Әне-міне дегенше суға шомылу маусымы басталады. Сондықтан еліміздің су айдындарында адамдардың қаза болуына жол бермеу үшін Төтенше жағдайлар министрлігі бүгінде азаматтардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешенін жүйелі жалғастырып келеді.
– Адам баласы үшін өмірінен артық ештеңе жоқ. Бірақ сол өмірін тәуекелге тігетіндер саны азаймай тұр. Әр шомылу маусымы басталар алдында барлық аймақта түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Суға батып кетудің алдын алу үшін бірнеше ережелерді қатаң ұстанған жөн. «Суға түсуге тыйым салынады» деген белгілер орнатылған жерлерде шомылуға тыйым салынады. Мәселен, жүзудің шекарасын белгілейтін қалқы белгілерден кейін жүзуге; жалған дабыл айқайларын беру; су айдындарын ластауға және қоқыстауға, кір жууға, шомылуға бөлінген орындар мен оған іргелес жатқан оның ішінде ағыспен 500 метрге дейін жағажайлардан жоғары аумақтарда көлік құралдарына от қоюға, жууға және жөндеуге, суға кіруге және алкогольді және есірткіге мас күйде шомылуға, тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде сүңгуге, балаларға ересектерсіз суға кіруге болмайды, – деді Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті Азаматтық қорғаныс іс-шараларын мемлекеттік бақылау басқармасының аға офицері Қуаныш Темірбеков.
Сондай-ақ білікті маман шомылуға рұқсат етілген нысандар бар екенін айтты. Қазір су объектілерінде жаппай демалуға, туризмге және спортқа рұқсат етілген 581 орын бекітіліпті. Оның ішінде 150 коммуналдық және 315 жеке жағажай, 53 иесі бекітілмеген, 63 спорттық және туристік мақсаттағы орын бар. Құтқарушылар қауіпсіз аймақтың санын 686-ға дейін жеткізуді көздеп отыр. Бұған қоса ол суға түсіп, заңды пысқырмағандарға айыппұл қарастырылғанын да тілге тиек етті.
– 2022 жылы ТЖМ, ІІМ, ЖАО және еріктілермен бірлесіп 68 180 рейд және патрульдеу жүргізілді. 16 562 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабы «Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзу немесе орындамау» бойынша 37 адамға айыппұл салынды. Айыппұл сомасы – 434 993 теңге. 2023 жылы азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері 422 625 теңге сомасына 21 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Басым көпшілігі тыйым салынған жерлерде шомылған. Қылмыстық жаза қолданылатын іс-әрекет белгілері болмаған кезде су айдындарында қауiпсiздiк қағидаларының сақталуына жауапты тұлғаның оларды бұзуы немесе орындамауы жеке тұлғаларға – 7, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 10, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 20, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады, – деді Қ.Темірбеков.
Айта кетейік, биыл қаңтар айынан бастап 50 адам құтқарылыпты. Оның 41-ін ТЖМ күштері, 8-ін куәгерлер, біреуін полиция қызметкері ажал аузынан алып қалған екен. Бірақ 2017 жылдан күні бүгінге дейін есепке алсақ, еліміздің су айдындарында 681 бала суға батып кеткен. Олардың басым көпшілігі 13-тен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер. Балалардың өлімінің негізгі себептері – жүзе алмау және ата-аналарының қарауынан тыс қалу.
Жалпы, мамандар оқыс жағдайдың алдын алу үшін ел азаматтарын уақытылы ақпараттандыруға назар салады. Мәселен, былтыр телеарналарда 800-ге жуық сюжет, радиода 4 400-ден астам баяндама, газеттерде 1 362 мақала және әлеуметтік желілерде 3 700-ден астам пост жарияланыпты. Мессенджерлер мен өзге де платформалар арқылы да тиімді қолданады. Әлеуметтің қауіпсіздік шараларын ескеруі үшін 130-дан астам тікелей трансляция жүргізілген. Ұйымдастырылған іс-шараларға 2,5 миллионға жуық отандасымыз қатысқан. Арасында 430 мыңнан астам бала да бар. Биылдың өзінде 7 425 жасөспірімге жүзуді үйреткен.