Бүгінде басында тіршілік нышаны жоқ өндірістің орнында ауқымы бірнеше гектардай үлкен көл жатыр. Алайда жер астынан шыққан бұл судың зиянын мал екеш мал да сезіп, шыбықпен айдаса да беттемейді екен.
Геология комитетінің мәліметінше, Құсмұрын қоңыр көмір кенінің ұзындығы шамамен 20 шақырым, ені 4-5 шақырым болады. Ал тереңдігі 500 метрге дейін барады.
«Бұл кен орны 1948 жылы ашылған. Мұндағы барлау жұмыстары 1955 жылы аяқталды. 70-жылдардан бері мемлекеттік баланста тұр. Содан бастап игерілмеген кен орны болып есептеледі. Бұл жерде 1 және 2-санатқа жататын 2,7 млрд тонна қоңыр көмір қоры бар. Ашық әдіспен өндірілетін көмір қорының көлемі 2,6 млрд тонна болады. Бұл көмірлер негізінен өндірісте және металлургиялық кокста пайдаланылады. Кен орны 2015-2016 жылдардан бері 3-4 мердігерге бекітіліп берілген. Алайда ол кәсіпорындардың неше тонна көмір өндіргені туралы мәлімет жоқ. Бізге берілген есеп бойынша 2021 жылы мұнда көмір өндіру жұмыстары жүргізілмеген», дейді Геология комитеті сараптау және жер қоры басқармасының басшысы Марғұлан Байбатыров.
Мұнда өндіріс жұмыстары басталғаннан кейін ел игілігін көріп отырған көкорай шалғынның ойран-топыры шығып, жырым-жырым жыра, төбе-төбе үйінділер көбейіпті. Жергілікті тұрғындардың беті ашық кен айналаға экологиялық апат төндіріп тұр деп дабыл қаққанына да бірнеше жыл болған. Айтуларынша, кейінгі жылдары Құсмұрында қатерлі ісік ауруына шалдыққандар да көбейе бастапты.
«Тоқсаныншы жылы Әулиекөлдің, қазір Харьковка деп аталады, Құттыкөл деген жерінен осында көшіп келдім. Сол кезде осы маңайдың бәрі теп-тегіс көгал, көкорай шалғын еді. Қаншама мал ұстадық. 2014 жылы осы жерді қаза бастады. Қазір енді міне, айнала ой-шұқырға толып кетті. Оған көктемде су толып, батпақ болады. Қаншама мал түсіп, көп жұрт малынан айырылды. Қазып-қазып тастады да, өздері кетіп отырды. Саз аралас көмір шығарды. Халық сатып алып, пешке жағып көріп еді, онысы жана қоймады. Қазір кеніштің беті ашық жатыр. Өздері қалай ашып кетті, солай жабатын болсын. Біздің айтатынымыз осы. Бұл жерді жергілікті халықтың келісімінсіз қазды да, тастап кетті. Салдарынан табиғатымыз бұзылды, халық ауырып жатыр. Өзім де 2017 жылы қатерлі ісік дертімен ауырдым. Қостанайда 80 см ішегімді кесіп тастап, бес күн бойы ес-түссіз жатып әупірімдеп жаным аман қалды. Бұлайша беті ашық күйде жата берсе, радиация дегенді өздеріңіз білесіздер, осы кеннің кесірінен қаншама халық көшіп кетіп жатыр осы жерден», дейді Нұрлыбай Айтжанов.
Дүйім елді дүрліктірген көмір кенішінде 2016-2018 жылдар аралығында Құсмұрын кентінің тұрғыны Владислав Ильин дәнекерлеуші болып жұмыс істепті. Оған дейін 8 жыл бойы Приозерный көмір кенішінде еңбек етіп, көмірдің қалай өндірілетінін өз көзімен көріп, біраз тәжірибе жинақтаған.
