Қайғылы жағдай 2022 жылдың 13 маусымында болды. С.Аманжолов атындағы университеттің 3-курс студенті Мейір Серікұлы бір күн бұрын танысқан қыздың өтінішімен үш құрбыны Өскеменнен 50-60 шақырым жердегі Сібе көліне апарған. Сағат үштер шамасында үш қыз көлдің терең жеріне кетіп қалса керек, тұншыға бастайды. Дәл сол сәтті жағадан бейнетаспаға түсіріп жатқан Мейір қалта телефонын тастай сала көмекке ұмтылған. Өкініштісі, үш қызды құтқарғанымен, өзі сол жерде өмірмен қош айтысады. Бейнежазба демекші, Мейірдің телефон камерасына оқиғаның шет жағасы түсіп те қалған.
– Әркім өз баласын мақтайды ғой. Десе де, менің тұңғышым 21 жасқа дейін бірде-бір рет жамандығын көрсетпеді. Үй шаруасының бәрін өзі реттейтін. Амал не? Қанатым қырқылғандай күйге түстім. Өзіміз Марқакөлдің тумасы болғанымызбен, Ұлан ауданында тұрамыз. Ұлым биыл оқуын тәмамдап, экономист мамандығын алып жатар еді... Бұл туралы үндемей-ақ та қояр едік. Үш қыздың ата-анасы келіп, рахмет айтпай-ақ қойсын, жұбатып, көңіл де айтпады. Жарайды, әркімнің өз өресі бар. Кейін құжаттарын жинап алайын деп оқу орнына барғанымда «берешек кітаптары бар ма, оқуының ақшасы төленді ме?» дегендей сұрақтар қойды. Олар үшін дұрыс та шығар. Бірақ ұлымның үш қызды құтқарып, жазым болғанын университеті біліп отыр. Керісінше, алдымнан шығып, іс-қағаздарды реттеп берсе, менің төбем көкке жетер еді ғой. Оның қасында күшікті құтқарып қалғандарды да марапаттап жатады, – деп әкесі Серік Нәбікенов болған оқиғаны тарқатып айтып берді.
Рас, кейде қолдан батыр жасап, болмашы іс тындырғандарды көкке көтеріп жатамыз. Оның қасында Мейір бір-бір үйдің әлпештеп отырған үш қызын өлім аузынан аман алып қалуы көзсіз ерлік дер едік.
– Дәл сол күні ерте шықтым үйден. Әдетте ұлымды оятып, тапсырма беретінмін. Бұл жолы ұйқысын қимадым. Алдындағы күні ғана біраз шаруа тындырған еді. Оқиға қалай болды, толық білмедім. Әйтеуір өзімді қоярға жер таппай қобалжып жүрдім. Ұлымды үнемі қадағалап отыратынмын. Сол күні де қоңырау шалдым, тұтқаны көтермеді. Оқуында деп ойладық. Әрі-бері жүгіріп жүріп, өзім де телефонымды ұмытып кетіппін. Кешкі бестер шамасында телефонымды тауып қарасам, бөтен нөмірден алты қоңырау түсіпті. Қайта хабарлассам, полициядан екен. Сол жерде естіртті, есеңгіретті... Алып-ұшып, көлге жеттім. Енді ойлаймын ғой, қыздар уақытылы көмекке шақырса, шығарып та алар ма еді? Себебі балықшылар келіп, судан шығарғанда жүрек соғысы болған екен. Жедел жәрдем бір сағатта жеткен. Одан полиция барған. Мен барғанда үш қыз отыр. Кім не деді, есімде жоқ. Алтын асықтай ұлым еді. Бір емес, үш жанның өмірін құтқарды. Қарындасы да дәл сол кезде ҰБТ тапсырып жатты. Көңілі алай-дүлей болды да қалды. Кенже ұлым Сәкен менен гөрі ағасына жуық еді. Бір елі қасынан қалмайтын. Ол да жетімсіреп қалды. Анасының қандай күйде екенін айтпасам да болады. Сағынамыз, – дейді әке жүрегі қан жылап.
Иә, «жазмыштан озмыш жоқ» дейді қазақ. Әкесі Серік Нәбікеновтің ендігі тілегі, баласының ерлігі баспасөз бетінде қалып, соңынан ерген іні-қарындасының мақтанышы болса дейді. Оқу орны тарапынан да ерлігі ескеріліп, есімі студенттер арасында да айтылып жүрсе артықтық етпес еді.
Шығыс Қазақстан облысы,
Ұлан ауданы