19 Шілде, 2014

Аманат арқалаған ана, айтылмаған батыр

683 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
женис-70Облыстық «Атырау» газетінің меншікті тілшісі (1970 – 2008 жылдар) бола жүріп, көрші Астрахан облысының қазақтар көп тұратын төрт ауданын қамтитын үл­кен міндет арқалаған кезім-тұғын. Онда Мәжіліс Өтежанов есімді ақын және жур­налист жігітпен танысқанмын. Мә­жіліс ол кезде Володар аудандық «Заря Каспия» газеті редакциясында және Астра­­хан облыстық «Волга» газетін­де өңір­дегі барлық қазақ ауылдарын қамти­тын меншікті тілші екен. Астрахан өңі­рін екеуміз көбіне қосылып аралайтын бол­ған­быз. Ол жергілікті жерді және адамдарын таниды, көлікпен жүру мәселесін шешеді. Бір күні ол маған телефон шалды. «Осылай да осылай, анау Жоғары Басқұншақ стансасы қасында бір батыр шопан Untitled-цв1тұратынын білдім. Кел, екеуміз ол кісіге бірге барайық», деп тұр ақын жігіт. Әрине, Ресейдегі шопанды ол жолы жазбайтыным белгілі болса да жер көріп, ел аралап келуге қызығып, келісімімді бердім. Бұл 1974 жылдың наурыз айының іші-тұғын. Мен Астраханға бардым. Мәжіліс екеумізге пойызға Жоғары Басқұншаққа билет алып қойыпты. Сонымен не керек, жергілікті жігіттердің көмегімен атақты батыр шопан Сақап Қызылов деген ағамыздың төрінен бір-ақ шықпаймыз ба? Қайран қазақтың дархандығы-ай дерсіз. Маған қайдан жүрсің, қайдан келген адамсың деп жатқан ешкім жоқ. Қой сойылды, оның басы маған ұсынылды. Оны жасаттырған да Мәжіліс марқұм еді. «Мына Рекеңнің менен бақандай төрт жас үлкендігі бар, оған қоса, халқымыздың қарашаңырағы Қазақстаннан келіп отыр. Сақап аға, сіздің рұқсатыңызбен мына бас­ты қашықтан келген қонаққа жолдайық», деп әбден жетістіріп салды. Сақап Бәкуұлы сол жылы алпыс жасқа аяқ басып отырған тұсы екен. Ірі дене­сі әлі жинақы, салмақты, мінезі ашық, әң­гі­меден көп тартынған жоқ. «Кәне, Сақап аға, анау сойылып жатқан қойыңыздың еті піскенге дейін біз де арнап келген шаруамызды бітіріп алайық. Отан соғысынан «Даңқ» орденінің үш дәрежесін бірдей тағып келіп, тым-тырыс қой бағып қалғаныңыз қиын екен. Мақұл, ептеп-септеп зейнетке шыққалы отыр екенсіз. Соның алдында мен сіз туралы жазып, анау орыс ағайындарға таныстырайын. Бізде қазақ тілінде шығатын газет жоқ қой. «Волгадан» оқырсыз. Ал мына Рекең Қазақстанға таныстырамын десе, өзі біледі», – деп Мәжіліс Өтежанов жүйрік тілімен сайрай жөнелді. Сақап тартынған жоқ, өзіне қойылған сұрақтарға орай әңгіме өргізді. Ол тұста мен бұл кісі туралы жазамын деген ойда болмаған едім. Өйткені, ол Ресей азаматы саналады ғой. Сонда да батыр ағамыздың айтқандарын қойын дәптеріме жазып алғаным енді кәдеге асып отыр. Азғырдан шыққан батыр 1914 жылы Лабай ауылдық кеңесінде туыпты. «Жоқ­­шылық көрдік, ата-анадан ерте айырылдық, күнелтістің қамын ойлап, Ресей жаққа ауып кеттік», – деген еді ол. Енді лейтенант Сақап Қызыловтың жауынгерлік жолдары былай жазылады. Ол 1937 жылы әскери борышын өтеуге шақырылады. Орысша жақсы білетін және дені сау, қуатты жігітті бірден танкішілер құрамына қосады, осы салада ол взвод командирінің орынбасары болады. 