Тұлға • 24 Мамыр, 2023

Балалар әдебиетін зерделеген

539 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлттық кітапханада М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, белгілі жазушы Нұрдәулет Ақыштың 2 томдық «Қазақ балалар әдебиетінің тарихы» туралы монографиясы таныстырылды.

Балалар әдебиетін зерделеген

Жиынды М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтының бас директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов жүргізіп, балалар әдебиетін дамыту ісіне тоқталды.

Алқалы басқосуда сөз алған Прези­дент кеңесшісі Мәлік Отарбаев балалар әдебиетін дамытуға Мемлекет басшысының өзі ерекше көңіл ауда­рып отырғанын жеткізді. Осы орайда еліміздегі ақын-жазушылар еңбек­терінің шет тілдеріне аударылып, жоғары бағасын алып жатқандығы да қуанатын жағдай. «Жазушылығымен ғана емес, ғалымдығымен танылып жүрген Нұрдәулет Ақыштың монографиясы балалар әдебиеті тарихына жаңаша көзқараспен қарауға шақырады. Заманауи қоғамда балалар әдебиетіне де заманауи ізденістер қажет. Ал жазушылардың еңбегі қашан да зор құрметке ие» деп атап өтті ол.

Осы орайда Мәлік Отарбаев жазушы Нұрдәулет Ақышқа Президент Алғыс хаты мен «Барыс» төсбелгісін табыстап, бұл М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына Президенттің берген бағасы екенін де еске салды.

«Қазақ балалар әдебиеті тари­хын жаңадан жазу керектігі жөніндегі мәселенің пісіп жетілгеніне біршама уақыт болды. Бұған дейін ізденушілер Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетін зерттеушілердің бірегейі филология ғылымдарының кандидаты Шеген Ахметовтің «Қазақ балалар әдебиетінің тарихы» мен «Қазақ совет балалар әдебиетінің тарихы» деген оқу құралдарына сүйеніп келді. Соңы 1974-1976 жылдарда жарық көрген еңбектер кеңестік идеологияның бас­ты талаптарын негізге ала отырып жазылды. Ал Тәуелсіздік жылдары жоғары оқу орындарының кейбір оқытушылары жазған аз таралымды еңбектерді айтпағанда, қазақ балалар әдебиетінің тарихына қатысты іргелі еңбектер жазылған жоқ» деп басталатын монография ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы балалар мен жеткіншектерге арналған көркем шығармалар, Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары – қазақ кеңес балалар әдебиетінің қалыптасу кезеңі, Екінші дүниежүзілік соғысының балалар әдибетіне тигізген әсері, соғыстан кейінгі жылдар – балалар әдебиетінің кемелденуіне қатысты төрт кезеңді қамтып жазылған.

Қазақ балалар фольклорынан басталатын еңбекте Ыбырай, Абай, Жамбыл, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Ахмет, Тайыр, Міржақып, Сұлтанмахмұт шығармаларының балалар әдебиетіне қаншалықты жақындығы айшықталса, Әділетті Қазақстан құруға қатысты айтылып жүрген өзекті мәселенің кейбірі балалар әдебиетін айналып өте алмайтындығы да айтылады. Осы орайда автор балалар әдебиеті тоқырап қалды деген жекелеген пікірден гөрі насихаттау жағы кенжелеп келеді дегенді еске салады.

Мұндай кең көлемде балалар әдебиетіне қатысты жасалған шолудың көптен бері жарық көрмегенін тілге тиек еткен Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы монографиядан көкейде жүрген көп сауалға жауап табуға болатынын жеткізді. «Қазақ балалар әдебиетінің тарихына қатысты» екі томдық монография осы бір сеңді бұзып, балалар әдебиетінің тарихына жаңаша көзқараспен қарап, ұмытыла бастаған авторлардың еңбектеріне шолу жасап отырғанымен ерекшеленеді», деді.

«Балалар әдебиетінің ұлттық тәр­бие­дегі орасан зор ықпалына қатыс­ты дәлелдер келтіріп жатудың өзі артық. Бүгінде оның клиникалық мүмкіндіктеріне ғалымдар көз жеткізіп отыр. Автор монографиясында атап­ өткендей, кейінгі отыз жылдан астам уақыт ішінде педагогикалық, гума­нитарлық колледждер мен оқу орындарында балалар әдебиетінің тарихына қатысты жазылған аз-кем дүниелер болмаса, кеңестік идеология негізінде жазылған еңбектерге жүгінуге тура келеді.

Осы орайда М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мамандары балалар әдебиетін мектептерде оқыту мәселесіне қатысты жобаларды қолға алып отыр. Жазушы-ғалым Н.Ақыштың зор ізденісте жүріп шығарған бұл еңбегі балаларды ұлттық әдебиетпен сусындату мақсатында қолға алынған игі істің бастамасы ғана емес, оның атқарар жүгі де салмақты болайын деп тұр. «Біз бала күнімізде әлемдік әдебиеттің аудармасын оқып өстік. Бүгінде әлемдік әдебиетті аудару да, оқыту да өзекті мәселе. Қазіргі кезде институттың аға буын және жас ғалымдары да осы іске бел шеше кірісіп, балалар оқуға тиісті әдебиеттердің тізімін жасап шықты. Бұрындары Еуропа, ағылшын әдебиетін аудару, оқу мәселесіне көп көңіл бөлінген болса, ендігі кезекте бұл тізім жапон, қытай, испан, тағы да басқа елдердің әдебиетімен толыға түседі» деп атап өтті институт директоры К.Матыжанов.

Жиынға қатысқан Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахетов, жазушы Серік Асылбекұлы, филология ғылымдарының докторы, профессорлар Қансейіт Әбдезұлы, Бекен Ыбырайым, ақын Байбота Қошым-Ноғай, жазушы Қуандық Түменбай, Қанат Қайым, ғалым Әділғазы Қайырбеков, тағы да басқа қаламгерлер сиясы кеуіп үлгермеген еңбектің құндылығын айтып, жылы лебіздерін білдірді.

Балалар әдебиеті саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелерді ортаға тастаған қаламгер қауым бұл ғылыми еңбек көптеген зерттеудің өзегіне айналады деп сенім білдірді. Ал балалар үдесінен шығатын шығармаларды жазу жазушының ғана міндеті емес, ол ел келешегіне алаңдайтын, ұлтқа жанашыр азаматтардың, мемлекеттік қолдауы бар бағдарламалардың өміршеңдігімен тығыз байланысты екені айтпаса да түсінікті.

 

АЛМАТЫ