Тарих • 30 Мамыр, 2023

«Әмірқан бидайығында» не жазылған?

1276 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Біз бүгінгі жазбамызда сұлу сөздің сүлейі атанып, әдебиетіміз­де ойып отырып орын алған ұлы жазушы Ғабит Мүсі­репов­тің біреу білсе, біреу білмейтін алғашқы кітабы тура­лы сөз қоз­ғамақпыз. Бұл кітап «Әмірқан бидайығы» деп аталады. 1928 жылы Қызылордадағы «Қазақстан мем­ле­кет» бас­пасынан 5000 тиражбен басылған танымдық дү­ние­­сінде жазушы не жазды екен деген сауал тууы, әрине, заңдылық.

«Әмірқан бидайығында» не жазылған?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Осыған байланысты кітап­тың «Бастырушыдан» деген алғашқы тарауында мынадай тү­сіндірме берілген: «Қазақтың қара шаруалары әлі егістік ісіне жаттыққан жоқ. Сұлы, тары, бидай, арыс сықылды өсімдіктерді егеді. Бірақ оларды дұрыс егіп, дұрыс орудың жолын әлі дұрыс түсініп болған жоқ. Шөп егу жұмысын қара қазақ шаруасы әлі білмейді (Сыр жағындағы жоңышқа егетіндерден басқалар). Мына Ғабит жолдастың «Әмір­қан бидайығы» деген кі­тап­ша­сы сол шөп егу жайында жа­зылған. Бұрын мұндай кітап­тар шыққан, бірақ олардың көбі бірінші жақтан орыс тілі­нен аударылғандықтан (аудару­шылардың шала­лы­­ғы­нан), екінші жақтан егіс­­тікке қазақтан гөрі жат­тық­­қан орыс егін­шілеріне ар­налып­ жа­зылған­дықтан, қа­зақ егін­шілеріне түсініксіз бо­лып­ шы­ғатын» дей келе, қа­зақтың шаруа жағдайына, тұр­мысына, егістікке қаншалық жат­тық­қа­нына негізделген кітаптар жоқ екенін алға тартып, жазушы Ғабит Мүсіреповтің осы кі­та­бы ұлтымыздың егінші, мал­шы шаруаларына мейлі сан жа­ғынан, мейлі сапа жағынан бол­сын айрықша маңызға ие еке­нін айтады.

Сіздерге таныстырып отыр­ған «Әмірқан бидайығы» жазушы Ғабит Мүсіреповтің ең алғашқы кітабы деуге толық негіз бар. Жазушы бұл кітабын 1927 жылдың басында жазыпты, ал прозадағы алғашқы туын­дысы «Теңіз тепкісінде» атты повесі сол жылдың күзінде жариялаған. Жазушы Сәбит Мұқановтың «Ғабит Мүсірепов туралы» атты қысқаша биогра­фия­лық очеркінде бұл кітап ту­ралы дерек айтылады. «Орынбор рабфагын 1926 жылы бітірген Ғабит сол жыл­дың күзінде Омбыдағы ауыл шаруашылығы академиясына барып оқуға түсті. Менімен жиі хат жазысып тұратын ол 1927 жылдың басында «Әмірқан бидайығы» (американский пырей) дейтін тақырыпқа кітапша жазды да, «Қазақстан мемлекет» баспасына жіберіп, біз басып шығардық. Менде Ғабиттің «осы кітапшаның ақ­шасы семьямызға жарты қыс азық болды» деген хаты бар». Мұқановтың бұл жаз­ға­нын біз жоғарыдағы сөзіміз­ге дәлел ретінде ұстана аламыз. Ал тағы бір дерек, «Әмір­қан бидайығын» баспадан шығарған «Қазақстан мемлекет» баспасы кітаптың алғысөзінде: «Әрине, Ғабит жолдас бұрын кітап жазып төселген жігіт емес. Сондықтан кейбір жерле­рінде кемшіліктер болуы мүм­кін. Болмаса, кейбір өсімдік­тер­­дің өсу заңдарын толық айт­пауы мүмкін. Бірақ, жалпы алғанда, бұл кітап қазақ қара шаруасының шаруасын көтеру­ге берген ақылдың ішіндегі тәуіріне жатады. Бұл кітапты алып оқымаған егінші, шаруа болмауы керек» деген ұсыныс сөзді ашық жазады.

Ал сол кездегі жас Ғабит, болашақ ұлы жазушы Ғабең осы кітабы туралы сөз басында былай деп жазады. «Бұл кітапты жазғанда екі мақсат көзде­дім: біреуі сендердің егін ша­руашылықтарыңның дұрыс жолға қойылғандығын көр­сету, жерлеріңнің на­шар­лы­ғын, кемдігін айту. Бұл екеуінің зардабынан жалпы шаруашылықтарыңның көтерілмеуі, еңбектеріңнің өнімсіздігін дәлелдеу. Екіншісі, бұл айтқандардан құтқаратын, ша­руашылықтарыңды көте­ре­тін жолды түсіндіру еді, өзімше екеуін де орындадым». Міне, бұл күллі қазақ оқырманы сүйсініп оқыған, ұлт әдебиетін үлкен белеске көтеріп кеткен талантты жазушының жалынды жастық шағындағы жүрек сөзі, шын пейілі. Өзі айтып тұрғандай, мейлі, ол не жазса да, еліме болса, қазақ егіншілері мен шаруаларына пайдасы тисе деген ізгі ниетпен істегені бесенеден белгілі.

