Кәсіпкер • 24 Мамыр, 2023

Бөдене өсіру – берекелі бизнес

806 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жетісу өңірінде бөдене шаруашылығы – берекелі кәсіптің бірі. Бүгінде өңірде құс баптаумен онға жуық шаруа иесі айналысады. Соның бірі – «Сәлем-Құс» ЖШС бас директоры Сымбат Серікқожаев. Ескелділік кәсіпкердің 120 мың бөдене өсіріп отырған үлкен фирмасы бар. Өзі тұратын Ешкіөлмес ауылының тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Бұл игілікті іс шағын елді мекеннің шырайын келтіріп тұр.

Бөдене өсіру – берекелі бизнес

Суреттерді түсірген Дмитрий Ерофеев

Ескелдінің орталығы Қара­бұлақ ауылына жанай орналасқан Ешкіөлмес елді мекеніндегі құс фермасын көзбен көрдік. Ферма иесі Сымбат Серікқожаевпен телефон арқылы байланысқа шығып, кездесуге уағдаласқан едік, ферма алдынан бізді бәйек қағып күтіп алды. Бәрін түсіндіріп әлек. Жұдырықтай құстың бабын тауып жүрген өндіріс инже­нері Бәтима Дадамбаева қатарға қо­сылып, екі жақтап бәрін тәп­тіштеп түсіндіруге тырысты. Сымбат Серікқожаевтың айтуынша, ферма – отбасылық кәсіп екен. Алғашында басқа кәсіппен айналысуға ниеттеніпті. Бәрін саралаған. Бірақ, бөденеге орайы түсіпті.

авпр

 «Әу баста қандай кәсіп бастай­мыз деген сауал болды. Әуелі­де мал шаруашылығымен айна­лыспақ болдық, бірақ атакәсіп­пен шұғылданушылар жетіп артылады. Бәсекелестік орта деген бар. Содан бұл ойдан арылдық. Мұнан соң өнімділігі жоғары тауық өсірумен айналыссақ дедік. Әсіресе, бройлер өсіруге бағытталдық. Бақсақ, бройлер өсіру оңай шаруа емес екен. Тауықтың бұл түрі аурушаң әрі әлсіздеу келеді. Ойлана-ойла­на келе бөдене шаруашылы­ғы­на тоқ­талдық», деді ферма қожайыны.

Оның айтуынша, бұл кәсіп­ті ақша табу үшін бастамаған. Бөдененің еті мен жұмырт­қасының пайдасы мол дегенді естіп, біліп жүрген. Содан қызығушылықпен басталған шаруа қазір алып фермаға айналған. Алғашында тосыннан бөдене өсіруді қолға алғанда жұрт таңырқап, «апыр-ай, бұл құсты қалай өсіріп, өндіреді екен?» десе керек. Кәсіпкердің сөзінше, шынында жұдырықтай құсты өсіру оңай шаруа емес екен.

«Бөдене кірпияз, тауық сияқты кез келген жемді қанағат тұтатын құс емес. Оларды ұстау, бағу шарттарын ғаламтордан қарадым. Бірінші ескеретін нәрсе, бұлар суық жерде жұмыртқаламайды. Ыстықты да ұната қоймайтын құс. Тұрақ­ты температура 16-18 градус­қа жылы болуы тиіс. Кәсіпті бастағанда көп қиындық болды. Уақыт өте келе бұл құстың тілін тапқандай болдым», дейді кәсіпкер.

Кәсіп иесі құс шаруашы­лығының жайын жүйелей түсін­дірді. Ферманың сыртқы жабыны Қытайдан, бөдене өсіруге керекті жабдықтар Украинадан алыныпты. Алғашында ферма иесі жабдықтарды ғаламтор жүзінен іздепті. Тіпті, Украинаға барып құралдарды қолмен ұстап, көзбен көріп, көңілге түйіп келіпті. Осылай біршама уақыт таразылап, қазіргі жабдықтар­ды таңдаған соң оны орнатуға Андрей есімді украин жігіті келіп, бәрін құрастырып беріпті.

 Бүгінде ферма 20 адамды жұмыспен қамтып отыр. Солар­дың бірі – Бәтима Дадамбаева. Бұл кісі мұнда өндіріс инженері құзыретінде. Демек, ол нысанның жұмысы дөңгелеуіне жауапты. Айтпақшы, фермада қазір «қатарға қосылмаған» балапандарды есептемегенде маньчжур және техас тұқымына жататын 40 мың құс бар. Бәрі темір тордың ішіне тоғытылған. Бөденені қамап ұстамаса, бос жүріп табыс әкелмейді. Ересек бөденелер бір ғимараттың ішінде орналасқан үш қатарлы автоматтандырылған қондырғыға жайғасқан. Әр қондырғыда 6 қатардан құс жәшігі бар. Бір күнде 40 мың құс 1 тоннадан аса жемді азық етеді.

