19 Шілде, 2014

Көрме

713 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Оған қатысушылар Кеден одағына дән риза Алматыдағы «Атакент» көрме аумағында «Атакент-Экспо» халықаралық көрме компаниясы мен Қазақстан Республикасының Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары қауымдастығының ұйымдастыруымен «Жиһаз және интерьер», «Сәулет және дизайн», «Орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі» атты халықаралық көрме өтті. Көрмеге Ресей, Австрия, Германия, Италия мен Қытай, Түркия сияқты 16 таяу және алыс шетелдерден келген компаниялар, 40-қа жуық алматылық кәсіпорындар өз өнімдерін қойды. Шамамен 130-дан астам кәсіпорын қатысқан көрме қазақстандық компанияларға жаңа байланыстар орнатуға және байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ, инвестиция тартуға мүмкіндік бере отырып, отандық жиһаз өндірушілердің ішкі және сыртқы нарықтағы орнын арттыруға, іскерлік ынтымақтастық көкжиегінің кеңеюіне ықпал етпек. atakent_03 IMG_0922 – Алматы экономикасының маңызды салаларының бірі – өңдеу өнеркәсібі, соның ішінде жиһаз бен ағаш өңдеу өнеркәсібі. Бұл саланы дамыту өнім сапасын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, сонымен қатар мегаполис пен жалпы Қазақстанның экономикалық өсу қарқынына ықпал ететін болады, – деді көрмені ашқан қала әкімі Ах­метжан Есімов. «Жиһаз және интерьер» көр­месінің басты мақсаты – озық тех­нологиялар мен жиһаз өнеркә­сі­біндегі жетістіктерді көрсету. Көрме барысында әртүрлі мо­ди­фикациядағы жиһаз бен бағыт­тарды, матрастар мен жатын бөлме жарақтарын, алуан түрлі қаптау материалдарын, фур­нитура және интерьердің сән элементтерін таңдау мүмкіншілігі ұсынылды. Оған алыс және жақын шетелдердің жетекші компаниялары қатысты. Атап айтар болсақ, «Олмеко», «Таволи-Трейд», «Свобода», «Қызыл октябрь», (Ресей), «Emdawood» (Әзер­байжан), «Бобрейскмебель», «Гомельдрев», «Прогресс» Го­мель жиһаз фабрикасы, «Писк­древ» холдингі (Беларусь), қазақстандық «Алматы-жиһаз», «Амина», «Айдар», «Пакс металл Қазақстан», «Arida», «Askona», «Grand», «Kinza» ЖШС, т.б. «Сәулет және дизайн» көр­месіне Польша, Беларусь, Қыр­ғыз­стан, сондай-ақ, Қазақстанның танымал дизайнерлері, сәу­лет­­шілері, декораторлары мен су­рет­­шілерін біріктіретін ұйым «Desiqn Ideas Club» Қазақстан Дизай­нерлерінің клубы сияқты компаниялар қатысты. «Орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі» көрмесіне ағаш өңдеу өнеркәсібіндегі озық техноло­гияларды меңгерген Италия, Қыр­ғызстан, Беларусь, Германия, Тайваньнан жетекші компания­лар келген. Олардың ішінде алғаш рет Саравак шта­ты­ның Индустриялық даму министрінің басшылығымен (Малайзия) ағаш өңдеу өнеркәсібі қауым­дас­тығы көрме шеңберінде Қазақ­стан мен Малайзияның ағаш өңдеу өнеркәсібі өкілдері ын­ты­мақ­тастығының іскерлік мәсе­лелерін талқылады. – 2011 жылы Қазақстан-Ре­сей-Беларусь Кеден одағының құрылуы көптеген кедергілерді жойды, – деді бізбен әңгімесінде Минскіден келген «Прог­ресс» ААҚ жиһаз фабрикасы бас директорының орынбасары Андрей Пескун. – Соның нәтижесінде Қазақстан нарығына Беларусь тауарларын жеткізу күрт ұлғайды. Осы үш жыл көлемінде тауар айналымы үш-төрт есеге артты. Бүгінгі күнге фабрика Қазақстанның 14 қала­сына өз өнімдерін сатады. Білуімізше, Беларусь тауарлары Қазақстанда үлкен сұранысқа ие. Бізде жеткізу жағынан еш кедергі жоқ, тұтынушылар риза. Өйткені, үш мемлекет арасындағы ынтымақтастық сауда-саттық жасауда жұмысымызды жеңілдетті. Өйткені, кеденнен тауар