Тұлға • 22 Қараша, 2024

Жаңалығы жоғары бағаланған ғалым

403 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазір еліміз жаңа саяси жағдайда өмір сүріп жатыр. Азаматтардың бойына уақыт талабына сай дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнықты. Әсіресе қоғамдық-саяси болмысымыз, қалпымыз бен мәдени кодымыз өзгере бастады. Соңғы бес жылда елімізде ауқымды реформалар жүргізілді. Саяси жүйе түбегейлі өзгерді. Жұртшылықтың сана-сезімінде соны бетбұрыс байқалады. Халқымыздың құқықтық мәдениеті өсті. Осының бәрі қоғам өмірінде жаңаша көрініс тауып отыр.

Жаңалығы жоғары бағаланған ғалым

Елімізде «Цифрлы Қазақстан» және «Еуразиялық одақтың негізгі бағыттарын 2025 жылға дейін цифрландыру» мемлекеттік бағдар­ламалары қабылданған болатын. Әсіресе экономиканы цифрландыру еліміздің жаңа кезеңге қадам басуы десек болады. Цифрландыру экономиканың дамуында басты рөл атқарады. Бұл үдеріс инновациялар енгізу, өндіріс пен қызмет көрсету салаларын автоматтандыру, сондай-ақ ақпараттық технологияларды қолдану арқылы тиімділікті арт­тыру­ға бағытталған. Цифрландыру – елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды құралы.

Цифрландыру саласы 2017 жылы қабылданған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қарқынды жүзеге аса бастады. Бағ­дар­ламаның басты мақсаты – цифр­лық инфрақұрылымды дамыту, ин­новациялық экожүйе құру, ха­лықтың цифрлық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік қызмет­терді цифрландыру.

Шындығында, мемлекет бола­шағы цифрландыру арқылы көр­кейеді. Ел Үкіметі цифрлық трансформацияны жалғастыра отырып, жеке секторды, шағын және орта бизнесті белсенді түрде қолдауды жос­парлап отыр. Бұған қосымша, ІТ саласында мамандарды даярлауға басымдық берілді.

Цифрландыру тек технологияларды енгізу ғана емес, сонымен қатар қоғамның әрбір мүшесінің цифрлық мәдениетті меңгеруін қалайды. Отан­дастарымыздың цифрлық сауа­ты өскен сайын, ел экономикасының әлеуеті де арта түседі.

Сондай-ақ экономиканы цифр­ландыру елдің халықаралық арена­да ұстанымын күшейтуге, эко­но­микалық өсуді жеделдетуге және ха­лықтың өмір сүру деңгейін көтеруге зор үлес қосады.

Елімізде осы салада ұзақ жылдан бері тер төгіп жүрген ғалымдар аз емес. Қазір олардың осы саланы көте­руге жұмсаған жанкешті еңбегі өз жемісін берді. Солардың бірі – белгілі профессор, Халықаралық ақ­параттандыру акаде­миясының ака­демигі Сахыбай Тінейбайұлы Тынымбаев.

Ғылымға бар саналы ғұмырын арна­ған айтулы ғалымның өмірбаяны өте бай. Ол 1939 жылы киелі Түркістан қаласында дүниеге келген. 1957 жылы №19 (қазіргі Әл-Фараби атындағы) қазақ орта мектебін бітіріп, алғашқы еңбек жолын бауырлас Қырғыз елінің астанасы Бішкек қаласындағы ауылшаруашылық машина жасау зауытында қарапайым токарь болып бастаған. 1964 жылы бұрынғы Қазақ политехникалық институтында «Математикалық реттеу-есептеу приборлары және құрылғылар» маман­дығын тәмамдап, аталған оқу орын­ның Есептеу техникасы кафед­­расына тағылым жинаушы-зерттеуші ретінде қалдырылды. Одан кейін Н.Бауман атындағы Мәскеу жоғары техникалық училищесіне (МВТУ) аспирантураға жолдама алды. Аспирантураға түскен­нен кейін студенттерді оқыту кешенін әзірлеу бойынша ғылыми жұмысымен айналысты. Нәтижесінде, сол кездегі одақ көлемінде алғашқы болып, «Минск-2 ЭЕМ» не­гізінде оқыту кешенін құрды. Осы тақырып аясында «Есептеу техни­касы» мамандығы бойынша техника ғылымдарының кандидаты ғы­лы­ми дәрежесін қорғады. Сөйтіп өзін қанаттандырған Қазақ поли­техникалық институтының «Есептеу техникасы» кафедрасының аға оқытушысы болып, қайта оралды.