«Қазақ еліне қандай шөп керек?» деп терең толғанған жазушы осы ізденістерінің жауабын ақыры табады. Қазақ жеріне сақылдаған сары аязда үсімейтін, ыстыққа күймейтін, құрғақшылыққа беріспейтін шөп керек деген пәтуаға келеді. Оның үстіне жоғарыда айтқан шөп тұқымы шығымы мол, жерді жаңаландыратын, малға өте жұғымды болуы керек-ақ. Кітап авторы егер осындай шөптер бар болса, оның өзіндік қасиеттері бар екенін де жасырмайды. «Тымапипке деген бір шөп бар, құрғақшылыққа төзімсіз, тез күйіп кетеді. Бірақ бұл біздің қол емес» дей келе, «бұлардың бәрінен қасиетті саналатын сарыбас жоңышқа мен әмірқан бидайығы» деген қорытындыға келеді. Неге бұлай екенін де жазушы түсіндіріп жазудан жалықпайды. Сарыбас жоңышқаның шығымы мол, малға жұғымды шөп екені, ыстыққа күймейтін, суыққа тоңбайтын шөптің бірі осы деген байлам айтылады. Оның жеке шаруашылықтарда, стансаларда тәжірибе-сынақтарынан өткен өсімдік екені автордың назарынан тыс қалмайды. Бірақ біздің елдің суығы да, ыстығы да басым болғандықтан, жердің жағдайына әмірқан бидайығы ең қолайлы делінеді.

Ғабит Мүсірепов «әмірқан бидайығының туған жері – сонау Солтүстік Америкадағы Канада деген жер», деп ашып жаза­ды. Аталған шөптің өсім­­талдығы мен ыстық-суыққа бір­дей төзімділігі жазушыны қызықтырса керек, оның пайдасы туралы көбірек тоқталады. «Әмірқан бидайығының тамыры жерге кетеді де, дымды жердің астынан, тереңінен алады. Солай болғасын, жауатын жаңбырды көп көксемейді». Міне, осындай пайдалы тұс­тары аталған өсімдікке деген түсінігімізді арттырады.

Бір тарауда әмірқан би­дайығының себілуі туралы толық ақпарат жазылған, тіпті оның 12 аудармалы егіс болып шығатыны туралы да анық есептік материал берілген. Одан кейінгі тарауларда әмірқан бидайығын қалай себу, қандай жерге егу, қай уақытта ол өнім береді, қашан шабу керек деген сұрақтарға толық жауап айтылған. Сол кездегі қазақ егіншілері үшін жаңа сауаттылық әліппесі болған «Әмірқан бидайығының» қосымшасында мынадай жолдар бар. «Осы күнде мынадай бір қасиетті шөп жаңадан табылып жатыр. Орысша аты – Донник, 1919 жылдан бері Сібірдің тәжірибе стансала­рында егіліп жүрсе де, әлі бір жерге пікір-қортынды жи­нал­ған жоқ. Бұл шөптің әзірге ашыл­ған сырлары мыналар: Амери­ка деген бір бәле ел ғой. Қазіргі бекітіліп отырған сөзге қара­ғанда, Американың адамдары сол шөптің тұқымын өзі­міз­дің Семей губернесінен та­уып әкетіпті. Еліне апарып егіп, түрлі қасиеттерін солар шы­ғарып жатыр. Америкада бұл шөпті өсіп тұрған күйінде шап­пастан, еккен жерін жыртып,­ балшықтың астына көміп жі­бер­се, жердің шымылдығын күшейтеді дейді».

Қош, сонымен, біз Ғабит Мү­сі­реповтің «Әмірқан би­дайы­­ғын» парақтап шықтық. Бұ­дан не түйдік, нені түсіндік? Түй­геніміз бен түсінгеніміз көп-ақ. Соның бірі, былайғы жерде мейлі кім болсын, еліме, жеріме болсын деген адал ниет пен жұмыс істеу керектігі. Мүсі­репов сол мақсатын орындай ал­ған адам ретінде есімізде қал­ды. Зейнолла Қабдолов ол кісі туралы сөзінде: «...Мүсі­ре­повті мақтаудың керегі жоқ, Мү­сіреповпен мақтану керек»­ деп шын бағасын бергені шындық. Ал біз үшін оның «Әмірқан бидайығы» да құнды мұраның бірі ретіне өз міндетін атқара береді.