Сенат • 24 Мамыр, 2023

Шағын және орта бизнес – маңызды сала

298 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сенаттың «Өңір» депутат­тық тобы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­та­сының өкілдерімен және кәсіпкерлермен кездесті.

Шағын және орта бизнес – маңызды сала

Мемлекеттік сатып алу, кеден­дік және салықтық әкімшілендіру саласындағы қолданыстағы заңнаманың, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытудың проблемалық мәселелері талқы­ланған басқосуға Сенат­тың Экономикалық саясат, ин­но­­вациялық даму және кәсіпкер­лік коми­тетінің депутаттары Серік Шайдаров пен Жанна Асанова, «Атамекен» ҚР ҰКП Төрал­қа төрағасы Райымбек Баталов, Ұлттық экономика, Қар­жы, Индустрия және инфрақұ­рылымдық даму, Сауда және интеграция, Мәдениет және спорт министрліктерінің өкілдері қатысып, сөз сөйледі.

Кездесуді ашқан «Өңір» депутаттық тобының жетекшісі Серік Шайдаров Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдау­ларын­да және бизнес өкілдерімен кездесу­лерінде шағын және орта биз­несті дамыту міндеттеріне ерек­ше басымдық беретінін атап өтті.

– Парламенттің бірінші сес­сия­сының ашылуында Мем­лекет басшысы алдағы уақытта орта бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндетін қойды. Біздің Палата өңірлер тұрғындарының, оның ішінде шағын және орта бизнес өкілдерінің мүддесін білдіреді және салалық мемлекеттік органдармен бірлесе отырып осы саладағы заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс істеп келеді. Біз мемлекеттік сатып алу саласын қоса алғанда, шағын және орта кәсіпкерлікке қатысты реттеу рәсімдерін оңайлату, салықтық ынталандыру, инвестициялық белсенділікті арттыру, әкімшілік жүктемені азайту жөніндегі шаралар ұсындық, – деді сенатор.

Шағын және орта бизнес – экономиканың ең маңызды саласы, оның іргетасы. Кәсіпкерлік дамымай, мемлекеттің экономи­калық жағдайының тұрақтылығы туралы айту қиын. Осы орайда сенатор Серік Шайдаров бұл кездесу шағын және орта бизнес субъектілерінің қызметін жақсарту бағытында қандай шаралар қабылданып жатқанын, олардың проблемалары мен шешімі қандай, бұл бағытта депутаттардан қандай көмек керек екенін білу мақсатында өтіп отырғанын атап өтті.

Кездесу барысында шағын және орта бизнес қызметінің өзекті мәселелері, оның ішінде заңнамадағы олқылықтарды сөз болып, салық салу, мем­ле­кеттік сатып алу, кедендік әкім­ші­лендіру және туризм сияқты са­лалардағы жүйелі проблемалар­ды шешу жолдары ұсынылды. Се­натор Жанна Асанованың айтуын­ша, бүгінгі таңда елімізде 1 млн 900 мыңнан аса шағын және ор­та кәсіпкерлік субъектісі жұ­мыс істейді. Оның ішіндегі жеке кә­сіпкерлер үлесі – 66,6, ша­­ғын кә­сіпкерліктің заңды тұл­ға­ла­ры – 21,1, шаруа немесе фер­мер қо­жалықтары – 12,2, орта кә­сіпкерліктің заңды тұлғалары – 0,2 пайыз. Шағын және орта биз­несті қолдаудың толыққанды шараларының кешенін іске қосу қажеттілігі, бизнестің ел дамуындағы өзінің жоғарғы рөлін толығымен сезінуі керек екені жайында сөз қозғаған ол кейінгі үш жыл ішінде Сенат депу­таттары кәсіпкерлікке қа­тыс­­ты бағыттар бойынша бір­қа­тар заңды қабылдағанын айтты.

– Мемлекеттік сатып алулар, биржалық сауда, кедендік әкімшілік, төлем сервистері бойынша заңдарға өзгерістер енгізілді. Бизнес-климатты жақсарту мәселелері бойын­ша заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар, сондай-ақ Кәсіпкерлік кодекс пен Концессиялар туралы заңға өзгерістер енді, – деді ол.

Жанна Асанова осы іс-шараға дайындық барысында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірігіп аймақтарға қатысы бар әртүрлі 120 жүйелі проблема жинақталғанын, олардың бірқатары панельдік секцияларда талқылану үшін бағдарла­маға қосылғанын айтты. «Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамауға тиіс. Өйткені ел ішінде және ғаламдық деңгейде қоғамдық-саяси, экономикалық жағдайлар жедел өзгеріске тү­сіп жатқан заманда заңнама­ны жетілдіріп отыру – қалыпты құбылыс. «Өңір» депутаттар тобы аймақтарды дамытуға атсалысу мақсатында өз өкілеттіктерімізді ерікті түрде жүзеге асырамыз. Біздің басым міндетіміз – заңнаманы жетіл­діру бойынша тиімді ұсы­ныстар жасау үшін жергі­лікті ахуал­ға мониторинг жүргізу және ұсынымдар жинау арқы­лы аймақтар мен орталық мемле­кеттік органдардың үй­лесімді қарым-қатынас орна­туы­­на жәрдемдесу», деді сенатор.

«Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов сенаторлар алдында сөйлеген сөзінде шағын және орта бизнесті дамытудағы жаңа тәсілдер туралы мәлімет берді. Парламентшілер сондай-ақ жиынға қатысқан министрліктер өкілдерінің баяндамаларын тыңдады. Орталық мемлекеттік органдардың өкілдері депутат­тарға шағын және орта бизнес өкілдерімен өзара іс-қимыл саласындағы істердің қазіргі жай-күйі туралы баяндады.

Сенаторлар сонымен қатар «Өңір» депутаттық тобымен пікірсайыс тұрғысында 4 отырыс ұйымдастырды. Онда депутаттар, мемлекеттік органдардың өкілдері және өңірлерден келген кәсіпкерлер шағын және орта бизнесті дамытудың өзекті мәсе­лелерін талқылады. Оты­рыс­қа қатысушылар жиналыс қоры­тындысы бо­йын­ша салалық мем­лекеттік орган­дардың атына жі­берілетін ұсынымдарды әзірледі.