1939-1940 жылдарда Финляндиямен болған соғысқа қатысады. Ұлы Отан соғысы жылдарында Брест қамалынан бастап Волохов майданында, Белоруссияда, Балтық жағалауы елдерінде, Эстония мен Карелияда қырғын шайқастың ортасында болады. Біріне-бірін жалғастырып көрсеткен ерлік қимылдары соғыстың әр жылдарында үш мәрте жауынгерлік «Даңқ» ордендерімен марапаттауға жеткізеді. Бейбіт еңбектегі жемісті жұмысы үшін Сақап аға омырауына «Октябрь революциясы» орденін тағады. Сақап сардардың ерлік істері жайлы Мә­жіліс марқұмның үлкен дүние етіп жаз­­ғанын, оның Астрахан облыстық «Волга» газетінде жарияланғанын әріп­тесім­­­нен кезінде талай мәрте естігенмін. Мә­жіліс Өтежанов 1990 жылдан Астрахан қала­сында қазақ тілінде шығып келе жатқан «Ақ арна» газетінің алғашқы редакторы болып, өмірінің соңғы кезеңіне дейін қызмет жасағанын айтуды өзіме парыз санадым. Сақап аға менің Құрманғазы ауданында тұратынымды білгеннен кейін бұрын мен естімеген бір жағдайды әңгімелегені бар. Батырдың өзін сөйлетейін: «Фин соғысын аяқтағаннан кейін мен Эстонияда әскери қызметте болдым, – деп бастаған еді әңгі­ме­сін ол кісі. – Сол сіздер тұратын Теңіз (Құр­манғазы) ауданында туып-өскен Сабыр Лұқпанов капитан шеніндегі офицер болатын. Таллин қаласында әйелімен, үш баласымен тұрды. Ол кісі менен екі жас үлкен әрі капитан, ал менде ол кезде сардарлық шенім жоқ. Бейбіт мезгілде, арасында Сабырды аға тұтып, жерлес санап кездесіп жүрдім, Сағида жеңгеміздің дастарқанынан шай ішкенде туған елге барып келгендей көңілім көтеріліп қалатын. Амал не, мұндай кеңшілік ұзаққа бармады. 1941 жылғы маусымда немістердің қырғын шапқыншылығы басталды. Сабыр Лұқпанов рота командирі болатын. Олар бірден Брест қамалы бағытындағы жауға тойтарыс беруге аттандырылды. Артынша отбасымен тұратын офицерлердің бала-шағасын тылға, өздерінің туған жерлеріне қоныс аударту туралы бұйрық шықты. Содан майор Лебедов деген командиріміз менің қасыма Гриша Брук деген солдатты қосып, капитан Лұқпановтың отбасын Таллиннен пойызға отырғызып, Ленинград қаласына шығарып салуымды тапсырды. Әскери бөлімшеге оқ-дәрі, азық-түлік таситын жүк автокөлігін бар болғаны бір сағат мезгілге алып берді. Әскери офицерлер отбасына арналған казарманың шағын бөлмесінде тұратын Сабырдың бала-шағасын апас-қапас киіндіріп алып шықтық. Дүние-мүлік, керек-жарақтың бәрі қалды. Сағида жеңгеміздің құшағында алты айлық баласы бар, бірі – алты, екіншісі үш жастағы екі қызын және жетектейді. Жолшыбай керек болатын жұмсақ киім-кешектерін орап буып, жеңгеміздің арқасына байлап бердім. Бір тәуірі – қастарында басқа да офицерлердің отбасы болды. Ол күнде әркім ұлтына қарап бөлу дегенді білмейтін. Бір-біріне көмек қолын созуға дайын тұратын... Сонымен, ағаш вагон ішіндегі опыр-топыр көпшіліктің арасынан ептеп сығылысып оның ішінен Сағида жеңгейге тізе бүгетін орын тауып, балаларын қасына орналастырдым. Ол кезде Таллинде нан сату карточкаға көшпеген, бос тұратын. Бір-екі бөлке нан сатып алып, Сағидаға әкеліп беруге шақ үлгердім. Пойыз да қозғалды, біздің де әскери бөлімшеге баратын мезгіліміз асып бара жатты. «Сабыр ағаңды көрсең сәлем айт, бізді уайымдамасын. Үкімет бізді далада қалдырмас, туған жерге жетерміз», деп Сағида жеңгеміз аса қайсарлық танытты қоштасарда. Сақап