Қоғам • 30 Мамыр, 2023

«Қазфосфаттың» қарышты қадамы

460 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Қазфосфат» ЖШС Жамбыл өңі­рінде ғана емес, еліміз бойынша химия өнді­рісінің локомотиві санала­тыны бұрыннан белгілі. Әйтсе де ілге­ріде 7 мыңнан аса азаматты жұ­мыс­пен қамтып отырған алып серік­тес­тіктің қызметкерлері басшылық жағ­дайымызды жасаса дегенді жиі айтып жүретін. Кейінгі жылдары олардың орынды талабына жаңа басшылық назар аудара бастады.

«Қазфосфаттың» қарышты қадамы

72 отбасының мәселесі шешілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірер жыл бұрын еліміздегі ірі әрі әле­уетті компаниялар мен алып серіктестік басшы­ларына әлеуметтік жобаларды жүзеге асы­руды шегелеп тапсырғаны белгілі. Пре­зидент пәрменін «Қазфосфат» ЖШС-нің жаңадан тағайындалған басшылары да назардан тыс қалдырған жоқ. Олар бірінші кезекте жұмысшылардың жағдайын жасауға білек түріп кіріскен сыңайлы. Басшылық алды­мен қызметкерлердің әлеуметтік мәселелерін шешуге айрықша ден қойған. Осы орайда серіктестік басшыларымен жүздесіп, бір­қатар тірліктің тиянақты атқарылғанына көз жеткізгендей болдық.

«Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры Ғани Тоқсанбаевтың айтуынша, кейінгі уақытта кәсіпорын басшылығы серіктестік қыз­меткерлерін тұрғын үймен қамту, жұмыс­шы­лардың жалақысын мүмкіндігінше арттыру, өңірдегі абаттандыру жұмыстарына ат­са­лысу секілді өзге де мәселелерді назарға алып отыр.

«Кейінгі уақытта серіктестікте еңбек ететін қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешуге айрықша ден қойдық. Өткен жылы кәсіпорын қызметкерлеріне Қара­тау қаласынан 72 пәтердің кілті табыс­талды. Қоныс тойын тойлағандардың қата­рында көпбалалы отбасылар, ардагерлер мен мүге­дектер, сондай-ақ «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешенінің қызметкерлері бар. Жаңа пәтерге қоныстанған азаматтардың жүзінен шаттықтың лебі айқын аңғарылып тұрды. Бұл азаматтар осыған дейін қажетті тұрғын үймен қамтылмаған. Басшылық тұрғын үй мәселесінен бөлек, балаларға арналған ойын және спорт алаңдары, воркаут аймағы бар жаңа саябақ салғанын айта кеткен ләзім деп ойлаймын. Компания қызметкерлерінің балалары бос уақытын пайдалы өткізуі үшін тұрғын үй жанынан футбол мен баскетбол алаңдары салынды. Осылайша, уақытында иесіз жатқан алқап қазір адам танымастай болып өзгерді. Жарықтандыру жұмыстары жүргізілгеннен кейін аулада отырғызылған ағаштар мен көгалдардың көшеттері адам жанына жайлы атмосфера сыйлап тұр», дейді Ғ.Тоқсанбаев

 

Жұмысшылар 226 пәтермен қамтылады

чсми

Кәсіпорын басшысы келтірген дерекке зер салсақ, жұмысшыларды тұрғын үй­мен қамтамасыз ету бағдарламасы биыл да қар­­қынды түрде жүріп жатыр. Жаңатас қала­сын­дағы «Үш Би» тұрғын үй кешенінің құры­лысы аяқталғаннан кейін серіктестік қызмет­керлері, жас мамандар және аз қамтылған 226 отбасы пәтерлі болмақ. Бүгінде бұл еліміздегі ірі кәсіпорындар арасындағы рекордтық көрсеткіш болып тұр. Тұрғын үй кешеніне тиесілі спорт зал да үздіксіз жұмыс істейді, ал тұрғындардың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін жасыл желекпен көмкерілген аллеяға жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

«Ашығын айтсақ, компанияның екі жылда жүргізген жұмыстарының нәтижесінде тұрғын үйге мұқтаж үш жүзден аса отбасы­ның мәселесі оң шешім тауып отыр. Бұл жұмыс­шыларға көрсетілген үлкен қолдау еке­ніне ешкім күмән келтіре алмайды. Бұдан бөлек, біз «Отбасы банк» АҚ-мен бірлесіп, компания қызметкерлеріне жеңілдетілген несие мәселесін қарастырып отырмыз. Нәти­жесінде, серіктестік қызметкерлері үшін тиімді қарыз беру мәселесі шешімін табады», дейді «Қазфосфат» ЖШС бас директоры.

