Қоғам • 26 Мамыр, 2023

Әлем көз тіккен этностиль

1145 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазір жастардың талғамы ерекше. Бүгінгі ұрпақ Батыстың сән үлгісінен гөрі заманауи стильде тігілген ұлттық киімдерге әуес. Тіпті әлемге әйгілі брендтер де этностильге көз тіккен. Ұлттық құндылықтарымыз бүгінгі заманға қалай икемделіп жүр ме? Әр адамға ұлттың реңк беретін ерекшелік әлемдік деңгейде қаншалықты танымал?

Әлем көз тіккен этностиль

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Бүгінде көшедегі тақиялы қыздарға, қазақы ою-өрнекпен әрленген кеудеше киіп жүрген жігіттерге көз үйренді. Бұлар – етек-жеңдері ұзын, жолақ­ты шапан емес, минимализм стилімен ұштасқан ұлт­тық бояуы бар киім-кешек­тер. Тұтынушының биік талғамын ескерген дизайнерлер де бәсе­келестіктің көшбасында. Отандық ісмер Мөлдір Алда­жарова қазіргі нарықта ұлттық нақышқа қызығушылық пен сұраныс күн санап артып келе жатқанын айтады.

«Маған тіпті қарапайым білім ошақ­­тарынан мектеп формасының нобайын жасап беріңізші деген ұсыныстар түседі. Олардың ең басты критерийіне қазақы элементті қосу кіреді. Бұл жаңа деңгейді көрсетеді. Түрлі іс-шараға да отандастарымыз ұлттық бояуы бар дүниелерді киюге тырысады. Қазір отандық дизайнерлер шетелге еліктемейді. Еліктеген­нің өзінде, негізгі идеясын, формасын алғанымен, өзіміздің сұранысқа бейімдейді. Өйткені қазіргі жастардың этностильге қызығушылығы басым. Трендте десем, артық айтқаным емес. Костюмнің жеңін, жағасын ою-өрнек­термен әсем­делгенін ұна­тады. Бұрынғыдай шапан­дары­мыздың өзі моншақпен емес, принтпен жасайды. Толық төрт мезгілге арналған бір­не­ше­ түрі бар. Сондықтан дизайнер­лер ата-баба мұра еткен ұлттық құн­дылықтарымызды зерделеп, оны заманға сай, өз туынды­ларына қосуға тырысады», деді Мөлдір Алдажарова.

Дизай­нер «Тек ою-өрнектерді орнымен көм­керу керек» екенін де айтып қалды.

«Мұны әсіресе тігіншілер, дизайнерлер толық игерсе деймін. Мамандығым киім дизай­не­рі болғандықтан, мен де әлі зерттеу үстін­де­мін­. Елімізге танымал бірнеше сән үйінде қыз­мет еттім. Осы нарықта бес жылдай тәжі­рибем бар. Ендігі мақсатым оюды өзім­ құра алатындай деңгейге жеткім келе­ді», дейді ол.

впр

Ұлттық ою-өрнекпен безендірілген киім­ тігумен айналысып жүргендердің та­ғы бірі – 17 жастағы Аяжан Арқашева. Бой­жеткен – әлеуметтік желіде трендке айнал­ған қазақы корсеттердің авторы. Жас­ дизайнердің ерекше стильдегі киімі ал­ғаш «TikTok»-қа жүктелгеннен-ақ 400 мыңнан аса қаралым жинап, көпті елік­тіріп әкеткен. Нәтижесінде, қыз-келін­шек­терден 100-ден аса тапсырыс түскен.

«Тігінмен 13 жасымнан айналысамын. Кейін Семейдегі Бизнес колледжіне модельер-конструктор мамандығына түстім. Алғашында фетрден қазақы жилеттер, кәжекей тігіп жүрдім. Алдымен бір жыл осындай киім тіктім, кейін шопперлерге көштім. Өзім суретін салып, өзім сәндеймін. Ол кезде шопперлерді эко-былғарыдан алғашқылардың бірі болып тіктім. Одан кейін тақия да­йындаумен айна­лыстым. Қазір 3-курста оқимын. Трендтегі этно-корсеттерді биыл қазан айында тігіп бастадым. Негізгі идея­ны «Pinterest» фотохостингінен алдым. Кейін корсеттің формасын түрлендіріп, яғни оның бауы, жалғайтын дөңгелек темірі, бантигі сынды фурнитураларын келістіріп, қазақы ою-өрнекке икемдеп, ыңғайлы етіп тігіп шықтым. Бастапқыда қиын болғанын жасырмаймын. Корсеттің темірлерін Семейде бір ғана адам жасады. Сәйкесінше, ол кісіде де тапсырыс көп. Сондықтан оны ұзақ уақыт күтуге тура келді. Сал­да­ры­нан бір корсетті дайындауға 3-4 күн ке­тетін. Бұлай жүруіме болмайды деп, Алма­тыдан корсет дайындауға керек құрал-сайманның бәрін сатып алдым. Тәуе­кел еткенімнің арқасында шағын кәсі­бім табыс әкеліп отыр. Ісім алға баса­ беретініне де сенемін. Өйткені қазір елі­мізде жастардың мұндай киімдерге қызы­ғушылығы басым. Сондықтан жаңа топта­мамды да шығарып үлгердім», деді А.Арқашева.

