Оған ҚР Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығы мен өңірлік қолбасшылықтарының баспасөз қызметтері мен ұйымдастырушы-тілшілері және ҚР Ұлттық ұлан академиясы өкілдері қатысты. Сондай-ақ басқосуда іргелі жоғары оқу орнының оқытушылар құрамы болды.
Практикалық сабақтар Мемлекет басшысының қоғамда және мемлекетте тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі идеялары төңірегінде жеке құраммен идеологиялық жұмысты жандандыру, сондай-ақ жаһандық сын-қатерлермен қазақстандық журналистиканың қазіргі заманғы проблемаларын зерделеу мақсатында өткізілді.
- Бүгінде Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің батылдығы мен жанқиярлығының оң үлгілері негізінде біз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеке құрамды жаңа қазақстандық патриотизм мен Отанға адалдық рухында тәрбиелеп отырмыз, - деді Ұлттық ұланның ақпараттық-баспа бөлімінің бастығы –«Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналының бас редакторы полковник Ерболат Сұлтанов.
Жиынның бірінші күні «Әскери қызметшілердің батылдығы мен ерліктерінің оң мысалдарында жеке құрамды тәрбиелеуде БАҚ ресурстарын пайдалану», «Facebook, Instagram және YouTube әлеуметтік желілерінде баспасөз қызметі офицерлерінің жұмысының инновациялық нысандары мен әдістері, жағымсыз және деструктивті элементтерге ақпараттық қарсы тұру»тақырыптарында дәрістер өткізілді. Онда жиынға қатысушылар Ұлттық ұлан туралы ақпараттарды интернетте таратуды ұйымдастыру мәселелерін талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Александр Рожков «Оқиғалық коммуникациялар және PR-ақпарат дизайны» тақырыбында дәріс оқыды. Ал «SMM-нің даму трендтері» тақырыбында дәрісті «sector X» радиосының PR-қызметінің жетекшісі Ануар Ушуров жүргізді.
Алғашқы күннің жоспарлы сабақтарынан кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өкілдері Ұлттық ұланның әскери журналистеріне студенттік қалашық аумағын аралатып, журналистика факультеті, мұражай және кітапхана бойынша таныстыру экскурсиясын өткізді.
Айта кету керек, 2022 жылдың қорытындысы бойынша республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында ҚР Ұлттық ұланы әскери қызметшілерінің қызметі туралы барлығы 9947 материал жарық көрген. Салыстырмалы түрде алар болсақ, 2021 жылдың көрсетілген кезеңінде түрлі БАҚ-та 4655 материал жарияланған.
Жиынның екінші күні әскери журналистерге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің Баспа-редакторлық және дизайн өнері кафедрасының аға оқытушысы ІзбасарТұрғынбаев «Цифрландырудың баспа-полиграфия ісіне әсері» жайлы лекция оқыды. «Шығыс» ӨңҚ-ның баспасөз қызметінің бастығы капитан Бағдат Амангелді «Әлеуметтік желілерде кезігетін ақпараттық қауіп-қатерді анықтау мен жою» тақырыбында сабақ өткізді. Сондай-ақ ол ақпараттық шабуылмен күрес барысында қолдануға болатын түрлі әдіс-тәсілдер жайлы ойын ортаға салды.
Жиын барысында ҚР Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығы мен өңірлік қолбасшылықтарының баспасөз қызметтері мамандары БАҚ саласындағы ҚР заңнамасы бойынша сынақтан өтті. Мұнда әскери журналистерге күнделікті өмірде кезігетін жағдаяттар мен салалық заңға қатысты сауалдар қойылды. Бұдан бөлек олардың өздеріне жүктелген міндеттері мен жауапкершіліктері сұралды.