Жемінің құрамы да бөлек. Бидай, жүгері, соя және балық ұны бар құс азығына түрлі дәруіш қосылып беріледі. Ішкені де, жегені де алдында бұл құстың басты жұмысы – жұмыртқа табу. Бір күнде құс фермасы 20 мыңнан аса жұмыртқа өндіреді. Бәрін жинап, қаптап, қорапқа салып, даярлап қоюды ферма қызметкерлері жүзеге асырса, оны саудаға шығарумен ферма иесі айналысады. Бүгінде «Сәлем-Құс» жұмыртқалары Жетісу облысынан бөлек, Алматы облысы мен Алматы қаласындағы сауда нүктелерінде сатылымда.

«Бізге орын тарлық ете баста­ғанда кеңейту мүмкіндік­терін іздей бастадық. Сөйтіп қараусыз қалған бұрынғы кірпіш зауытының орнына қоныс теуіп, жұмыс үдерісін қайтадан толық қалпына келтірдік. Фермамыз жұмыс істеп тұр, енді ауланы абаттандыруымыз керек. Қазір 150 мың бөденеге арналған екінші құс қора-жайын салып болып қал­дық. Құрал-жабдықтар Ук­раи­на мен Қытайдан жет­кізілді. Мәсе­лен, инкубатор 56 мың жұмырт­қаға лайықталған. Әр 5-7 күн сайын салмағы 30-40 грамм болатын 14 мың бөдене балапаны шығарылады. Бір жарым айдан кейін жақсы күтімнің арқасында олардың салмағы 200-250 грамға жетеді, соның 150-200 грамы – таза салмағы», деп түсіндірді фермер.

Өндіріс инженері Бәтима Дадам­баева бөдененің бабы жұмырт­қадан басталатынын алға тарт­ты. Себебі, жақсы өнім болуы үшін жарақты құс керек. Инкубатордан шыққан құс­тан балапан өрбімейді деген жаңсақ пікір бар емес пе еді? Мамандар мұнда бөдене санын қалыпты ұстау үшін балапандауға бағытталған құстарды бөлек ұстайды. 9 ана­лыққа 1 аталықты қосып, балапан шығаратын жұмыртқа өндірісін де жандандырып отыр. Тек, бұл жұмыртқаларды аналық бөденелер баспайды. Фермадағы алып инкубатор ауқымды миссия­ны атқарып отыр.

Келесі бір үлкен ғимарат жұмыртқадан балапан шығарып, оны өнім беретін құсқа айнал­дыру­ға негізделген. Атаулы ғима­раттың кіреберісінде 57 мың жұмырт­қа сиятын инкубатор тұр. Бәрі автоматтандырылған. Тек мамандар жұмыртқаны орналастырып, уақытында балапандарды жинап алса жеткілікті. Жұ­мыртқа 16-17 күнде балапанға айна­лады. Ғимарат іші бірнеше бөлік­ке бөлінген. Әр бөлігінде жұмырт­қаны жарып шыққан уақытына сай балапандар орналастырылған.

«Бармақтай жұмыртқадан шыққан балапандар жылдам өседі. Тек қажетті жағдайды туын­дату керек. Мәселен, жұмырт­қадан шыққан балапанға 37,7-38°С температура қажет. Уақытында тамақтандырса бөдене тез ширайды. Күн өткен сайын температура төмендетіледі. Себебі, бұл уақытта бөдененің дене қызуы арта түседі. Алғашқы бір аптаның ішінде бөдене балапаны 3 есе салмақ қосып, бір айда 15 есе ұлғаяды. 50-60 күн­нен кейін жұмыртқалай бас­тайды. Жалпы, бөдененің ғұмы­ры 1-1,5 жыл. Одан әрі жұмыр­т­қаламайды», деді Бәтима Дадамбаева.

«Сәлем-Құс» фермасы қазір көпке танымал. Өйткені Жетісу өңірінде мұндай ауқымдағы бөдене фермасы жоқ. Дегенмен бұл кәсіптен нәпақа тауып отырған Бағдат Серікқожаевтың «әттеген-айы» да жоқ емес. Бірер жылдан бері құстың жемшөбін өзі даярлауға тырысқан. Жер іздеп, бидай, жүгері, соя егуді көздеген. Алайда жақын маңнан егіс алқабын таппапты. Шалғай маңнан егін егіп, оның өнімін жинауға кәсіпкердің шамасы келмейді. Бәкеңнің сөзінше, егін егу де оңай шаруа емес, оның басы-қасында бір адам байланып отыруы керек. Ал өзі фермадан босамайды. Есесіне қазір құс жемін сатып алуға мәжбүр. Бұл да қосымша шығын.

Өз қаржысына осындай ауқымды нысанды салып, кәсібін дөңгелеткен жанға қалай да қолдау білдіру, жоқ-жітігін толтыруға мүмкіндік жасау – жергілікті атқамінерлердің де міндеті. Айтпақшы, құс фермасының жақсылығын жергілікті кәсіпкерлер де көріп жатыр. Құс саңғырығы – табиғи тыңайтқыш. Диқандар құс фермасының маңайын тазалап, саңғырықты егінге тыңайтқыш етуге әкетеді екен. Сымбат Серікқожаев бөдене шаруашылығы пайдасы болмаса, мүлдем зияны жоқ кәсіп екенін де алға тартып отыр. Бөлек кәсіп иесіне біз де сәттілік тілеп, жөнімізге кеттік.

 

Жетісу облысы