Жақында Қазақстанның Үндістандағы елшісі Дулат Қуанышев Керала штатының қаржы орталығы – Кочин қаласында Үндістанның ТМД елдерімен сауда-экономикалық қарым-қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өткен дөңгелек үстелге қатысты. Аталған іс-шара Үндістанның Сауда, Сыртқы істер министрліктерінің қолдауымен Үндістан Сауда-өнеркәсіп палатасы федерациясы тарапынан ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында үнді кәсіпкерлеріне екіжақты ынтымақтастықтың жағдайына қатысты мағлұматтар берілді. Мәселен, соңғы үш жылдың ішінде Қазақстан мен Үндістан арасындағы сауда көлемі екі есеге артып, оның басқа барлық Орталық Азия елдерімен салыстырғандағы көлемнен де асып түскендігі айтылды. Алайда, қатысқан сарапшылардың пікірлері бойынша, аталған көрсеткіш екі елдің экономикалық әлеуетіне сәйкес келмейді.
Сонымен қатар, Қазақстан мен Үндістан арасындағы сауда және инвестициялық байланыстардың дамуына басты кедергі – екі ел арасында қолайлы тікелей көлік жолдарының жоқ екендігі атап көрсетілді. Осыған орай, Қазақстанды Иранның Парсы шығанағындағы кемежайларымен байланыстыратын «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің бөлігі болатын теміржол тармақтарының маңыздылығы талқыланды. Аталған теміржол бағытын пайдалану жүк тасымалдау уақыты мен шығынын едәуір қысқартатын болады.
Қатысушылардың назарына Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы, мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бірінші бесжылдықтағы негізгі нәтижелері және Үкіметтің 2015-2019 жылдар аралығындағы жобалары туралы ақпарат жеткізіліп, мемлекетіміздің инвестициялық мүмкіншіліктері жайлы бейнематериал ұсынылды.
Қазақстанның инвестициялық ахуалын жақсартуға, экономиканың маңызды секторларындағы инвесторлардың қызметін ынталандыруға бағытталған заңдағы өзгерістер аса қызығушылық туғызды.
Үндістан кәсіпкерлері Астанада өтетін ЭКСПО-2017 шеңберіндегі жобаларды іске асыруға белсенді қатысуға шақырылды, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.