басшысы, әрі форум моде­раторы Талғат Темірханов: «Мемлекет басшысы өзінің халыққа арнаған Жол­да­уының бірінде елге техникалық білім­ді мамандар қажет екендігін атап өткен болатын. Жаңартылатын энергия көздерін қоса алғанда энергетика секторын дамытып және біліктілігі жо­ғары мамандармен толықтыруда сапа­лы кадр­­­ларды даярлау мәселесі энергетика сала­сы үшін аса маңызды. Сол себепті жо­ғары оқу орындары мен энергетика саласының кәсіпорындары арасында тығыз ынтымақтастық қажет деп есептеймін», деп сөзін бастаған болатын.

Аталған білім ордасының ректоры Мұрат Сыздықов: «Маман­дан­дырылған жоғары оқу орындарында еліміздің электр энергетикасы үшін білікті кадр­ларды даярлау маңызды. Іскер серік­тес­тіктермен және жетекші шетелдік университеттермен бірлесе отырып, білім бе­­ру бағдарламасын жетілдіру қа­жет. Жоғары оқу орындарының про­фессорлық-оқытушылық құрамын, энер­­гетиканы, жасыл технологиялар­ды және жаңартылатын энергия көз­де­рін дамыту мәселелері бойынша өңір­­лік әрі республикалық сараптау комис­­­сия­сы­ның жұмысына белсенді қа­­тысуға шақырамын», деді.

 Одан кейін сөз алған Алматы мем­ле­кеттік энергетика және электрон­ды технологиялар колледжінің дирек­торы Төлеуғали Тайтөлеевтің «Колледж – Университет – Кәсіпорын» ынты­мақ­тастығы траекториясын, «Жас маман» жобасы аясында өңірлік құзы­реттілік орталығы арқылы оқу үде­рісін ұйымдастыру мен электр энер­гети­ка­сы­ның саласына кадрларды даяр­лау жөніндегі баяндамасы қатысу­шы­ларға ой салғаны бар.

Осы университеттің «Электр энер­ге­­ти­­калық жүйелер» кафедра­сы­ның профес­соры Ертуған Үмбетқұлов көп­­шілікті электр энергетика саласына ар­налған жоғары оқу орны бағалау көр­сет­кішінің даму ерекшеліктерімен таныстырды. Ол өз баяндамасында Білім және ғылым министрлігі Жоғары білімді дамыту ұлттық орталығының қолданыстағы бағалау көрсеткішін әзір­леуде жаңа әрі инновациялық жа­ңарту бойынша ұсыныстарын біл­дір­ді. Айтылған жайтқа байланыс­ты энергетика саласының біліктілік шеңберіндегі талаптар мен кәсіби стан­дарттарды, «Жаңа кәсіптер атласынан» құзыреттерді есепке алуға ерекше назар аударылу қажеттігін жеткізді. Ол сонымен қатар «Дәстүрлі энергетикалық жабдықтарды жаң­ғыр­ту жөніндегі инженер» жаңа кәсіп­ке негізделген бағалау көрсет­кішін әзірлеу, модернизацияның ма­ңыз­дылығына тоқталып, дәстүрлі жылу электр стансасының негізгі жаб­дық­­тарын, соның ішінде электр желі­ле­рінің көпшілігі 40 жылдан жоға­ры пайдаланып, оның 50%-дан астамы тозығы жеткен технологиялық құрал-жабдықтардың қыс мезгілінде апаттық жағдайлардың орын алуына себеп болатындығын айтып өтті.

