Футбол • 25 Мамыр, 2023

Жаңа жейдемен – жетістікке

299 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) елордадағы Тұңғыш Президент мұражайында алдағы футбол маусымына арналған әр­түрлі деңгейдегі ұлттық құра­ма­лардың жаңа ойын жейдесін таныс­тырды. Футболшылардың спорттық жейдесін Италияның әйгілі «Errea Sport» компаниясы ұсынып отыр.

Жаңа жейдемен – жетістікке

Іргетасы 1988 жылы қаланған «Errea Sport» брендімен былтыр УЕФА келісімшартқа отырып, ұлт­тық құра­малардың жаңа жейдесін дайын­дауға уағдаласқан еді. Сол келісім аясында аталған компания бүгінге дейін Кипр, Беларусь, Люксембург, Лихтенштейн, Мальта, Андорра, Фарер аралдары және Сан-Марино сияқты ұлттық құрамаларға жаңа жейде дайындап берген болатын.

ҚФФ мен УЕФА ұлттық құрама­лардың жаңа футбол жейдесін дайындау мен қамтамасыз ету жөніндегі келісім бойынша енді «Errea Sport» Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа серіктесі атанып отыр. Бұған дейін біздің ұлттық құрама футболшылары жасыл алаңда «Adidas» бренді ұсынған жейдемен өнер көрсетіп келген-ді.

Бір айта кетерлігі, бұған дейін Қазақ­стан футбол федерациясы жейде жет­кізумен айналысатын спорттық ұйым­дардың тек өздері ұсынған өнімін ғана пайдаланып келген болса, «Errea Sport» компаниясына ұлттық құраманың жаңа жейдесінің дизайнын дайындауда отандық «Creon» компаниясы көмектесіп, жейденің қазақы нақышта жасалуына септігін тигізген. Яғни жейде мотивтерінен қазақы ою-өрнектерді кездестіруге болады. «Errea Sport» компаниясы ұлттық құрамаға үш ойын жейдесін ұсынды. Олар: үйдегі (сары түс), қонақтағы (көк) және қосымша (қара).

Қазақстан ұлттық құрамасы жаңа жейдемен алғашқы ойындарын маусым айында Сан-Марино және Солтүстік Ирландиямен өткізеді.