19 Шілде, 2014

Алтын діңгек

338 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларын қамтыған «Мерейлі отбасы» байқауының

Павлодар облысы бойынша жеңімпаздары

терентьев

Терентьевтер отбасы байқаудың бірінші бәйгесін алды

Энергетиктер әулеті

Ақсудағы «Еуразиялық энергети­ка­лық корпорация» АҚ-қа қарас-ты Ақсу жылу-электр стансасында Терентьевтер әу­летінің 6-шы ұрпақтары еңбек етуде. Вик­тор Терентьев пен оның ет жақындарын осы зауыт ішінен кездестіруге болады. Мә­се­лен, оның ұлы Александр энергоблок ма­­шинисі болса, інісі Александр мен оның әйелі Галина кислородтық стан­са­д­а жүйелеуші. Ал олардың ұлдары Ев­ге­ний мен келіндері Марина да осында жұ­мыс жасайды. Стансада еңбек ететін 6-шы ұрпақтың еңбек өтілдері 130 жылға жетіпті. – Біздің әке-шешеміз Иван Василье­вич пен Анна Нестеровналар 1958 жылы Ақсуға келді. Олар осы стан­саның құры­лысына қатысып, алғашқы қазығын қақ­қандар. Содан зейнет жасына шық­қан­ша стансаға еңбектерін арнады. Менің зайыбым Галина Васильев­на да 40 жыл осы стансада ең­бек етті. Қазір зейнетке шықты. Мен де 40 жыл бойы еңбек етіп келемін, – дейді Виктор Терентьев. – 70-жылдардың басында сол кездің жастары электроникаға құмар болып өстік қой. Қолдан темір-терсек сымдарын жинап, әйтеуір, бір ғажайып құрастырып шығатынбыз. Содан кейін теледидар жөндеуді үйрендік, ол кезде бұл өте қат мамандық еді ғой. Інім Александр екеуміздің стансаға келуімізге жол ашылғандай болды, – деп жалғастырды әңгімесін Виктор өткенді еске алып. Бүгінде Виктор мен Александрдың ұлдары Александр мен Евгений де өздерінің өмір жолдарын энергетика саласына арнауда. Аталары бастаған жолды әкелері, балалары, немерелері жалғастыруда деген сөз. – Біздің стансада жастар көп. Бәрі де біздермен бірге еліміздің электр энер­гиясын өндіру саласында еңбек ету­де. Сондықтан біздің еңбек орнымыз жа­сарып, жаңаруда. Елге әйгілі алып стан­сада жұмыс жасау – біздер үшін мақ­таныш. Оның үстіне еңбекақымыз да жоғары, әлеуметтік жағдайымыз да жақсы, – дейді Галина. Стансада жұмыс жасаудың қиын­дығы мен қызықшылығы қатар жүре­ді. Қазіргі кезде энергоблоктарды жаң­ғырту, жа­ңар­ту жұмыстары жүр­гі­зілу­де. Бұл жұ­мыс алдағы уақытта стан­са қуатын арт­тыра­­ды, экологиялық жағынан таза. Бұл жұ­мыстар өндірісті тоқтатпай-ақ жүргізілуде. Бұрын энергоблоктарды кілт­термен бұ­рап жүргізетін, қазір бәрін компьютер бас­қарады, –дейді Виктордың ұлы Александр. Ағайынды Вик­тор мен Алек­­сандр нағыз балықшылар кө­рі­неді. Су жа­ғасында тынығып, ертесіне стан­са­­ларына қарай асығады. Бұл күндері Те­­­рен­тьевтердің немерелері – болашақ энер­­­гетиктер өсіп келеді. Ақсу қаласы.