1972 жылдан 1976 жылға дейін «Авто­маттандырылған басқару жүйе­­лері» және Есептеу техникасы ба­ғыт­тары бойынша республикалық білік­­тілікті арттыру курстарын бас­қар­ды. 1976 жылы конкурс арқылы Есептеу техникасы кафедрасының меңгерушісі болып сайланды. Аталған кафедраны он жылдан аса бас­қарған уақыт ішінде ғалым көп өзгеріс жасады. Кафедраның тех­никалық-материалдық базасы толы­ғы­мен жаңартылды. Оқу зертханалары заманауи интегралдық схемалармен және микропроцессорларға негіз­делген әртүрлі стендтермен жаб­дық­талды.

Сонымен қатар машина паркі SM-3 және EС-1025 компьютерлерінің негізінде толықтай жаңарды. Н.Бауман атындағы Мәскеу жоғары тех­ни­калық училищесі, Киев поли­техникалық инс­титуты, ЛЭТИ, ЛИТМО (қазіргі Санкт-Петербор қ.), МЭИ (Мәскеу) және тағы басқа жетек­ші жоғары оқу орындарымен шы­ғар­машылық және іскерлік байланыс орнатты. Бір сәт тыным тауып көрмеген Сахыбай Тынымбаев Мәскеу қаласындағы Электронды есептеу техникасының ғылыми зерттеу орталығымен (НИИЦЭВТ) байланысып, «ЕС машиналарының жоғарғы моделдерін қашықтан диаг­ностикалау жүйесін зерттеу және оны құру», «Жоғарғы моделді ЕС машиналар құрылғыларының канс­трук­типтік элементтерін орналас­тыратын бағдарламаларды құру» та­қы­рыптарында ғылыми зерттеу жұ­мыстарын жүргізді.

Осы жылдар ішінде кафедраның талантты түлектерінен компьютерлік тех­­нологияны дамытудың барлық бағыты бойынша аспирантура арқылы көптеген жоғары білікті ғылыми-педагогикалық маман даяр­ланды. Солардың ішінде ғылым докторлары, профессорлар: Ж.С.Сарып­беков, Ұ.Е.Сыдықов, Т.З.Қазиев, Т.Т.Палташев, А.Садықов, А.Т.Ибраев, Ж.З.Джурунтаев және Гамбург университетінің докторы Б.Қарабеков, ғылым кандидаттары, профессор, доценттер – Е.Ж.Айтхожаева, М.Абдулллаев, А.С.Байкенов, А.С.Ермаков, Б.Ш.Жолымбетов, Т.Қ.Омаров, А.Ш.Тұрым, С.Р.Рахымбергенов, А.Қ.Балахметов, О.Рахматуллин, Е.Кошкин, А.Т.Құрманов, Р.И.Пахрут­динов, тағы басқа ғалым­дардың есімін ерекше атауға болады.

Белгілі профессор жарты ғасырға жуық қазіргі Қ.Сәтбаев атын­да­ғы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде абыройлы қыз­мет атқарды. Есептеу техникасы кафед­расының аға оқытушысынан про­фессорға дейінгі кезеңнен өтті. Қазір де альма-матердің ақсақалдар алқасының құрметті мүшесі.

2017 жылы ғалым Ғ.Дәукеев атын­­дағы Алматы энергетика және бай­ланыс университеті (АЭжБУ) басшылығының шақыруымен Ра­дио­­техника және ақпараттық қауіп­сіздік кафедрасына зерттеуші-про­фессор қызметіне келді. Сол жылдары жаңадан сайланған кафед­ра меңгерушісі, шәкірттері Р. Бердібаев және кафедра доценті Т.Омармен бірге университетте ақпараттық технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік бағытында ғылыми зерттеу жұмысын дамытып,  мемлекеттік тапсырыс бойынша зерттеу жүргізуге жаңа серпін әкелді.