аға толқи тоқтады. Сәл үнсіз­дік­тен кейін ол: «Мен майданда он жылдай жүрдім ғой. Өзім танитын адамдарға хат жазу арқылы Сабыр ағаның майданда ерлікпен қаза тапқанын, ол кісінің бала-шағасы туған ауылдарына аман жеткенін естігенмін. Елге келген соң Сағида апайды іздеп баратын жағдай болған жоқ. Ал, Рахмет інім, сіз Ганюшкин жағынан болсаңыз, Сабыр ағаның бала-шағасынан не хабарыңыз бар, олар бар ма екен?», деп сұраған болатын. Мен ол кезде Сағида апайды көрмеген едім, Котяев ауылында тұратынын сырттай естігенім болмаса. Менің майданда қаза тапқан қазақ офицері Сабыр Лұқпановтың атын естуім және оның бала-шағасы туған жерге аман оралып, замандастарымен қатар тіршілік кешіп жатқанын білуім алғаш рет осылай басталған. Кейін Сағида апайды да, оның алты айлығында алапат соғыстың астынан арқалап аман келген баласы Александр Сабырұлын да, қыздары Сәуле мен Зәурені де танып-білудің орайы келген-ді. Қазір арамызда Сақап аға да, Сағида апай да жоқ. Бірақ атап көрсететін жәйт – маған Сәуле Сабырқызымен тікелей жүздесудің орайы келмеді. Ол Алматыда оқып, сонда тұрды, бүгінде зейнетке шыққан дәрігер. Зәуре Сабырқызы да денсаулық сақтау саласында қызмет жасады, ауылдық кеңестің төрайымы болды. Қазір Утера ауылында немерелерін қызықтаған әже. Ал Александр Сабырұлы ұстаздық қызметін басшылықпен жалғастырды, орта мектептің директоры, аудан орталығындағы №3 лицейдің директоры, аудандық білім беру бөлімінің меңгерушісі сияқты айтулы қызметтер атқара жүріп зейнетке шықты. 2011 жылы дәл 70 жасында дүние салды. Сабыр ағаның қара шаңырағын қазір Күміс есімді келін ұстап отыр. Александрдан бес ұл өніп-өсті, немерелері бар. Кезінде Александрдың маған жазып бергендеріне сүйене отырып, Сабыр аға мен Сағида апай жөнінде мынадай мағлұматтар бере аламыз. Сабыр Лұқпанов 1914 жылы осы Құрманғазы (Теңіз) ауданының Ботақан (қазіргі Мақаш) ауылында туған. Бірақ 1919 жылы аудан көлемінің жерінде азамат соғысының болуы, соның салдарынан ашаршылық пен ауру-сырқаудың асқынуынан ата-анасы ерте қайтыс болып, Сабыр балалар үйінде тәрбиеленеді. Орта білім алады, орыс тілін де таза меңгереді.1932 жылы жиырма жасқа жаңа толған Сабыр әскери міндетін атқаруға шақырылады. Содан бастап оның әскери киім киген сардарлық қызметі жалғасады. 1939 жылы фин соғысына қатысқан. Капитан шеніне көтерілген Сабыр Лұқпанов көбіне шекаралық әскери құрамалар сапында болады. Батальонда аға саяси жетекші қызметін атқарады. Ұлы Отан соғысы басталғанда бала-шағасымен қоштасуға да мұршасы болмай, бірден ұрыс даласына аттанып кетуі де сол шекарада жауды бірінші болып «қарсы алуларынан» еді. Сабыр Лұқпанұлы жаумен жан аямай шайқасып, сұрапыл соғыстың алғашқы құрбандарының бірі болды. Бірақ Сағида сынды асыл ана Сабыр сардардың ошағының отын сөндірген жоқ, үш бірдей балапанын өсіріп-өндірді. Сағида апай да 1918 жылы осы Теңіз топырағында өмірге келген. Ең бастысы – ерінің аманатын арқалап, үш бірдей балапанын туған жерге аман жеткізіп, өсіріп-өндірген еңбегі ұрпаққа ұлағат. *** Бұдан дәл қырық жыл бұрын жазылып, парақтары сарғая бастаған қойын дәптерімді оқып отырып, ойыма ой қосылды. Қазірде Құрманғазы ауданында Кеңес Одағының батырлары Александр Афанасьевтің, Филипп Мазуровтың, Мұқат Мұсаевтың, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың, жауынгерлік «Даңқ» орденінің толық иегері – Кеңес Одағының Батырына теңестірілген Ғизат Әліповтің есімдері ұрпақтың мақтанына айналып отыр. Ал Азғыр өңірінде өмірге келіп, 33 жасына дейін Сүйіндік округі жеріндегі шаруашылықтарда еңбек еткен Сақап Қызылов құрманғазылықтардың жерлестері қатарында саналмауы қалай? Жоғарыда аталған Ф.