Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Әрине, облыс құрылғаннан бері бұл бағытта еш жұмыс жасалмады деуге болмайды. Әсіресе Ұлытау облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы жүйесінде санитарлық авиацияның жұмыс істей бастағанын естіген елдің көңілі бір көтеріліп қалды. Бір ғана мысал, жыл басында облыстық көпсалалы ауруханада бүйрек ауруымен емделіп жатқан баланың жағдайы әлсірей бастағанда, санавиацияның күшімен Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына жеткізілді. Бұдан кейін де санавиация өз тиімділігін бірнеше рет байқатты.
Сол сияқты Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес Жезқазған қаласындағы облыстық көпбейінді аурухана жанынан ақпан айынан бастап Ұрықты қорғау орталығы ашылды. Бұл да өңір үшін өте қажетті орталық еді. Өйткені ана мен бала өліміне жол бермеу керек. Бұрынғы облыстық тубдиспансер, кейін фтизиопульмонология орталығына айналып, Ұлытау облысының туберкулезбен ауыратын кісілері Қарағандыға шұбырып, ыңғайсыздық туындаған еді. Бұл науқастардың ғана емес, сол орталықтағы медициналық қызметкерлердің де алаңдаушылығын тудырды. Өйткені жабылу қаупі туындады. Бұл мәселеге облыс басшылығы шұғыл араласып, қазір туберкулез аурулары қайтадан бұрынғы тубдиспансерде емделетін болды.
Сондай-ақ өткен жылдың соңында облыстық жедел жәрдем стансасы жаңадан 5 автокөлікпен толықты. Енді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен 5 реанимобиль алынбақ.
Өңірдегі денсаулық саласын жаңа сапалы деңгейге көтеру Үкімет мақұлдаған «Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарының» орындалуына байланысты болмақ. Өйткені осы кешенді жоспардың 19 жобасы нақ біз сөз етіп отырған саланы қамтиды. Ең бастысы, бұл жобалар өңірдегі медицина мекемелерінің инфрақұрылымын жаңарту мақсатын көздейді.
Республикалық және жергілікті бюджет арқылы Жезқазған қаласында перинаталдық орталық салу, Қаражал қаласының орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу, Жаңаарқа ауданының орталық аудандық ауруханасының ғимаратын толықтай қайта жөндеу арқылы оны көпсалалы аймақтық ауруханаға айналдыру, ішінара жеке инвестиция тарту мүмкіндігін пайдаланып, Ұлытау ауданының орталығында бір ауысымда 100 адам қабылдайтын емхана мен 20 төсектік стационары бар орталық аурухана салу, Жезқазған қаласындағы перзентхана ғимаратын облыстық балалар ауруханасына айналдыру, тағы басқа жобалар бар.
Жоғарыдағы жобалардың санына қарап-ақ өңірдегі медициналық ахуалды бағамдау қиын емес. Жобаның аты – жоба. Жоспарланған нәрсенің бәрі орындала бермейтіні бар. Сондықтан нақты жағдайға назар аударған абзал. Қазіргі кезде облыс аумағында мемлекеттік нормативке сәйкес қызмет көрсететін 37 медициналық ұйым бар, мұның 16-сы – мемлекеттік, 21-і – жекеменшік. 11 амбулаториялық-емхана болса, мұның екеуі ғана – мемлекеттік, қалғаны – отбасылық денсаулық орталықтары. Облыс бойынша 1 облыстық көпбейінді аурухана, 2 жекеменшік стационар, 2 қалалық аурухана (Сәтбаев, Қаражал қалалары), 2 аудандық аурухана (Ұлытау, Жаңаарқа аудандары), 1 кенттік аурухана (Жәйрем кенті), сонымен қатар
2 диспансер, яғни облыстық фтизиопульмонология және облыстық психикалық денсаулық орталығы, облыстық жедел медициналық көмек қызметі, ЖИТС орталығы бар. Бұларда барлығы 601 дәрігер, 2 305 орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Бары осы, ал жетіспейтіні қаншама?
Маман тапшылығы қазірдің өзінде қос өкпеден қысып тұр. Айталық, облыс бойынша 66 маман жетіспейді. Соның тең жартысы облыс орталығындағы медициналық мекемелерге керек екен. Өйткені жоспарға сәйкес жаңадан ашылатын облыстық мәртебесі бар емдеу орындарына да мамандар тарту оңай бола қоймайды.
Медициналық мекемелерді тиісті мамандармен қамтамасыз ету – өте өткір мәселелердің бірі. Қазіргі уақытта резидентурада оқитын 17 маманмен жергілікті бюджет қаражаты есебінен үшжақты шарт жасалды. Осы мәселені қолдан келгенше шешу мақсатында жергілікті атқарушы органдардың 2023-2025 жылдарға арналған бюджетінен еліміздің түрлі жоғары оқу орындарында 66 резидентті оқыту жоспарланды. Мамандар ертең ғана емес, бүгін де керек. Сондықтан керекті мамандарды тарту мақсатында олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге ерекше мән беріліп жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарға берілетін көтерме төлемақы көлемін көбейту, оларды тұрғын үйлермен қамту туралы ұсыныстарды облыс басшылығына ұсынды. Биыл өңірге 20-ға жуық маман келеді деп күтіліп отыр. Бір атап айтарлығы, өңір жас мамандарға ғана емес, тәжірибелі дәрігерлерге де зәру. Өйткені бұрынғы білікті мамандардың көпшілігі зейнет демалысына шығып кетті, Астана, Алматы, Қарағанды қалаларына кетіп қалғандары да бар. Енді сол олқылықтың орнын толтыру керек.