Каббасовтар отбасы

Қаппасовтар – екінші орын иегері

Өмірлік мұраты өнермен үндескен

Бұл күндері елге белгілі өнерлі отбасы Қаппасовтардың әкелері Бәстеми марқұмның да қолынан домбырасы түспеген көрінеді. «Ауылдағы жиын-тойдың көркі еді», – деп еске алады ауылдың байырғы тұр­ғын­дары. Ол Ертіс ауылының қызы Көкен­мен отау құрып, дүниеге 11 бала келеді. Осы 11 баланың үлкені Жастілек марқұмның соңында төрт ұлы, бір қызы қалады. Жастілектің тоғыз немересі өсіп келеді. Одан кейінгі Нағима Астанада тұрады, бес немересі бар. Қайрат пен Асылбек Тереңкөл ауылында тұрады. Бірі – мал дәрігері, бірі – мұғалім. Екеуі де балалы-шағалы, Айсұлу да Тереңкөл ауылында тұрады, ауруханада медбике, бір ұл, бір қыздың анасы. Күнсұлу мұғалім, ұлы бар. Қайыртас Жасқайрат ауылында тұрады, музыка пәнінің мұғалімі. Немерелі. Нұрсұлу да мұғалім, екі ұлы бар. Ерболат өрт сөндіруші қызметінде, екі баланың әкесі. Жанболат музыка пәнінің мұғалімі, балалы-шағалы. Бірі әнші, бірі домбырашы, күйші, жыршы Қаппасовтар Тереңкөл ауылында 1988 жылы отбасылық ансамбль құрады. Ансамбль құрылған күннен бастап түрлі іс-шараларға – Майра Уәлиқызының 95 жылдығына орай Республикалық әншілер байқауына, Сұлтанмахмұттың – 100, Естай ақынның – 120, Байғабыл ақынның 100 жылдық тойларына шақырылады. Ең бір өмірлік естелік болып қалғаны – Семей даласында өткен Абайдың 150 жылдық ғасырлық тойына қатысып, ән салғандары. Міне, содан бері ауыл-ел арасында «Жарасымды жанұя» аталған Қаппасовтар отбасылық ансамблі 30 жылдай өнер жолында, ән құшағында келе жатыр. Аудан, облыстағы барлық мәдени шараларға қатысады. Ансамбльді құрған Жастілек – әнші, термеші, суырып-салма ақын, «Шаңырақ» ұлттық мәдени шығармашылық орталы­ғы­ның жанынан құрылған «Жас толқын» жас ақындар мен термешілер үйірмесінің жетекшісі болды. «Өмір күрес», «Ағалар», «Ертіс еркесі», «Туған жерге де­ген сағыныш», «Асыл ана», т.б. көп­теген өлеңдері бар. Жастілектің бір­неше өлеңіне ән жазылып, ел арасына тарады. Өмірінің соңғы жылдары ан­самбльдің жетекшісі болды, өкінішке қа­рай, ұлт өнерін сүйген асыл аға 2001 жылы тамыз айында кенеттен қайтыс болды. Ағаларының орнын басып әнші Асылбек жүр. Ол аудандық мәдениет үйінде «Жігіттер» тобының көркемдік жетекшісі. Ал, Қайыртас аудандық мәдениет үйінің директоры. 2003 жылы Тараз қаласында өткен Кенен Әзірбаевтің «Шырқа дауысым» атты 4-республикалық жыршы-термешілер байқауына қатысты. Ерболат домбырашы, Жанболат облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығының орталығында «Шаңырақ сазы» ансамблінің бас домбырашысы, «Әл – әки» халықтық фольклорлық ансамблінің мүшесі. Қаппасовтар үшін өнер жолы – қасиетті жол. Ол жолмен ата да, әке мен бала да жүрді. Оны әрі қарай жалғастыру енді немерелер үшін парыз деп санайды. Қашыр ауданы. бакриденов

