Канаданың үш провинциясының, АҚШ-тың он екі штатының және Венесуэланың заң шығарушы өкілдерін біріктіретін Энергетикалық кеңестің шақыруымен Қазақстан Республикасының Канададағы Төтенше және өкілетті елшісі Константин Жигалов «Энергетика және қоршаған орта саласындағы үрдістер» деген тақырыппен Канаданың Саскачеван провинциясында өткен конференцияға қатысты.
Энергетикалық кеңестің негізгі мақсаты – өзекті энергетика мәселелері бойынша алдыңғы қатарлы тәжірибелермен алмасу. Кеңес, сонымен қатар, жаңа зерттемелер дайындайтын және энергетикалық нарықтағы үрдістермен айналысатын осы сектор компанияларымен, академиялық орта және университеттермен тығыз байланыс орнатқан.
Энергетикалық кеңестің төрағасы, Техас штаты Қауымдар палатасының депутаты Уэйн Смит ашқан іс-шараға Саскачеван провинциясының Сауда, инновациялар және туризм министрі Джереми Харрисон, Реджайна қаласының басшысы Майкл Фуджер, Альберта, Саскачеван провинциялары мен аталған америкалық штаттардың заң шығарушы жиналыстарының мүшелері, бірқатар зерттеу орталықтары мен Солтүстік Америка компанияларының басшылары (соның ішінде әлемдегі ең ірі уран өндіретін «Cameco Corporation» мен «Enbridge Energy», «ExxonMobil», «Westport» сияқты мұнай-газ компаниялары және т.б.) қатысты. Саскачеван Заң шығарушы жиналысының спикері Дэн Д’Отремон мен провинцияның генерал-лейтенанты Вогн Сколфильд ханым конференцияға қатысушыларға жылы лебіздерін білдірді.
К.Жигалов Қазақстанның әлеуметтік және экономикалық жетістіктері, «Қазақстан-2050» Стратегиясының басымдықтары, Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы екінші кезеңінің жүзеге асырыла бастауы, еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша қабылданған жаңа шаралар пакеті, еліміздің мұнай және газ секторын дамытудың негізгі бағыттары, қазақстандық-канадалық ынтымақтастық, соның ішінде уран саласындағы өзара әрекеттесу, Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық мәселелері туралы айтып берді.
Конференция шеңберінде К.Жигалов, сонымен қатар, Энергетикалық кеңес атқарушы комитетінің мүшелерімен кездесті. Интерактивті үнқатысу пішінінде өткен кездесуде Канада провинцияларының депутаттары мен Америка штаттарының сенаторлары Қазақстанның энергетикалық нарықтағы рөлі өсе түсіп отырғанын атап өтіп, инвесторлар үшін жаңа преференциялар пакетін енгізу бойынша қазақстандық тараптың бастамаларын, соның ішінде ел экономикасына ең ірі инвесторлар үшін визалық режімді жеңілдету бойынша қабылданған шешімдерді жоғары бағалады.
Конференция нәтижесінде Энергетикалық кеңес пен Қазақстан арасындағы үнқатысуды, соның ішінде Канада мен АҚШ-та өткізілетін іс-шаралар шеңберінде жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
«Егемен-ақпарат».