өт­кізу, құжаттарды рәсімдеуде кедер­гілер болып, көп уақыт жо­ғалтатынбыз. Сондай-ақ, бұрын­дары ҚҚС (НДС) тауарды алғанда төленсе, қазір тауар келгеннен кейін тоқсан күн ішінде төлеуіңізге болады. Кедендік баж салығын да алып тастады. Біздер тауарларымызды ҚҚС-сіз жібереміз, сатып алушы қазақстандық кәсіпкерлер ҚҚС-ты ғана төлейді. Пескун мырзаның айтуынша, Белоруссиядағы жиһаз шығаратын жетекші кәсіпорынның бірінен саналатын фабрика 1963 жылдан жұмыс істеп келеді. Бүгінде Ресей, Қазақстан, Тәжікстан мемлекеттерімен тығыз сауда-саттық байланыста. Қазақстан экспорт көлемінің 40 пайызын пайдаланатын тұрақты серіктесі. Соның негізінде жыл сайын тауар айналымы арта түсуде. Қазіргі таңда тек диванның 40 түрін, ал бір айда 4 мың бірлік жиһаз жасап шығарады екен. Беларусь жиһазының бренді Кеңес одағынан белгілі. Былтырғы өткен көрмеде алты әріптес тапқан. Сондықтан мұндай көрмелер тұтынушылар үшін де, өнім өндірушілер үшін де өте қажет шара. – Бізге неге Беларусь жиһазы ұнайды? – деді өзін Ләззат Арыс­танова деп таныстырған Беларусь жиһаздарын сататын «Э-Lira LTD GOLD» ЖШС-нің менеджері. – Өйткені, олар бірінші орынға сапаны қойып, құрал-жабдықтарды жаңартқанымен, бұрынғы Кеңес одағы кезіндегі технологияларды сақтап қалған. Украинаға, Ресейге қарағанда бұлардың өнімі­нің сапасы өте жоғары. Өйт­кені, оларда әлі күнге Техни­калық бақылау бөлімі (ОТК) жұмыс істейді. Бұл жүйе Ук­раина, Ресейде сақталмаған. Осы­­дан бес-алты жыл бұрын тұты­нушылар жиһаздың сұлу­лы­ғына қызығатын болса, қазір сапасына қатты көңіл бөледі. Біздер бұрын Қытай, Павлодар, Қырғызстанның жиһаздарын сатқанбыз. Шыны керек, үш-төрт жылдан кейін қайтадан сол клиент келіп, сапасының төмен екенін айтып, сенімсіздік білдіретін. Сондықтан нарықта тұрақты қалу үшін өз өнімінің сапасына жауап беретін зауыт, фабрикалармен жұмыс істеуді ұйғардық. Мәселен, «Прогресс» фабрикасы он жылға дейін өз тауарына кепілдік береді. Оның үстіне олардың өнімі әлеуметтік жағынан орта деңгейдегі сатып алушыларға арналған. Тұтынушыларға ұнайды. Айына бір жарым вагон, яғни шамамен 50-60 бірлік, яғни 5-6 млн. теңгенің тауарын сатамыз. Осыдан үш жыл бұрын «Э-Lira LTD GOLD» ЖШС-нің бас директоры Бағдат Бекетқызы Жиренбаева Мәскеуде өткен халықаралық көрмеде «Прогресстің» өнімдерін көріп, ұнатып, келісімшартқа отырған еді. Содан бері осы жиһаздарды сатумен айналысамыз. Жаман емес. Сонымен қатар, Ләззат құрбы­мыз алдымен бұдан үш жыл бұрын құрылған үш мемлекеттің Кеден одағына, жуырда қол қо­йыл­ған осы үш мемлекеттің Еура­зиялық экономикалық одақ туралы шартына қатысты үл­кен ризашылығын білдірді. Өйт­кені, кедендік кедергілерден құ­тыл­ған. Тіпті тауардың қайда келе жат­қанын біліп отыратын көрінеді. Ол сатушыға ыңғайлы. Мысалы, бұрын осы іс-шаралар бір жарым-екі ай көлемінде рәсім­­делетіндіктен тауарлары тау­сылып, салондары босап, клиент­терін жоғалтып алатын. Қазір тауарлары Қазақстанның шекарасына кірді дегеннен екі апта аралығында тұтынушыларға тапсырыс берген жиһазының дәл қай уақытта қолдарына тиетінін айта алады. Көрме жұмыс жасаған төрт күнде семинар, дөңгелек үстелдер өтіп, олардың шең­берінде мамандар жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібінің одан әрі даму жолдары жөнінде пікір алмасып, тәжірбие бөлісіп, бизнес-байланыстарын нығайтты. Ең бастысы, Алматыда жыл сайын дәстүрге айналған көрмеге қатысушылар сенімді серіктестер мен жаңа тұтынушылар табуда. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.