Қазір тіпті ине мен жіпті ырқына көн­ді­ріп, заманауи технологияны меңгерген ер-азаматтардың да қатары артып келе­ді.­ Мұнайлы өңірдің тумасы Бекзат Арыс­танов Х.Досмұхамедов атындағы Аты­рау­ университетінде бес жыл дизайнер ма­мандығын оқып шыққан. Бүгінде жас дизайнердің этностиліндегі туындылары нәзік жандарды басып озады.

«Қанша мамандық болса да, бұл өнер­ге деген сүйіспеншілігім ерекше.­ Сол үшін әлі күнге дейін киім тігіп, пішу­ден бір қадам да алыстамадым.­ Қазір веб-дизайнерлікті қатар алып­ жүрмін. Бұрын өңірде ұлттық киім­де­рімізге егде тартқан жандар, сахна жұл­дыздары ғана тапсырыс беруші еді.­ Қазір жастар да әр киіміне ұлттық коло­рит­­­ті қосқысы келеді. Ең­ кем дегенде қыс­қа­ ­жей­де­лерінің алдына қошқар мүйі­з­ді тіктіреді. Сұраныс берушінің көңі­лі­нен шығатындай тауар жасау үшін сүйіс­пеншілікпен, өнерге деген ыстық ықы­лас­пен жұмыс істеу қажет», деді ол.

Кәсіпкерлікті тіршілігінің тұтқасына айналдырған Әлішер Бақыт пен жұбайы Еркеназ Ақтілеуова да ұлттық баскиімді заманауи сәнмен үйлестіріп, этно-аксессуарға деген сұранысты арттырды. Жастардың «Moonshuaq» топтамасының ерекшелігі Абай атамыздың киген тақия формасына ұқсатып, қыздарға бейімдеп дайындалған. Әрі мұның авторлық құқығын заң жүзінде қорғап алыпты.

«Moon» – ағылшын тілінен аудар­ған­да­ «ай» деген сөз. Брендіміздің атауы­ «Айдың шуағы» дегенді білдіреді. Біз туын­­дымыздың ерекше болғанын қала­дық.­ Ескі мен жаңаның ортасын ізде­дік.­ Дизайны өзбекше сияқты болып кет­песін, түсі тым қанық болмасын деп­ те ойландық. Нәтижесі көпшілікке ұна­ды.­ Қазір ұлттық баскиімге сұраныс өте­ жоғары. Бүгінде жастардың талға­мы­ бөлек, минимализмге жақын бол­ған­дықтан, олар­дың қызығушылығын ке­ті­ріп алмауы­мыз қажет. Біз сол бағытта жұ­мыс істеп жатырмыз. Ұлттық аксес­суар­ ғана емес, ұлттық дүниенің бә­рін­ жаң­ғы­ртып, қазіргі заманға бейім­де­уі­міз­ керек. Өйткені мені «Бір ғасыр­дан­ ке­йін артымызда не қалады?» де­ген сұ­рақ­ толғандырады. Сатып алу­шы­ла­ры­мы­з­дың басым көпшілігі – 16-25 жас ара­лы­ғын­дағы қыз-келін­шек­тер», деді Әлішер Бақыт.

«Жас дизайнерлер бұрын қазақ­тың­­­ той-томалағында, наурыз мере­ке­сін­де ғана сандықтан шығатын, өнер­паз­дардың үстінен ғана көретін киім-ке­шек­ті күнделікті тұрмысқа бейім­деп, ішкі­ нарықты бір жандандырды. Бірақ қа­зір жастардың басым көпшілігі ұлт­тық­ киім-кешектерімізді, әшекей-бұйым­да­ры­мызды бұрынғыдай мән-мағы­на­­­сына зейін салып тақпайды», дейді этно­бұйымдар дүкенінің иесі Сымбат Аби­ло­ва.

