Қоғамдық ұйымның өкілі әскери бөлімнің медициналық бөлімшесіне ат басын тіреген болатын. Мұнда ол әскери өмір тазалығын, жайлылықты және алғашқы медициналық көмек көрсету үшін қажетті материалдар мен дәрі-дәрмектердің базалық жиынтығының бар екенін атап өтті. Әскери тәртіп шатырлы қалашықта да, әскерге шақырылғандарға арналған казармада да бірден көзге түседі. Жөндеу жұмыстарына байланысты мұнда қазіргі уақытта алты ай қызмет еткен сарбаздар орналастырылған.
Қоғамдық инспектор әскери қызметшілердің денсаулығы жақсы, әскери өмір салты ұнайтынын және олардың арасында келісімшарт бойынша қызмет етуді қалайтындар да бар екеніне көз жеткізді. Қазіргі әскерге келгендер негізінен Шымкенттен шақырылған жастар. Жігіттер қазірдің өзінде әскери өмірге үйреніп, осы бөлімге келгеніне дән риза. Демалыс күні олар театр, музей секілді қоғамдық орындарға барып, көңіл сергітіп тұрады.
Татьяна Тропина бұл жердегі сарбаздарға жасалған жағдайды асханадағы мәзір мен тағам сапасынан-ақ білуге болатынын атап өтті. Тамақтану жағына «Bouk ABL» серіктестігі жауапты. Рейдтің бастамашысы сарбаздар асханасына барып, түскі асқа дайындалған тағамдардың дәмін татып көрді. Бірінші асқа – қаймақ қосылған борщ, екіншіге – ет тұздығы қосылған пюре, тәтті шай, шие шырыны, алма және нан берілді. Татьяна Тропина атап өткендей, түскі ас дәмді, толтыра салынған тамақтар мен оның калория мөлшері жауынгерлердің дене дайындық белсенділігіне сәйкес келеді.
– Жалпы, осы әскери бөлімге барғаныма қуаныштымын. Офицерлерге, сержанттар құрамына және сарбаздарды тамақтандыруды ұйымдастырушыларға шағым жоқ. Бұл бөлім командирі майор Ернат Төлеуғұлов пен оның орынбасары подполковник Нұрлан Дүйсебаевтың іске жауапкершілікпен қарауының нәтижесі деп санаймын, – деді ол.
Сарбаз аналары комитетінің өкілі демалыс күні өз бастамасымен, алдын ала келісімсіз әскери бөлімге барғанын айта кеткен жөн. Сондықтан медициналық қызмет көрсету, тұрмыстық жағдайлар, бос уақытты ұйымдастыру және әскери бөлімдегі тамақтану сапасы туралы тұжырымдар мерзімді қызмет сарбаздарының демалыс күнгі тәртібіне негізделген.