Ахмет Мәметов 1938 жылы 31 қаңтарда Алматы қаласындағы тері-венерологиялық институтының директоры қызметінде жүргенде тұтқынға алыныпты. Сол жылы 11 қараша күні «халық жауы» атанып, ату жазасына кесілген. Әрине, ХХ ғасырдың басында Мағжан Жұмабаевпен бірге Ғалия медресесінде оқыған, ұлтының азаттығы, ұрпақ тәрбиесі жолында бірнеше кітап шығарып, баспасөз саласында белсенді қызмет еткен, Алаш қозғалысы қатарында жүріп, 1918 жылы Ойыл уәлаяты үкіметінің «Еркін қазақ» газетін шығарған Ахмет Мамытұлының кеңестік репрессия тырнағынан аман қалуы мүмкін емес еді. 20-жылдардың ортасынан-ақ қудалана бастаған Ахмет Орал губерналық «Қызыл ту» газетіндегі жауапты хатшы қызметін тастап, мүлдем жаңа салаға кетеді. Саратов университетінің медицина факультетіне түсіп, дәрігер мамандығын алып шығады. Сөйтіп, осы қызметінде де ұлты үшін қыруар жұмыс атқарады. Қазақстанда тері-венерологиялық аурулармен күрес жүйесін қалыптастырады.
Көпшілік жұртқа Ахмет Мәметов Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың әкесі ретінде де танымал. Қаршадай Мәншүк әкесінің жазықсыз қудаланғанына қатты қапаланып, «майданға өз еркіммен сұранып барсам, ерлік көрсетіп, әкемді ақтасам, оның жазықсыз екенін дәлелдеп, құтқарсам» деген ойда болғанын кейінгі зерттеушілер жазып жүр. Бұл шындыққа саяды. Өйткені репрессияға ұшыраған арыстардың туыстары олардың ату жазасына кесілгенін білген жоқ, ол ақпарат құпия болатын. 50-жылдардың ортасына дейін НКВД, ГПУ органдары репрессияға ұшырағандар туралы жалған анықтама беріп келген. Аяулы жандарының өлі-тірісін білмеу, ең болмаса олардың қай жерде көмілгенінен хабарсыз болу туған-туыстары үшін үлкен қасірет болатын.
Қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы аумағында Әлихан Бөкейханның ата-анасы мен ет жақын туыстары жерленген Талдыбейіт зираты бар. Әлиханның інісі Смахан төре ағасын жоқтап, осы қорымға Әлиханның бас киімін көміп, құлпытас орнатқан екен. Дәл осындай жан тебірентерлік оқиға Батыс Қазақстан облысында да болған. Алаштың тағы бір айбоз арысы Жаһанша Досмұхамедұлының немере інісі Құдес Қуанышәлиев 70-жылдары әулеттің атақонысы Қарақұдық жайлауында Жаһаншаға белгі орнатып, «осы жерге келген жан марқұмның аруағына дұға етсе, сауап болар» деп жазған еді.
Түрлі себеппен денесі жерленбеген немесе қабірі белгісіз жанға арнап символикалық мәнде белгі орнату – дүниежүзі халықтарының көпшілігінде бар ғұрып. Ол кенотаф деп аталады. Бақилық болған жанның жер бетінде қалған «үйі», кейінгі ұрпақтары іздеп барып зиярат ететін киелі орын қазақ үшін де ерекше қастерлі ғой.
Белгілі демограф ғалым Мақаш Тәтімовтің дерегінше, 1937-1938 жылдары Алматы қаласында және Алматы маңындағы абақтыларда өлтірілген екі мыңдай адамның мәйіті қазіргі Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылының іргесіне үйінде ретінде көмілген. Дәл осы жерде 1997 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш бой көтерді. Ал 2018 жылдың 1 желтоқсанында құрбандарға арналған музей өз жұмысын бастады. Осы музейде Алматы облысында кеңестік саяси жүйенің құрбаны болған 4125 адамның аты-жөні, өмір сүрген жылдары жазылған. Сол тізімдегі тұлғаның бірі жоғарыда айтылған Ахмет Мәметов болатын.
Жақында осы музей кешенінің аумағында Ахмет Мәметовке ескерткіш белгі қойылды. Оған мұрындық болған – Ахаңның туған інісі Қанаттың қызы Шолпан апай мен жұбайы, әскери медицина қызметінің құрметті ардагері, полковник Кеңес Исанов. Осы іс-шараға қатысып, бізге ақпарат берген алаштанушы ғалым, эссеист жазушы Мақсат Тәж-Мұраттың айтуынша, Жаңалық музей-кешенінде осымен оныншы кенотаф орнатылған екен.
Батыс Қазақстан облысы