Мыңжылдықтармен астасып жатқан көне мәдениеттің нышаны Жамбыл ауданына қарасты Құмтиын ауылының маңынан анықталып отыр. Археолог мамандардың айтуынша, тарихи қалашық екі бөліктен тұрады. Ал ол кездегі мәдениет VII-XII ғасырларман сабақтасып жатыр. Қаланы уақытында көшпелілер мен дін таратушы мемлекеттердің өкілдері паналаған.
«Бұл маңда уақытында Түрік қағанаттары ғұмыр кешкен. Шаһар Қарлұқ, Түркеш, Қарахан мемлекеттері тұсында пайда болған. Мұнда бірнеше құрылыс кезеңінің табы сайрап жатыр. Қысқасы, байырғы қаланың орны тұнып тұрған тарих», дейді археологтер тобының жетекшісі Ералы Ақынбек жағымды жаңалықпен бөлісіп.
Деректерге зер салсақ, көне шаһардың орнын 85 жыл бұрын археолог Александр Бернштам анықтаған көрінеді. Алайда сол кезде ешқандай зерттеу жұмыстары жүргізілмепті. Өткен жылдан бері ескі шаһар орнын ақтаруға пейіл танытқан Әлкей Марғұлан институтының мамандары аз ғана уақыт бұрын грант жеңіп алып, жұмысты бастапты. Нәтижесінде, үш аптаның көлемінде бірнеше бөлменің орнын анықтаған.
Жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде көне қала орнынан қыштан жасалған құмыра, шиша, тандыр пешінің орны табылған. Көне жәдігерлерді қолға түсірген мамандар ескі шаһар орнынан әлі талай тарихи жәдігерлер шығатынына сенімді.
Қала орнынан табылған түрлі жәдігерлердің сынықтарына зер салған мамандар мұнда уақытында сәулет өнері мықтап дамыған деген тұжырымға келіп отыр. Ал табылған жануарлардың ұсақ сүйектеріне қарап, қала халқы уақ малдарды ұстағанын байқауға болады.
Қазба жұмыстары барысында табылған темірден жасалған соқа түркілердің егін шаруашылығына епті болғанын айғақтап тұр. Күн сайын жаңалыққа тап болып жатқан археологтер қазба жұмыстарын маусым айының аяғында толықтай аяқтауға ниеттеніп отыр.
Жамбыл облысы