Мазуров пен М.Мұсаев тек Құрманғазы ауданының жерін­де туғандары себепті есепке алынып жүр. Олар отбасылық жағдайларына байланысты туған жерден ерте қоныс аударады. Екеуі де соғыста көрсеткен ерен ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атанады. Соғыстан кейін екеуі де Астрахан облысындағы қоныстарына қайтып оралып, 1954 жылы қатар қайтыс болады. Бірақ кіндік қандары киелі топы­рағына тамған Құрманғазы тұрғындары айбынды ұлдарының есімдерін ешқашан ұмытпайтындарын танытып, ерекше мақтанышпен атайтындарына бүгінгі­лер куә. Сонда Сақап Бәкуұлының құрман­ғазылықтардың жерлестері қатарына қосылмайтыны қалай? Менің бұдан 40 жыл бұрын қойын дәп­терге жазғандарыма күмәнмен қарай­тын­дар табылуы да ықтимал. Қазір де ақи­қат­тан айналып өтетіндер қылаң беріп жүрген сияқты. Ендеше, шындықтың нақты өзіне жүгінейік. Екі жағдай ескерілсе екен. 1952 жылы орта қашықтықтағы зымырандарды сынақтан өткізу мақсатында Нарынның батыс бөлігі «әскери аймаққа» айналдырылып, Азғыр өңірінің жері «Сүйіндік», «Балқұдық» совхоздарымен Теңіз (Құрманғазы) ауданына қосылды. Ендеше, 1914 жылы 18 наурызда Сүйіндік округіне қарайтын Лабай (Жалғыз апан) ауы­лында туған (100 жыл толып отыр) Сақап Бәкуұлы құрманғазылықтардың заңды жерлесі екенінде талас жоқ. Құрманғазы аудандық «Серпер» газеті­нің 2010 жылғы 11 наурыздағы санында Ресей Федерациясы Журналистер ода­ғы­­ның мүшесі, астрахандық қаламгер қан­дасы­мыз Аманжол Ильясовтің «Лабайдан шықққан хас батыр» деген деректі жазбасы жарияланды. Онда Сақап Бәкуұлы Қы­зыловтың өмірдерегі мен Ұлы Отан соғы­сында жауынгерлік «Даңқ» орденінің үш бірдей дәрежесіне толық ие болуының май­дандағы ерлік қимылдары толық баян­далып көрсетілген және ержүрек жауын­гер Сақап Қызыловтың суреті де бір­ге жа­рияланған. Ол майданда екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен де мара­пат­­­тал­ғ­ан екен. Ал бейбіт еңбекте озат шопан­дар қатарында болып, «Октябрь революциясы» орденін де омырауына таққанын жоғарыда айттық. Жаужүрек жауынгер со­ғыс­та алған жарақат зардаптары салдары­нан 1980 жылы 66 жасында бақилық болған. «Құрманғазылықтар осы киелі топы­рақта дүниеге келген батыр жерлестерін біле жүрсін деген ниетпен мақаламды жолдадым», деп аяқтайды ресейлік журналист өз жазбасын. Қандас қаламгерге бұл игі қызметі үшін мың алғыс. Бірақ оның ақ ниетімен хабарлаған қызметіне құрманғазылықтардан елең еткен азаматтар әзірге байқала бермейтін сыңайлы. Әйтсе де, Ұлы Жеңістің 70 жыл­дығына дейін Азғырдан шыққан айбынды батырымыз Сақап Бәкуұлының есімі де туған жерінде ту көтергендер қатарына қосылар деген үміт бар. Рахмет ИМАНҒАЛИЕВ, Қазақстанның құрметті журналисі. Атырау облысы, Құрманғазы ауданы.