Бахриденовтер отбасы екінші жүлдеге ие болды

Әкенің ісі  – балаға үлгі

Ақсу қаласында тұратын Қы­дыр­бай мен Ғалиба – үш бала тәр­биелеп өсірген, ұлдарын ұяға, қызын қияға қондырып, олардан немере-жиен сүйіп отырған бақытты жандар. – Өндіріс орындары қаптаған қалада тұрған соң, араласатын ортам, достарым түгелімен металлургтер, кеншілер, энергетиктер. Маған да кейіннен «неге үйдің қасындағы өндіріс­те жұмыс жасамасқа» деген ой келді. Содан Ресейдің Новокузнецк металлургиялық институтына сырттай оқуға түс­тім, – дейді Қыдырбай аға. Тағдыр денешынықтыру пәні­нің мұғалімін 1976 жыл­дың ақ­пан айынан 2013 жыл­дың ақпан айын­а дейін бір ғана өндіріс орны – Ақ­су ферро­қорытпа зауытында ең­бек етуге бұйыртыпты. Бұл күн­­дері Қыдырбай Бахриденов  зей­нетке шыққан, зауыттың бел­сен­ді ардагер металлургі деген абы­рой-атаққа жеткен жан. Ең­бек ма­рапаттарының өзі бір төбе. Сту­дент кезінде танысып, үй бол­ған сүйікті жары Ғалиба да өмір бойы мектепте қызмет етті, жүз­деген шәкірт­терге білім берді. Қыз­дары Гүлмира әке жолын қуып, бір кез­де әкесі сабақ берген дене­шынықтыру техникумында оқып, «Денешынықтыру пәнінің мұ­ғалімі» деген мамандық алып шық­­қан. 2007 жылы ол да әкесінің соқпағын басып, бірақ Ресейде емес, Темір­тау­дағы уни­верситеттің «Қара және түсті металлургия» кафе­д­ра­сында оқып, «Инженер-метал­лург» деген мамандық алып шы­ға­ды. Бұл күндері Гүлмира металлургия саласы бойынша Ақсудағы колледжде сабақ береді. Ұлдары Рүстем инженер-металлург, Қарағандыдағы Хи­мия-металлургия институтын бітірген. Мәскеуде металлургия саласы бойынша жоғары мек­­тепте оқыған. Әке жолын қуып ферроқорытпа зауытына кел­ді, қарапайым жұмысшы баспал­дағынан өтіп, цех басқар­ды. Қазір зауыттағы №2 цехты бас­қарады. Әкелері сияқты Рүс­тем де спортшы, зауыттағы баскетбол командасының капитаны. Екінші ұлы Дамир да облыс орталығындағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы универси­тет­тің металлургия кафедрасын бітіріп шықты. 2006 жылдан бері ферроқорытпа зауытында жұмыс істейді. Келіндері Ирина Петровна зауытта жұмыс жасайды, спорттың шаңғы тебу түрінен спорт шебері. – Біздің металлургтер әу­ле­т­і­нің жолын болашақта неме­ре­лерім жалғастырады, зауыт, өндірістің аталары жүрген та­бал­дырығы оларды шақырып тұратындай, –дейді Қыдырбай аға. Ақсу қаласы. Ташимов