«Самұрық-Энерго» АҚ өндіріс және активтерді басқару жөніндегі атқару­­шы директоры Руслан Тұрғам­баев Алматыдағы ЖЭО-2 және басқа да жылу электр стансаларын қайта құру мен дамытуда еліміздің оңтүстік айма­ғында қуаттылығы 1200 МВт жаңа ЖЭО салу жоспарларын жан-жақты баяндап, қатысушылардың сұрақ­та­рына жауап берді. Соның ішінде «Жылуэнергетика» МК грантының күрт төмендеуі, ЖЭО мамандарын даяр­лауға мемлекет тарапынан қолдау көр­сетілмей отырғандығын, еңбек­ақы­ның төмендігі мен өзектілігі бар қазандықтарда және турбиналық цехтарда кадрлардың тұрақсыздығы әрі еңбек жағдайының мәселесін көтерді. Қыс мезгілінде қазандықтар мен жылу электр стансаларының жаппай апатқа ұшырауының бір себебі – суды да­йындау және тазартудағы мамандарға көңіл бөлінбейтіндігінен деп те айтылды.

Энергетика саласының кәсіпкерлік субъектілерін қолдау аясында ка­др­лар­ды даярлаудың ерекшеліктері тура­лы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық депар­та­мен­тінің директоры Жақып Хайрушев атап өтті. Бұл ретте ол соңғы жылдары электр энергетикасы сала­сын­дағы қызметкерлердің жалақысы 2 есе тө­мен­дегеніне талдау жасап, аталған салада кадрларға қатысты күрделі жағ­дай қалыптасқанын, мамандар өңір­лерден кетіп, тұрғылықты жерін ауыс­ты­ратындығын, жалақысы жоғары басқа салада жұмыс істейтіндігін және ЖОО түлектері еңбекақының азды­ғы­нан электр энергетикасына жұмысқа тұрғысы келмейтіндігіне де баса назар аударды. Әрине, оған құлақ түрер жан болса...

«Alageum Electric» компаниялар тобының басқарма төрағасы Нұржан Стваев компанияның стратегиялық серік­тестігі саналатын географиялық аумақты алып жатқан Кентау, Шым­кент, Алматы, Түркістан, Ақтау, Қызылорда, Орал, Петропавл және Бішкек қалаларының бірқатарында электр энергетикасының өнеркәсіптік кәсіпорындары ашылып, орта кәсіп­тік оқы­тудың дуальды жүйесі жолға қойыл­ған­дығын, Алматы, Шым­кент, Орал, Петропавл және Кентау қала­сында кәсіби колледждерде жас маман­дардың әлеуметтік мәсе­­­ле­лер жағы сәтімен шешіліп жат­­қа­нын, соның нәтижесінде өз кол­ледж­де­рін бітірген түлектердің 70%-ы «Ala­geum Electric» компания­лар тобы­ның кәсіп­орындарына жұ­мысқа орна­лас­ты­рудан хабардар екенін айтты. Ол сонымен қатар мате­риал­­дық және әлеуметтік шектеулерге байланысты мамандандырылған жо­ға­ры оқу орындарының түлектері өңір­лерге ұмтылмайды, сондықтан ком­пания АЭжБУ және ҚазҰТУ өз кәсіп­орындары үшін кадрлар даярлауда білім және ғылыми қызмет саласында бірлескен ынтымақтастықты ұсынды.

 Жылу энергетикасындағы кадр мәселесіне АЭжБУ «Жылу электр станциялары» бөлімінің басшысы Андрей Кибарин: «Энергетика саласы жыл сайынғы 1200-1300 деңгейінде жоғары білімі бар жылу энергетикасы мамандарына қажеттілікті сезінеді. Қазіргі уақытта еліміздің жылу-энергетика саласы апатты жағдайда тұр, бұл тек ЖЭС және жылу желілері жабдықтарының тозуына ғана емес, сонымен қатар кадрлардың тапшылығы мен біліксіздігіне де қатысты. Осы себептен жылу желілеріндегі апаттар мен энергетикалық жабдықтардың істен шығуы жыл сайын артып отыр», деді.

«Qazaq Green» қауымдастығы директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Қапенов те елімізде жаңар­ты­латын энергия көздеріне кадр даярлау мәселесіне тоқталды. Ол елімізде жаңартылатын энергия көз­дері қуатының үдемелі өсуін, былтыр­ғы жылдың соңында ЖЭО орнатылған қуаттылығы 2,4 ГВт-қа жеткендігін, алдыңғы жылмен салыс­тырғанда 18,8%-ға, 2017 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 7 есеге жуық артқандығын атап өтті.

