Алматы ОКА-сының нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі өткізген отаның нәтижесінде бітелген тамырдан айналып өтіп, ми артериясындағы қан ағысын қалпына келтіруге мүмкіндік туды. Дәрігер самайүсті мен мидың орта тамырының арасына анастомоз қояды. Мұндай ота май түйіншектің пайда болуы салдарынан бас ми артериясының тесігі симптомдық бітелуі байқалатын науқастарға жасалады.
Асқан шеберлікпен жасалатын ота тек қана микроскоп астында жүреді, өйткені тамырдың диаметрі 0,1 -0,15 см-ден аспайды, осы майда тамырды 10-12 жерден тігу керек.
Атырауда бұрын-соңды жасалып көрмеген мұндай ота түрлері «Совминде» көп жылдан бері жасалып жүр. Ендігі жерде Марат Саршаевтың шеберлік дәрісінің арқасында өңірде осындай ота жасау жолға қойылмақ.
Сонымен бірге Атырауда алғаш рет тізе мен жамбас буынын ауыстыру отасы да жасалды. Бұл отаны атқарған ОКА травматология және ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі Сәкен Молдағалиев айтуынша, қазірге Атырауда осы отаны жасайтын мамандар мен қажетті жабдық жоқ.
«Буын ауыстыру отасы бізде 15 жылдан бері жасалынып жатыр. Атырауда да мұндай отаны жасатуды күтіп жүрген кісілердің қатары бар. Технология дамыған қазіргі заманда сынған сүйек пен тізені емдеу бұрынғыдай қиын емес. Израильдегі мамандар тіпті, сүйек пен бұлшықетті қолдан өсіруді үйренген, яғни сүйек пен бұлшықетті толықтай жасандыларымен алмастыратын күн де жақындап келеді. Біз де осы үдерістен қалыс қалмай, үйреніп, тәжірибеге ендіріп отырмыз», дейді мамандар.
Әр аймақта өткізіле бастаған Президент істері басқармасының Медицина орталығы күндері озық медицина жетістіктерін баршаға қолжетімді ету мақсатында ұйымдастырылып жүр.
Ал Атырауға тек «Совминнің» атынан травматология және ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі Сәкен Молдағалиев, нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Марат Саршаев, гинекология бөлімшесінің меңгерушісі Шолпан Әлиева, онкохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Ғалия Хорошаш, ақылы медициналық қызметтер бөлімшесінің меңгерушісі Дилярам Разиева, нейрохирург Дәулет Сүйембетов, невролог Ақерке Тәуірбекова, гастроэнтеролог Ләззат Қазанбаева аттанған еді.
Осылайша алматылық мамандар Атырауда тізе буыны артроскопиясы мен эндопротездеу, жатыр мен жатыр айналасына лапороскопиялық араласу, экстраинтракраниалды микротамырлық анастомоз, лапароскопиялық адреналэктомия оталарын жасап, пациенттерге кеңес беріп, әріптестеріне де дәрістер жүргізді.
Алматы