«Облыстың денсаулық саласындағы өзекті мәселелердің бірі учаскелік жергілікті емдеу ұйымдарын қаржыландыруға қатысты болып тұр. Өйткені аталған ұйымдар тығыздық коэффиценті негізінде қаржыландырылады. Жаңа облыстың құрылуына байланысты Жезқазған қаласы бойынша тығыздық коэффициенті 2022 жылға қарағанда төмендетіліп, 1 коэффициент деп белгіленген. Соның салдарынан қаржыландыру да өзгерді. Ал бұл өз кезегінде Жезқазған қаласындағы бір отбасылық денсаулық орталығының жабылуына әкеліп соқтырды. Сол сияқты тығыздық коэффициентінің төмендетілуіне байланысты амбулаториялар мен емханалардың қаржыландырылуы қажетті деңгейден аз, жеткіліксіз. Бұл облыс орталығындағы көңіл күйге кері әсерін тигізіп жатыр. Үкімет биылдан бастап медицина қызметкерлерінің айлығын 30%-ға көтеру туралы қаулы қабылдады. Бірақ қаулының белгілі бір талаптары бар. Ал Жезқазғандағы аталған медициналық ұйымдар сол қаулының талаптарын орындай алмай отыр. Сондықтан біз Денсаулық сақтау министрлігі нақты жағдайды ескере отырып, оң шешім қабылдайды деп үміттенеміз», дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ләззат Ранова.
Бұл салаға қатысты кейбір мәселелер жергілікті жерлердегі жауапты тұлғалардың асығыстау, біржақты қабылдаған шешімдерінің салдарынан да туындап отырғанға ұқсайды. Мысалы, Сәтбаев қаласында кезінде ауызекі тілде «медсанчасть» атанып кеткен, негізінен «Қазақмыс» корпорациясы жұмыскерлеріне қызмет көрсететін медициналық-санитарлық бөлімше болатын. Лазермен операция жасау бұрынғы Жезқазған облысында ең алғаш нақ осы емдеу мекемесінде іске асқан еді. Бірнеше бөлімшесі, білікті мамандары бар мекеменің қазір тек аты ғана қалды. Сәтбаевтың негізгі тұрғындары кеншілер. Барлық шахта қалаға жақын орналасқан. Өндірістік жарақат алатындай жағдай туындаса, жақын жерден жедел жәрдем көрсетуге медициналық-санитарлық бөлімшенің травматологиялық бөлімшесі өте қолайлы еді. Қазір бұл бөлімше жабылған. Сондықтан да кеншілер тарапынан сол жабылған бөлімшені қайта қалпына келтіру туралы талап үнемі қойылып келеді. Бірақ бұл талап орындалмайтын тәрізді. Өйткені облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Л.Ранованың айтуынша, 1974 жылы пайдалануға берілген медициналық-санитарлық бөлімше ғимараты заманауи талаптарға сай травмотология бөлімшесін ашуға сәйкес келмейді екен. Осындайда «Бұдан бұрын салынған ғимаратта қалалық орталық аурухана қалай жұмыс істеп тұр? Сәйкес келмейді деп жауып тастай салғанша, заманға сай жөндеу жұмыстарын жүргізуге болмай ма екен?» деген сұрақтар да туындайды.
Жалпы, Ләззат Нәбиқызы қазіргі медицинада жедел жәрдем көрсету технологияларының дамып кеткенін, егер қажеттілік туындаса, жол үстінде де қажетті алғашқы жедел медициналық көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылған заманауи реанимобильдердің Жезқазған медициналық орталығында жеткілікті екенін айтады. Бұл сөздерден кеншілер талап етіп жүрген травматологиялық бөлімшенің ашылмайтыны айтпаса да түсінікті емес пе?
Сәтбаев қалалық ауруханасының өзінде де травматологиялық бөлімше жоқ, пункт қана бар. Мұны айтасыз, Сәтбаев қаласында ересектерге арналған жансақтау бөлімі болғанымен, балалар жансақтау бөлімі жоқ. Өйткені тиісті маман табылмай тұр. Мұндай жоқтарды тізе берсек, табыла береді. Медициналық айықтырғыш, есірткіге тәуелділік, маскүнемдікке ұрынған науқастарды еркінен тыс емдеуге арналған емдеу-профилактикалық мекемесі де керек. Мәселені айту оңай, шешімін табу қиын. Бұл орайда жаңа облыстың денсаулық саласын реттеу көп күш-жігерді, қажырлы іс-қимылды қажет етеді.
Ауруды емдеуден гөрі, алдын алған абзал. Осы орайда облыс халқын диагностикалау және емдеу сапасын арттыру мақсатында республикалық және жергілікті бюджет есебінен жалпы сомасы 2,9 млрд теңге тұратын осы заманғы 170-тен аса медициналық техника сатып алу көзделіп отыр. Бұл – әрине, сүйінішті жайт.
Дегенмен нақ қазіргі кезде Ұлытау облысы денсаулық саласының «сай-сүйегі сырқырап тұр» деп диагноз қоюға болады. Бұл алдағы уақытта қатаяды, нығаяды деп сенеміз. Министрлік тарапынан жаңа облыстағы жағдайға арнайы бір талдау жасалып, қосымша нақты іс-шаралар қабылданып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Қалай болғанда да, ендігі жерде сырқырап тұрғанға ем табылар деп үміттенеміз.
Ұлытау облысы