Пікір • 29 Мамыр, 2023

«Симкаңыз» сатып кетпесін!

680 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осыдан он-он бес жыл бұрын титімдей «сим-картаға» сіздің бүкіл өміріңіз сыйып кетеді десе, сенбеген болар едіңіз. Расымен де, қалай сенесіз? Бүкіл құжатыңызды папкаға салып қолтықтап жүрсеңіз... Ақ­шаны банкоматтан шешіп алғанның өзін үлкен жетістік көріп тамсанудан танбасаңыз... Ол қалай сонда деп ойланып, миымыз жетпей, мүмкін уақыты келгенде түсінерміз деп талай кейінге де ысырдық. Ал енді сол күндер туды...

«Симкаңыз» сатып кетпесін!

Қазір телефонсыз адам – тап бір қанатсыз құс секілді. Телефон болғанда да жай қарапайым телефон емес, әңгімеміздің кәдімгі беті табақтай смартфон турасында екенін түсініп отырған шығарсыз. Ал телефон сол титімдей сим-картасыз жай бір қатардағы құрылғы ғана. Онсыз жарытып қолдана алмайсыз. Тіпті онсыз қоңырау да шала алмайды екенсіз. Құйтақандай «симканы» қалай «құтты орнына» қондырасыз, телефон сіздің ең сенімді серігіңізге, айнымас жан досыңызға айналып шыға келеді...

Сонымен, әу басындағы негізі функция­сы «алыстан хабар алуға» ғана ыңғайлас­ты­рыл­ған телефонның ішіндегі фото, бейне, ау­дио, музыка, кино, ойын, басқа да қажетті қан­шама құрылғысын есептемегеннің өзін­де бүкіл құжатыңыз, барлық жақын-жуық, туысқан, дос-жаран әріптесіңіз, жұ­мы­­сыңыз, табысыңыз, әмияныңыз, сей­фіңіз, пош­таңыз, былайша айтқанда, қу жаныңыз­ға қажет­тінің бәрі соның ішінде қоныс тепкен. Ізде­геніңіз­дің ізіне түссеңіз, тура сол телефоннан таба­сыз. Расымен адамның ақыл-ойы адам­заттың өмі­рін кәдімгідей жеңілдетіп тастады емес пе?..

Бұрынғыдай құжат арқалап құнжыңдамай­сыз. Бар шаруаңызды айналайын мың болғыр телефонның өзі-ақ реттеп беріп жатыр. Ертедегідей ұзын-сонар кезекке де еселеп уақыт жоғалтпайсыз. Дүкенге де сабылып керегі жоқ. Тамағыңды да осы арқылы табалдырығыңа дейін тасып әкеліп беріп тұр. Автобусқа мініп, билет алып, бастыратын компостер іздеудің де тарих бетіне көш түзегеніне нешеме жылдың жүзі өтті. Терлеп-тепшімей-ақ телефон арқылы табысты болып жүргендер қаншама? Міне, артықшылығын ауызбен айтып тауыса алмайсың. Тізбелей берсең толып жатыр...

Осыған дейінгі зор қажырлы еңбек пен тынбай ізденудің арқасында 1992 жылы бүгінде біз пайдаланып жүрген сим-картаның алғашқы классикалық нұсқасы дүниеге келді. Одан беріде оның пішімі жыл өткен сайын шақталып, барынша кішірейе бергенге ұқсайды. Көпке дейін көнере қоймайтын классикалық үлгіден кейін оның mini (1996) micro (2003) nano (2012) деп келетін түрлері шығып, қазір құрылғыға зауыттың өзінен орнатылып келетін аналогтік нұсқасы e-SIM де ойлап табылды.

Міне, көз ілеспес жылдамдықпен дамыған цифрлық технологияның сиқырлы әлемі біз­ді осындай деңгейге дейін көтеріп тас­тады. «Нендей жақсы нәрсенің де бір жаманы болады» деп жатушы еді жарықтық үлкендеріміз. Сол кісілер айтқандай,  майын тамыза мақтаған телефон мен тырнақтың ұшындай ғана «сим-картаның» да бір кемдігі бар екен. Мықты да берік қабат-қабат қорғаныс қабаты түзілгенімен, небір алаяққа да, ұрыға да, қылмыскерге де сізді ұстатып жіберіп жатқан – сол «симкаңыз». Өйткені барлық байлығыңыз сол санды «сандықтың» ішінде. Ертегідегідей «Сим-сим, ашыл!» деп еркелетсе, ол бірден ашыла қоймайды. Өйткені ол – ақылды! Қожайынының бет-жүзі, сау­сақ таңбасына қарайды. Байқамауыңыз мүм­кін, бірақ оны алдымен сатып жіберетін де өзіңіз­сіз. Өйткені аузыңыз ашылып, жасырын құпия сөзді де, келген хабарламаны да кім-көрінгенге жайып жіберіп, артынан «аһ ұрып», бармақ тістелеп жататындығымыз белгілі...

Мәселен, барып келгендердің айтуынша, жапон жұртында бір адамға өмірбақи бір телефон нөмірі бекітіліп беріледі екен. Кәдуілгі біздің ЖСН сияқты. Ол еш өзгермейді һәм ауыстырылмайды деседі. Содан ба екен ол жақтарда сізді ешкім біздегідей жоғалтпайды. Кез келген шаруада қажет болсаңыз, тауып алу да оңайдың-оңайы. Сол себептен де қылмыс пен алаяқтық бұл мемлекетте мейлінше аз тіркеледі. Ал бізде не, жаратпасақ жаңа нөмір алуға құштармыз. Ескінің «есебі түгенделген соң» басымыздан үш айналдырып лақтыра саламыз. Нөмірді тіркеу науқанының да «ыстық-суығы» басылып қалғандай. Ұнатпасақ, ұялының өзін де ауыстыруға кет әрі емеспіз. Егер бізге де «бір адамға  – бір нөмір» қағидатын енгізсек, көптеген киберқылмыс пен алаяқтықтың адымы қысқарып, жолы кесілер еді.

Кейде осы біздің өміріміз бір батырмамен ғана басқара салуға болатын компьютерлік ойынға ұқсап кеткендей болып көрінеді.

Құрылғыңызды әрдайым қуаттап жүріңіз! Өйткені бүкіл өмір бүгінде тек осыған ғана байлаулы...