«Талғамы биік халқымыздың тамаша қасиетін әйгілейтін нәзік жандарға арналған әшекей бұйымның түр-түрі бар. Біз сол бұйымдарды заман ағымына сай жаңғырту мақсатында құрбыммен «Sholpy store» дүкенін аштық. Біздегі бас­ты мақсат – қазақ қыздары­ның ұлт­тық нақыштағы бұйымдарға қы­­зы­­ғу­шылығын арттырып, әшекей бұ­йым­дардың қадір-қасиетін жас буын­ға­ жеткізу. Өйткені оның парқына ба­ра­ бермей, жарасып тұр екен деп, іле салатын жастар да бар. Мысалы, шеке­лікті таққан қыз-келіншектердің көп­ші­лігі оның түпкі идеясына назар сал­майды. Сондықтан әлеуметтік желіде әр бұйымның тарихы, қасиеті, ерекшелігімен үнемі бөлісіп отырамыз. Мәселен, қыздардың бұрымға тағатын әшекейі – шолпы. Бұл бұйым қызды сыпайылыққа үйретеді әрі көркіне әр беріп, әдемілігін айшықтай түседі. Оны таққан бойжеткеннің сыртта келе жатқанын үй ішіндегілері шолпының сыңғырынан естіп, үлкендер жинақтала бастаған. Сонымен қатар шолпы таққан бойжеткен оғаш қылық жасаудан аулақ болады. Өйткені оның сыңғыры оқыс қимылдарға тосқауыл. Нәтижесінде, қыздар денелерін тік ұстап жүрген. Біз ұдайы фотосессияға жасөспірім қыздарды шақырып, оларға осы әшекейлерді жіті түсіндіріп, мұны­мен­ күнделікті образдарды қалай толық­ты­руға болатынын көрсетеміз. Содан бо­лар, көп жағдайда ата-аналары хабар­ла­сып, өз қыздарына шолпы, шашбау, шекелік сияқты бұйымдарға тапсырыс береді. Жалпы, қазақ киімнің етек-жеңіне оқа тігетіні, кимешектің өңіріне, жақтауына кесте жүргізетіні, сәбидің, қыз баланың, сал-серілердің баскиіміне үкі қадайтыны – түркі-қыпшақ заманы кезінде туған дәстүр. Бұл қадам жын-перілерден, пәле-жаладан, тіл-көзден сақтайды деп сенген. Міне, осындай дүниетанымға негізделген ұлттық құндылықтар түпкі идеясын жо­йып алмауы керек», деді кәсіпкер.

Сәнге құмар бойжеткен Аружан Би­са­­лиева этностильдегі жейде, көйлек, та­қия енді трендтен қалмайтынына се­німді.

«Бояуы айшықты ұлттық киім­дерді тігу бір жағынан шығар­машылық ізденісті талап етеді. Қазір ұлттық киім­дер­ге деген сұраныстың нәтижесі ме, әйтеуір сапасы мен сәнділігі жағынан қолжетімді бағаға да табуға болады. Еуропалық брендтердің қатарына ілігетін күн де алыс емес-ау. Өйткені этномодернизм стиліндегі дизайнерлердің туындылары бір-біріне ұқсамайды. Креативке негізделген», деді А.Бисалиева.

Айтпақшы, Батыстың әйгілі бренд­те­рінің де назары кейінгі жылдары түр­кіге тән ою-өрнекке, дизайнына ауды. Мұны бүгінде Париж, Милан және басқа да жаһандық сән әлемінің аста­на­ларындағы топтамалардан байқауға болады. Олардың қатарында француздық «Balmain» және британдық «Alexander McQueen» бар. «Gucci»-дің де ерлер топтамасындағы пиджак жағалары оюмен көмкерілген. Сондай-ақ «Etro» сән үйінің 2022 жылғы «Ready to wear» көктемгі киім үлгісінің біразынан біздің ұлттық колоритті көре аласыз. Сырғалары да қазақы нақышта. Шапандары да қазіргі заманғы бұрымды бойжеткендеріміздің камзолдарына ұқсас.

Бұған қоса, әлемдегі ең танымал­  крос­совка бренді «New Balance» «киіз үй» деп аталатын жеке сериясын шы­ғар­­ды. Оның жарнамалары мен қорабы то­лық түркі халықтарына тән колоритпен безендірілген. «Hermes»-те 2017 жылы «Appaloosa des Steppes» атты мо­йынорағыш топтамасын шығарып, қазақы аудиторияны еліктірді. Өйткені онда аттың бейнесі мен ою-өрнек сурет­телген. Сол жібек орамалдар ұзақ уақыт бойы осы сән үйінің қолтаңбасы болды. Швейцария тауларындағы Санкт-Мориц курортында қазақы стильдегі «Louis Vuitton» бутигі де көпті сүйсінтті. Қызығушылыққа негіз болған дүкеннің экстерьері көшпенділердің баспанасы болған қазақ киіз үйінің стилінде салынған. Бутиктің уықтары бренд символдарымен әрленген, керегесі де солай безендірілген.

«Дәстүрлі ою-өрнек сәнде брендті өзге­шелеп тұрады. Сондай-ақ ол араға уа­қыт­ салып, әлемдік трендке енеді. Сон­дықтан жаһандағы қазақтың ұлттық айден­ти­касы жақсы табыс әкелуге сеп болады», дей­ді сән әлемінің танымал продюсері Роман Александров.