Бүгінгі күні елімізде энергия жет­­кізуші ұйымдарда 34 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Алайда соңғы жылдары саладағы мамандар өнді­рістің мұнай, газ және құрылыс секілді өзге саласына және көршілес мемлекет­терге кетіп жатқаны байқа­лады. Олардың басқа жұмысқа ауысуы жалақының тө­мендігінен болып тұрған жайт. Мәлі­мет­терге қарағанда, біздегі жылу электр орталығы өн­ді­ріс­тік қызметкерінің орташа жала­қы­сы 2021 жылы 224 100 теңгені құраған. Жылу электр орта­лы­ғын­да шығындар жылу және электр энергиясы бойынша тарифтердің 5%-ы жыл сайынғы еңбекақы төлеу қорын өсіруге бағытталғанымен, еңбекақы төлеудің төмен деңгейі әлі де бұрынғы күйінде. Сол себепті жалақысы 1,5-2 есе жоғары ұқсас кәсіптерге және әлеу­мет­тік қолдау мәселелері шешілген аралас салаларға білікті кадрлардың кетуі орын алып отыр.

Білікті қызметкерлердің жетіс­пеу­шілігі қалған басқа қызметкерлердің еңбек жүктемесін арттыратыны анық, бұл жұмыстың сапасы мен тиімділігіне әсер етпей қоймайтынын ескеруіміз керек. Елі­мізде орын алып отырған маман тапшылығын былтыр Мемлекет басшысы да сынға алды.

«Бұл Қазақстанда энергетика саласы үшін кадрлар даярлайтын 24 жо­ғары оқу орны бар екеніне қарамастан электромонтерлер, жоғары вольтты желілерді жөндеушілер және басқа да жұмысшы мамандықтар жетіспейді. Инженерлік-техникалық персоналдың орташа жасы шамамен 50 жасты құрайды. Үкіметке саланың кәсіби кадр­лық әлеуетін және еңбекақы төлеу­дің бәсекеге қабілетті деңгейін қа­лып­­тастыру жөніндегі шараларды іске асыруды тапсырамын», деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кадр тапшылығы мәселесін жоға­ры­да айтқанымыздай бүгіннен қолға алмаса, болашақта оның зардабын тарта­тын түріміз бар. Министрліктер тарапынан да азды-көпті жұмыстар атқарылып жатыр деуге болады. Ең бас­­тысы, кадр­ды ұстап тұру жала­қы­ның төмендігіне келіп тіреліп отыр. Бұдан басқа Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген Заң жобасына сәйкес ком­му­налдық салада өтінім берудің ал­дын­дағы жыл­да­ғы статистикалық деректері бо­йынша қа­лып­тасқан эко­но­­микалық қызмет түрлері де өңір­лер бөлі­нісінде өндірістік және әкімшілік-басқару қызметкерінің орташа айлық жалақысын айқындау жөніндегі норма белгіленіп, ұлттық жоба бекітілді. 2025 жылға қарай сала маман­­дарының жалақысын 2020 жылғы деңгейге қарағанда 50%-ға ұлғай­ту көзделген.

«Жаңа міндеттер жағдайында энергетика саласы үшін кадрлар даярлау» форумы энергетика саласын одан әрі дамыту, кадрлардың кетуін қысқарту және жас мамандарды тарту бойынша ұсыныстарды талқылау бүгінгі энергетика саласындағы мәселені шешуге жасалған бір нақты қадам деуге болады. Осы ретте «Қазақстан электр энергетика қауымдастығы» заңды тұлғалар бір­лес­тігі мен Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті арасындағы ынтымақтастық туралы ме­морандумға қол қойылды. Бұл электр энергетика саласына жастарды тартуға ықпал етері сөзсіз.