Компания басшылығы қолға алған жұмыс­тар мұнымен толастамайды. «Қазфосфат» ЖШС-не қарасты барлық жұмыс істейтін бөлімшелер орналасқан өңірлерді абаттандыру мәселесі де назардан тыс қалған емес. Нақтырақ айтар болсақ, 2021 жылы кәсіп­орын жетекшілері Тараз қаласындағы «Үшбұ­лақ» жағалауын толықтай қалыпқа келтірді. Жағалау бойындағы аумақ абаттандырылып, ағаштар мен көгалдар отырғызылды. Сондай-ақ демалуға ыңғайлы орындықтар орнатылды, балаларға арналған ойын алаңы да уақыт талабына сай жабдықталды. Өзенге қауіпсіз пирс салынғанын да айта кеткен жөн. Сонымен қатар ұзақ жылдар бойы жұмыс істемей тұрған жаяу жүргіншілер көпірін толығымен жөндеді. Мұндағы серуендеуге арналған жасанды аймақ та қала тұрғындарының сүйікті орнына айналды.

 

Шайқорықта саябақ салынады

Компания басшылары бұған дейін қолға алынған ілкімді істерді одан әрмен қарай сәтімен жалғастыру мәселесін де ойластырып отыр. Өйткені өңірде атқарылатын жұмыстар аз емес.

«Облыс орталығы Тараз қаласының ма­ңын­дағы Шайқорық ауылынан демалыс саябағын салуды қолға алмақпыз. Тұр­ғындар бос уақытын текке өткізбеуі керек. Олар­дың спортпен шұғылдануы үшін мұн­да заманауи спорттық құрылғылар орнатылып, қажетті құрал-жабдықтар орналастырылады. Балалар үшін арнайы жеке ойын алаңдары салынатынын да атап өткен жөн. Компания жетекшілері мұндай игілікті бас­таманы тек Жамбыл облысында ғана емес, «Қазфосфат» ЖШС бөлімшелері орна­ласқан басқа өңірлерде де іске асырады. Түр­кістан облысының Құмкент ауылында кәсіп­орын көшелерді жарықтандыру жо­ба­сын қаржыландыруды жоспарлап отыр. Мұндай іс-шара ауыл көшелеріндегі қауіп­сіздікті қамтамасыз етуге айтарлықтай ықпал ететіні ақиқат. Бұған қоса қамқорлыққа зәру адамдарға, ардагерлерге және балалар үйле­ріне көмектесетін қоғамдық ұйымдарды қол­дауға ерекше назар аударамыз. Жамбыл облысында қайырымдылық іс-шараларына 2022 жылы 1,2 млрд теңге бөлдік. Мұндай белсенді қайырымдылық жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады», дейді Ғ.Тоқсанбаев.

Еліміздегі ең ірі компаниялардың бірі ке­йінгі жылдары жұмысшыларды тегін та­ғам­мен қамтамасыз ету мәселесін шешті. Қазір­гі уақытта тәулігіне 6 мыңға жуық жұмыс­шы ыстық тамақпен қамтылған. Сондай-ақ Қаратау қаласының маңында орналасқан «Көктал» емдеу-сауықтыру кешенін күр­делуі жөндеуден өткізді. Нәтижесінде, емдеу блогі жаңартылып, бес ғимарат жөн­делді. Атқа­рылған жұмыстардың нәти­же­сінде мұнда демалушылардың саны екі есеге дейін артып отыр.

Бірнеше жылдың бедерінде компания қызметкерлері жалақыны көтеру мәселесін алға тартып жүрген. Қызметкерлердің орынды талабы да компания басшыларының назарынан тыс қалмағаны қуантады. Айтуын­ша, жұмысшылардың еңбекақысы қаңтар айында 50 мың теңгеге артса, 1 маусымнан бас­тап тағы 30 мыңға көбейтілмек. Бұл, әрине, қарапа­йым еңбеккерлер үшін үл­кен қолдау екені даусыз. Қызметкерлерге көрсе­тіліп жатқан өзге де әлеуметтік көмектер жет­кілікті. Аз күнде жұмысшылардың балалары демалатын жазғы лагерь іске қосылады.

«Қазфосфат» ЖШС басшылығы бірінші кезекте қызметкерлердің әлеуметтік жағда­йын түзетуге айрықша ден қойғаны расымен де көптеген ірі компанияға үлгі десек болады. Бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта назардан тыс қалмайтыны сөзсіз.

 

Жамбыл облысы