Тәшімовтерге үшінші жүлде берілді

Өнегелі отбасы

Тәшім ата есімі Екібастұздың Ақкөл-Жайылма өңіріне ежелден белгілі. Атақты Түйте әулиенің ұрпақтары. Тәшім ата Уфадағы әйгілі Ғалия мед­ресесінде білім алған. Тәшімнің ұлы Зәкен 41-дің соғысын көрген. Оның жары Зикен апа Естай ақынды көзі көрген, балуан Қажы­мұқан бабамызға өз қолымен шай құ­йып, үлкен шаңырақта қонақ етіп, сый-құрмет көрсеткен екен. Со­ғыс кезінде тылда еңбек еткен, 6 бала­ны дүниеге әкелген Зикен апа 2010 жылы 103 жасында өмірден оз­ды. Биыл өткен «Мерейлі отбасы» са­йы­сына қатысқан Қабдолла – осы Зә­кен ата мен Зикен апаның отбасында өмірге келген кенже бала. Көрші қыз Қымбатпен отбасын құрған. Қабдолла бір көзі көрмесе де, еңбектен қол үзбеген жан. Күні бүгінге дейін «ЗиЛ» көлігінен түскен емес. Үлкен қызы Самал Тәшімова облыс орталығындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы гимназия-интернатында оқып жүр­ген кезінің өзінде «Балау­са», «Хрустальный звон», «Айна­лайын, Ертіс-97» бай­қау­ларына қатысып, жүлделі орын­дарға ие болған. Қазір Солтүстік Қазақстан об­­лысында Сәбит Мұқанов атын­да­ғы драма театрының актрисасы. Қабдолланың екінші қызы Қар­лы­ғаш Екібастұз ІІБ ақпа­раттық-са­рап­тамалық тобы­ның аға инспекторы қызметін атқарады. 25 жасын­да «полиция капитаны» шеніне ие болған. Шымкент қаласындағы Бауыр­жан Момышұлы атындағы заң колледжінде, Алматыдағы заң ака­демиясында білім алған. Жұбайы Азамат жол полиция­сында қыз­мет етеді. Екеуінің Темірлан атты ұл­дары өсіп келеді. Қабдолла мен Қым­баттың шаңырағына ие болған ұл­дары Азамат педагогикалық инсти­тутты денешынықтыру және спорт пәні­нің мұғалімі мамандығы бо­йын­ша бітірді. Жас кезінен спортты сү­йіп өскен ол самбодан, қазақ­­ша күрестен, бокстан талай чем­­­пио­­наттарға қатысып, жүлделі орын­дарға ие болды. Бүгінгі таңда Темір­жол ауылындағы Майқайың орта мек­тебінде денешынықтыру пәні­нің І дәрежелі мұғалімі. Жары Гүл­жа­һан екеуі­нің Асылжан мен Ар­нұры ата-әже­сінің де көз қуанышы. Гүл­жаһан Құлакөл ауылдық клубында мәде­ниет қызметкері. Қабдолла мен Қым­бат Тәшімовтер тәрбиелеген үш бала елі­міздің ертеңі үшін еңбек етуде. Құлакөл ауылы. стагулов

Смағұловтар да үшінші орынды иеленді

Ата жолын қуып...

Соғыс және ішкі істер сала­сы­н­ың ардагері Қалиақпар Смағұлов­тың үлкен өмір жолы бүгінгі ұр­пақ­тарына үлгі. Милицио­нер Қалиақ­пар ата 40 жылдай қауіпсіздіқ қызметінде, ішкі істер саласында еңбек етті. Сүйген жары  Раиса екеуі 5 ұл, екі қыз өсірді. Әке-шешелерінің соңында қалған Қали, Мұхтар, Майдан және олардың балалары әке жолын қуып ішкі істер саласында еңбек етуде. – Әрқашанда әділ болыңдар.Алдарыңа қойған мақсатты орындай біліңдер дейтін әкеміз. Мен де, менің інілерім де өмір бойы әкеміз аманаттап кеткен тәртіп уәдесінен шыққан жоқпыз. Бұл бізге берілген бұйрық, – дейді Қали Смағұлов. Қали 1967 жылы Омбыдағы жоғары милиция мектебін бітіріп Павлодарға оралады. Дәл сол кезде облыстағы Ертіс ауданының бір совхозында директорды өлтіріп кетеді. Әріптестерімен жете жедел жүргізілген қым-қуыт оқиғада қыл­мыскер табылып сотталды. Қали Смағұлов та қылмысты іздес­тіру жұмыстарына қатысады. Қали Смағұлов қазір зейнет демалысын­да, ішкі істер саласындағы қыз­метін ұлы Рүстем мен қызы Ай­гүл жалғастыруда. Атадан әкеге, ба­лаға, немереге жалғасқан Сма­ғұлов­­тар әулетінің ішкі істер сала­сын­­дағы қызметтеріне 163 жыл толып отыр. ПАВЛОДАР. Мақалалар топтамасын әзірлеген «Егемен Қазақстан» газетінің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Фарида БЫҚАЙ.