Лектор Айман Қаймулдина мен Алма Кенжебекова әскери журналистерге Ұлттық ұланның әлеуметтік желідегі абырой-беделін қалыптастыру мен оны сақтап қалудың жолдарын көрсетті. Бұл журналистер үшін аса маңызды әрі қызу талқыланған кездесулердің бірі болды. Осыдан кейін жан-жақтан жиналған баспасөз қызметкерлері бір-бірімен тәжірибе алмасты. Олар былтыр және 2023 жылдың І тоқсанында атқарған жұмыстары жайлы есеп берді.
Мәселен, 2022 жылы ҚР ҰҰ Баспасөз қызметі еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарында 2 277 материал жариялаған. Ал «Орталық» ӨңҚ – 1893, «Оңтүстік» ӨңҚ – 1384, «Шығыс» ӨңҚ – 1109, «Батыс» ӨңҚ – 919, ҰҰ Академиясы – 408 материал шығарған.
Өңірлік қолбасшылықтардан келген мамандар биылғы І тоқсанда орындалған жұмыстармен де таныстырды.
«2023 жылдың 1-ші тоқсанының қорытындысы бойынша республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлік қызметі мен күнделікті тыныс – тіршілігі туралы 415 материал жарық көрді. Оның ішінде баспада – 87, (жазба, сұхбат, мақала, репортаж сияқты публицистикалықжанрлар) теледидарда – 39, ақпараттық агенттіктерде және әлеуметтік желілерде - 185 материал жарияланды», деді «Батыс» ӨңҚ баспасөз қызметінің басшысы капитан Ертуған Әубәкір.
Ұлттық ұланның ақпараттық-баспа бөлімінің бастығы – «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналының бас редакторы полковник Ерболат Сұлтанов ӨңҚ баспасөз қызметінің басшыларының баяндамасын тыңдап, олардың жұмыстарындағы олқылықтар мен жетістіктерге тоқталды. Сонымен қатар халықты «Ұлттық ұланның» қызметі жайлы ақпаратпен басылым беттерінде және интернет ресурстарында жиі әрі сапалы насихаттау керегін баса айтты.
Ерекше атап өтетін тағы бір жайт, жиын барысында өзге де мемлекеттік органдардан келген қызметкерлермен кездесу өтті. Алматы облысы полиция департаментінің ішкі және сыртқы коммуникация бөлімінің басшысы Ернар Сайділдин және Алматы қаласының Төтенше жағдайларларды жою басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау саласының майоры Гүлдана Нұрымбетова бастаған азаматтар өзара ықпалдастық жайын сөз етті. Сондай-ақ өзге құрылымдардан келген мамандар да жұмыс тәжірибелерімен бөлісіп, пікір алмасты.
Университет қабырғасындағы оқу-әдістемелік жиынның екінші күні Алматы телеарнасының ғимаратында аяқталды. Мұнда әскери журналистерді Алматы телеарнасының бас директорының орынбасары Ғазиза Жапарова мен арнаның ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар жобасының координаторы Шынар Сатыбалдиева қарсы алды. Ұлттық ұланның баспасөз қызметкерлері телеарна ұжымымен танысты. Арна қызметкерлері қонақтарға «Арнайы жобалар», «Дауыс жазу», «Монтаж жасау» және «Түсіру павильоны» секілді кабинеттері мен студияларын көрсетті. Әңгіме барысында әріптестік байланыс жасаудың маңыздылығы сөз болды.
«Әскери салаға қатысты ақпараттарды назарымыздан тыс қалдырмауға тырысамыз. Еліміздің әскери әлеуеті жайлы бізге келіп түскен ақпараттар негізінде сюжеттер көрсетеміз. Тапсырма бойынша да түсірілімдер жасаймыз. Баспасөз қызметкерлерімен байланысымыз жақсы. Оның ішінде Ұлттық ұланның баспасөз қызметінде атауға болады», деді Шынар Сатыбалдиева.
Осылайша үш күнге жоспарланған оқу-әдістемелік жиын жоғары деңгейде жалғасып жатыр. Жиынның соңғы күні «Бұқаралық ақпарат құралдарында патриотизмді насихаттаудағы әскери баспасөздің рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді.
Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