Жамбы дегеніміз – орта ғасырдан бастап ақшаның орнына жүрген құнды зат һәм эквивалент ретінде танымал. Бұл қымбат дүниені біздің аталарымыз да қолданған. Жамбы жасалған материалына байланысты күміс жамбы, алтын жамбы, қола жамбы, т.б атауларға бөлінген. Сондай-ақ қазақтарда жамбының «Айқабақ», «Алтын қабақ» атты түрлері болған. Бұларды аталарымыз ұзын сырықтың басына мөлшерлі жерге іліп қойып, мергендерге аттырған. Аттың үстінде шауып келе жатып, жамбыны садақпен дәл атып түсірген адам оны сыйлыққа алған.
Жамбы ату сайысын көшпелілер жауынгерлердің мергендік қабілетін жетілдіру үшін ойлап тапқан. Басты мақсаты, біріншіден, әскери-жауынгерлік даярлықты жетілдіру болса, екіншісі ел арасындағы мергендерді (садақшыларды) анықтап, оларды көтермелеу, үшіншіден, сыналған садақшылардан арнайы топ құрып, оларды соғыс кезінде күштік құрылым ретінде пайдаланған.
Жамбы ату сайысы жайлы халқымыздың жыр-дастандарында да айтылады. Мысалы, «Қобыланды батыр» жырында:
«Ай астында аспанға
Құрды бақан қақтырып,
Алтын теңге аттырып,
Жамбыны атып түсірген
Құртқаны сұлу сол алар»... – делінген.
Осы орайда, мына өздеріңіз көріп отырған (суреттегі) жамбы пішіні жағынан тайтұяқ тобына жатса, материалы қара күміс көрінеді. Бұл қазіргі таңда жеке тұлғаның қолында сақтаулы тұр. Жамбының бедеріндегі жазуға үңілсек, жәдігер мәнжі-қытай билігі кезеңінде 1853 жылы күздің соңғы айында (қараша) Шаньши атты ұстаханада жасалғаны жайлы мәлімет бәдізделіпті. Салмағы 50 лан делініпті. Бір лан қазіргі салмақ өлшем бірлігімен есептегенде, шамамен 37,5 грамм. Яғни осы жылдары (ХVII ғасырдың ортасы) еркек қойдың құны 3-5 лан, ірі қара 7-10 лан, түйе 10-12 лан болғаны туралы мәлімет бар (Д.Гонгор «Қобда қаласының қысқаша тарихы», Ұланбатыр: 1964. 153-бет).