«Серіктестіктің әу баста рұқсат құжатын қалай алғанын білмеймін, өз басым бұл жерде өндіріс ашылғалы көмір өндіру саласына тікелей қатысы бар бірде-бір маман көрмедім», дейді ол.
Көмір өндірушілер Құсмұрынның іргесіндегі шағын өзенді шорт кесіп бөгеп тастапты. Қазір арнасы кеуіп қалған өзеннің шаңы бұрқырап жатыр. Бұл аз болғандай, іргедегі балығы мол айдынның бір шетін жырып, суын ағызып жіберген. Көлдің орны кәдімгі шалшыққа айналыпты. Су қоймасының жырығы кеңейіп, үлкен жыраға айналып кетіпті. Енді оны бітеу мүмкін емес. Осы жыраның кесірінен мал да ұзап жайыла алмайды.
«2014 жылы өндіріске дайындық басталып, осы жерге неше түрлі техника келе бастағанда жергілікті тұрғындар елді мекенге жақын жерден көмір өндіруге қарсы екендерін айтып, наразылық білдірген. Әсіресе Құсмұрынның оңтүстігінде тұратын тұрғындар үзілді-кесілді қарсы болды. Өйткені көмір өндіретін кәсіпорын жайылым мен өзенді меншіктеп алды да, жұрт бұрынғыдай мал жая алмай қалды. Өзеннің арнасын бөгеп, мүлде басқа жаққа бұрып жіберді. Соның салдарынан тартылып қалды. Ауыл іргесінде халық мал суаратын шағын көл бар еді, оның шетін жырып, суын ағызып жіберді. Қазір ол көлдің орнын шалшық басты. Оны мал іше алмайды. Өндірушілер қазба жұмыстарын күні-түні жүргізгендіктен, айналаны шаң-тозаң басып, тіпті есіктің алдына кір жаю мүмкін болмай қалды. Үйлердің шатырын шаң-тозаң басып кетті. Бізге экологиялық апат төніп тұр. Бұрынғы жайылымның орны ой-шұқырға толып кетті», дейді Құсмұрын кентінің тұрғыны В.Ильин.
Облыстық экология басқармасы 2022 жылы өндірісі қоршаған ортаға қауіп төндіруі мүмкін 97 кәсіпорынға тексеру жүргізіп, жүзден аса заң бұзушылық дерегін анықтапты. Нәтижесінде, әлгі кәсіпорындарға 20 млн теңгеден аса айыппұл салынған. Олардың қатарында Құсмұрындағы кен орны жоқ.
«Тұрғындардың шағымынан кейін біздің мамандар Құсмұрынға барып, тексеру жұмыстарын жүргізді. Көмір кенінде топырақ қыртысын алып, оны бір жерде сақтау жұмыстары атқарылғаны болмаса, өңдеу жұмысы әлі басталмаған. Қазір жұмыс тоқтап тұрғандықтан, оның ауа, су сияқты экология-
лық компоненттерге зияны жоқ деп айтуға болады. Алдағы уақытта кен орны жұмысын қайта жандандырғысы келсе, алдымен біздің басқармадан экологиялық сараптамадан өтіп, рұқсат алуға тиіс», дейді облыстық экология департаментінің бөлім басшысы Зиада Бисақалова.
Эколог мамандар іргелі елді мекеннің іргесінде ашық-шашық жатқан кен орнының ой-шұңқыры мен қалдық үйінділері қоршаған ортаға ешбір зиянын тигізбейді дейді. Ал әлеуметтік-қаржылық талаптарды орындамағаны үшін былтыр Құсмұрын кен орнында көмір өндірген екі серіктестікпен де келісімшарт бұзылған. Енді Индустрия министрлігі кен орнын басқа кәсіпорындарға беру үшін тағы аукцион жарияламақ. Бірақ жергілікті тұрғындар мұндай шешімге үзілді-кесілді қарсы. Олар көмір кенінің жұмысы түбегейлі тоқтатылып, асты-үстіне шыққан жер түгелдей тегістелсін деген талап қойып отыр.
Қостанай облысы