Мемлекеттік сатып алу, кедендік және салықтық әкімшілендіру саласындағы қолданыстағы заңнаманың, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытудың проблемалық мәселелері талқыланған басқосуға Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары Серік Шайдаров пен Жанна Асанова, «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов, Ұлттық экономика, Қаржы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Сауда және интеграция, Мәдениет және спорт министрліктерінің өкілдері қатысып, сөз сөйледі.
Кездесуді ашқан «Өңір» депутаттық тобының жетекшісі Серік Шайдаров Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында және бизнес өкілдерімен кездесулерінде шағын және орта бизнесті дамыту міндеттеріне ерекше басымдық беретінін атап өтті.
– Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы алдағы уақытта орта бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндетін қойды. Біздің Палата өңірлер тұрғындарының, оның ішінде шағын және орта бизнес өкілдерінің мүддесін білдіреді және салалық мемлекеттік органдармен бірлесе отырып осы саладағы заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс істеп келеді. Біз мемлекеттік сатып алу саласын қоса алғанда, шағын және орта кәсіпкерлікке қатысты реттеу рәсімдерін оңайлату, салықтық ынталандыру, инвестициялық белсенділікті арттыру, әкімшілік жүктемені азайту жөніндегі шаралар ұсындық, – деді сенатор.
Шағын және орта бизнес – экономиканың ең маңызды саласы, оның іргетасы. Кәсіпкерлік дамымай, мемлекеттің экономикалық жағдайының тұрақтылығы туралы айту қиын. Осы орайда сенатор Серік Шайдаров бұл кездесу шағын және орта бизнес субъектілерінің қызметін жақсарту бағытында қандай шаралар қабылданып жатқанын, олардың проблемалары мен шешімі қандай, бұл бағытта депутаттардан қандай көмек керек екенін білу мақсатында өтіп отырғанын атап өтті.
Кездесу барысында шағын және орта бизнес қызметінің өзекті мәселелері, оның ішінде заңнамадағы олқылықтарды сөз болып, салық салу, мемлекеттік сатып алу, кедендік әкімшілендіру және туризм сияқты салалардағы жүйелі проблемаларды шешу жолдары ұсынылды. Сенатор Жанна Асанованың айтуынша, бүгінгі таңда елімізде 1 млн 900 мыңнан аса шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Оның ішіндегі жеке кәсіпкерлер үлесі – 66,6, шағын кәсіпкерліктің заңды тұлғалары – 21,1, шаруа немесе фермер қожалықтары – 12,2, орта кәсіпкерліктің заңды тұлғалары – 0,2 пайыз. Шағын және орта бизнесті қолдаудың толыққанды шараларының кешенін іске қосу қажеттілігі, бизнестің ел дамуындағы өзінің жоғарғы рөлін толығымен сезінуі керек екені жайында сөз қозғаған ол кейінгі үш жыл ішінде Сенат депутаттары кәсіпкерлікке қатысты бағыттар бойынша бірқатар заңды қабылдағанын айтты.
– Мемлекеттік сатып алулар, биржалық сауда, кедендік әкімшілік, төлем сервистері бойынша заңдарға өзгерістер енгізілді. Бизнес-климатты жақсарту мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар, сондай-ақ Кәсіпкерлік кодекс пен Концессиялар туралы заңға өзгерістер енді, – деді ол.
Жанна Асанова осы іс-шараға дайындық барысында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірігіп аймақтарға қатысы бар әртүрлі 120 жүйелі проблема жинақталғанын, олардың бірқатары панельдік секцияларда талқылану үшін бағдарламаға қосылғанын айтты. «Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамауға тиіс. Өйткені ел ішінде және ғаламдық деңгейде қоғамдық-саяси, экономикалық жағдайлар жедел өзгеріске түсіп жатқан заманда заңнаманы жетілдіріп отыру – қалыпты құбылыс. «Өңір» депутаттар тобы аймақтарды дамытуға атсалысу мақсатында өз өкілеттіктерімізді ерікті түрде жүзеге асырамыз. Біздің басым міндетіміз – заңнаманы жетілдіру бойынша тиімді ұсыныстар жасау үшін жергілікті ахуалға мониторинг жүргізу және ұсынымдар жинау арқылы аймақтар мен орталық мемлекеттік органдардың үйлесімді қарым-қатынас орнатуына жәрдемдесу», деді сенатор.
«Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов сенаторлар алдында сөйлеген сөзінде шағын және орта бизнесті дамытудағы жаңа тәсілдер туралы мәлімет берді. Парламентшілер сондай-ақ жиынға қатысқан министрліктер өкілдерінің баяндамаларын тыңдады. Орталық мемлекеттік органдардың өкілдері депутаттарға шағын және орта бизнес өкілдерімен өзара іс-қимыл саласындағы істердің қазіргі жай-күйі туралы баяндады.
Сенаторлар сонымен қатар «Өңір» депутаттық тобымен пікірсайыс тұрғысында 4 отырыс ұйымдастырды. Онда депутаттар, мемлекеттік органдардың өкілдері және өңірлерден келген кәсіпкерлер шағын және орта бизнесті дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Отырысқа қатысушылар жиналыс қорытындысы бойынша салалық мемлекеттік органдардың атына жіберілетін ұсынымдарды әзірледі.