Ғалым Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігі ғылыми-зерттеу жұмыс­­тарының бағдарламалық-мақсатты қар­жыландыру аясында «Жалпы мақ­саттағы ақпараттық коммуни­ка­­циялық жүйелер мен желілерде ақпа­­ратты беру және сақтау кезінде крип­­тографиялық қорғау үшін бағ­дар­­ламалық және бағ­дарламалық-ап­параттық құрал­дарды әзір­леу» атты ашық кілтті крип­то­жүйе­лерді аппараттық іске асыруды әзірлеу бойынша жобаға жетекшілік етті. Бұл жоба шеңберінде ашық кілтті криптожүйелердегі (RSA, Эль-Гамаль, Рабин, Окамато-Саранси және т.б.) шифрлау және шифрын ашу үдерісін жеделдету үшін жылдам әрекет ететін құрылғыларды құруға мүмкіндік беретін модуль бойынша сандарды келтірудің жаңа алгоритмдерін әзірледі.

Егер қазіргі компьютерлерде бөлу опера­циясын орындау кезінде әр қадам­­да бөліндінің тек екі разрядтары қалыптасса, ал профессор С.Тыным­баевтың алгоритмі бойынша бөлін­дінің үш немесе төрт разрядтарын қалыптастыруға болады. Сондай-ақ Ақпараттық қауіпсіздік жү­йе­­лері кафедрасы бойынша «Ақпа­рат­тық қауіпсіздік мәселелері» ғылыми-техникалық орта­лығын және «Сымсыз желілердің қауіпсіздігі және криптожүйелерді құру» оқу-ғылыми зертханасын ұйым­дас­тыруға белсене атсалысты.

Жоба нәтижесінде көптеген өнер­табыс патенттері алынды, халық­ара­лық конференцияларда баяндамалар жасалды, «Web of Science Core Collection», «Scopus» т.б. деректер базасына енгізілген рецензияланатын халықаралық журналдарда ғылыми мақалалары жарияланды.

2023 жылы оны Халықаралық ақпараттық технологиялар универ­ситеті (ХАТУ) «Компьютерлік ғы­лымдар және информатика» маман­дығы бойынша зерттеуші профессор лауазымына шақырды. Бұл оқу орнында профессор ғылыми зерттеулерді үш бағыт бойынша жалғастырды. Бірінші – ұялы байланыс желілерінің қауіпсіздік тетіктерін әзірлеу (5G), екінші – микроконтроллер арқылы және бағдарламаланатын матрицалық құрылғылар арқылы әр­түрлі криптожүйелерді құру, үшін­ші – заманауи элементтік базаларда әртүрлі мақсаттағы компью­тер­лердің операциялық блоктарын әзірлеу.

Бүгінге дейін парасатты профессор 250-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік жарияланым­ның, оның ішінде 2 ғылыми моно­­графияның, 10 оқулық пен оқу құралының авторы болып отыр. Екі еңбегі – қазақ тілінде жазылған алғашқы оқулықтардың бірі. Зияткерлік меншік туралы 80 өнер­табыс патенті мен авторлық куәліктің авторы. 12 өнертабыс патенті «Derwent Innovations Index» (Wed of Science, Clarivate Analytics) дерекқорына енгізіл­ген. Сондай-ақ ғылыми мақалалар мен ақ­параттық мә­селелер жөніндегі еңбектері халық­аралық рецензияланатын жур­налда, ҰҒА журналында және Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техни­калық зерттеу университетінің және тағы басқа жоғары оқу орындары басылымдарында жарияланған.

Ғалым сексеннің сеңгірінен асса да әлі тың. Зердесі мықты. Қазірге дейін магистранттар мен докторанттардың ғылыми жұмыстарына жетекшілік етіп, ғылыми кеңес береді. 2023 жылы Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің дамуына қосқан ерекше еңбегі мен үлесі үшін «Professor Emeritus» (еңбек сіңірген профессор) құрметті атағы, Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Компьютерлік ғылымдар және информатика» мамандығы бойынша профессор ғылы­ми атағы берілді.

 

Рәт БЕРДІБАЕВ,

Қазақстан білім беру ісінің құрметті қызметкері, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, АЭжБУ профессоры, шәкірті