Биылғы 29 мамыр күні Астанада қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі шарттың сиясы кеппей жатып, Орал қаласында осы ықпалдастық аясындағы іс-шаралар кешені басталып та кеткен еді.
Мұндағы басты мақсат өзара тиімді ынтымақтастық пен халықаралық интеграция кеңістіктерін кеңейту болып табылады. Осы орайда Қазақстанның батыстағы қақпасында шекаралас аймақтарды дамытудың І халықаралық Қазақстан-Ресей форумы өткен-тін. Бұған қоса, облыс орталығындағы Мұз спорт сарайында Қазақстан мен Ресей кәсіпорындары шығарған сан алуан өнеркәсіп, азық-түлік және қолөнер өнімдерінің таңғажайып көрмесі ұйымдастырылған еді. Шекаралас аймақтар мен екі арадағы іскерлік топтар арасында әріптестік байланыстарды одан әрі дамытуды мұрат тұтқан пленарлық мәжілісте сөз алған Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев сөз түйінін төмендегіше сабақтады.
– Елімізде ежелден ынтымағы мен тату-тәтті тірлігі жарасқан Ресейдің бес бірдей губерниясымен шектесетін Ақжайық аймағынан басқа бірде-бір өңір жоқ. Мұнда шекаралас облыстар арасындағы ең ұзақ шақырымдар бар. Бүгінгі басталған форум мен көрменің негізгі мақсаты – шекаралас өңірлердің инвестициялық мүмкіндіктерін анықтау мен сарапқа салу болып отыр. Әрі осы шара аясында бірлескен бизнестік құрылымдар мен жобалардың тұсауы кесіледі деп күтілуде. Бұлардың басты арқауы ынтымақтастық пен Еуразиялық экономикалық одақ талаптарына негізделген. Мұның ішінде шекаралас өңірлердегі бірлескен кәсіпорындардың санын өсірумен бірге, оның сапалық құрамын да түбегейлі жақсарту қажеттілігі туындайды.
Ресейдің көршілес аймақтары арасында Орынбор облысы губернаторының міндетін атқарушы, Орынбор облысы үкіметінің төрағасы Юрий Бергтің сөзі форумға жиналғандардың назарын аударды. Ол былай деді:
– Қазақстанның Ақжайық аймағы мен Ресейдің Орынбор облысы аумағын ежелгі тарихи байланыстар біріктіреді. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз қызметін бастайтын Еуразиялық экономикалық одақ та ежелгі байланыстар мен сабақтастықты одан әрі тереңдету мен нығайтуға негіз қалайды. Бұл интеграциялық құрылым тек экономикалық тұрғыда ғана емес, сонымен бірге, қарапайым адамдар арасындағы қарым-қатынастарды жақсартуға да септігін тигізетініне сенімім мол. Айталық, Орынбор облысында 116 ұлт пен ұлыстың өкілдері тұратын болса, саны жөнінен мұндағы ең көп диаспора – қазақтар. Біз бұл бауырларымыздың көңілінің дархандығы мен жүрек жылуының молдығына, еңбекқорлығына әркез ризашылықпен қараймыз. Ал осы форум шекаралас екі өңір арасындағы үлкен іскерлік байланыстардың бастауы ғана деп санаймын. Оның жұмысына сәттілік тілеймін.
Форумға қатысушылар көршілес аймақтар арасында бірлескен кәсіпорындар ашу мен шекаралас өңірлерде бизнестің жаңа өрістері мен мүмкіндіктерін ашу әрі оны жүзеге асыру жөнінде жан-жақты және егжей-тегжейлі ой-пікір алмасты. Оралда өткізілген бұл халықаралық басқосу интеграциялық үрдістерді үздіксіз дамыту ісіне елеулі үлесін қоса алды деуге толық негіз бар.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
ОРАЛ.
Суреттерді түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ.