Тарих • 31 Мамыр, 2023

«АЛЖИР»: азалы жылдар жаңғырығы

1427 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың 1930-1950 жылдары ГУЛАГ лагерьлерін кеңес одағындағы «ең білімділер ортасы» деп атауға әбден болатын. Өйткені онда негізінен «халық жауы», «контрреволюционер», «тыңшы», «отанын сатқан» деген жалған айыптармен түрлі ұлттың бетке ұстар қаймақтары – ақын-жазушылар, ғалымдар, саясаткерлер, т.б. тұлғалар отырғаны белгілі.

«АЛЖИР»: азалы жылдар жаңғырығы

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

ГУЛАГ (Лагерьлердің бас бас­қа­р­масы) жүйесіндегі 500-ге жуық еңбекпен түзеу лагерінің 11-і біздің елдің аумағында орналасты. Олардың қатарында Қарлаг, «АЛЖИР», Степ­лаг, Камышлаг, Кеңгір, т.б. бар. Бұлардың бәрінде әйелдер отырған арнайы бөлімдер болған. Сонымен бірге қызыл империя аумағында контингенті тек әйелдерден тұратын жалғыз еңбекпен түзеу лагері бар еді. Ол – Қарлагтың арнайы бөлімшесі, қазіргі Ақмола облысының Ақмол ауылы маңында орналасқан «26-нүк­те».­ Халық арасындағы бейресми атауы­ – «АЛЖИР» (Отанын сат­қандар әйел­де­рінің Ақмола лагері).

1937 жылы кеңес одағында жаппай қуғын-сүргін басталғанда «шаш ал десе, бас алатын» қызыл империя жендеттері бұл науқанды қазақ жерінде өте қатыгездікпен асыра сілтеп орындады. Ел тұтқасындағы көрнекті тұлғалардан бастап аздаған оқыған-тоқығаны, шамалы сауаты бар адамдар түгел жазаға ілігіп, көбі атылды, тірі қалғаны ұзақ жылға сотталып кете барды. Дегенмен кеңестік билік оны да місе тұтпай, енді олардың әйелдерін абақтыға жабу туралы шешім қабылдайды. Міне, «АЛЖИР»-дің тарихы осылай басталған еді.

Бұл лагерьде 62 ұлт өкілінен құралған 18 мыңнан аса әйел отыр­ған. Жалпы, ГУЛАГ лагерьлерін ұйымдастыру арқылы кеңестік билік бір оқпен екі қоянды атқан болатын. Біріншіден, ел ішіндегі бас көтерер көзі ашық адамдардан құтылса, екіншіден, тұтқында отырғандарды тегін еңбек күші ретінде ауыр жұмыстарға жекті. «АЛЖИР»-ге келген әйелдерде Жа­ла­ңаш көлі жағасында қамыс шабудан бастап соғыс кезінде сарбаздарға киім тігуге дейінгі түрлі жұмысты тегін атқарды.

Әйелдердің осы қасіретті қапасқа келу тарихының өзінен бір фильм түсіруге болады. Айтуға да ауыр аянышты сәттер көз алдыңа келеді. Жұбайларынан тірідей айырылып қан жұтып отырған оларға НКВД қызметкерлері келіп, абақтыда отырған күйеулерімен кездестіреміз деп алдап үйлерінен алып шыққан екен. Сонда «күйеуімді көретін болдым» деп қатты қуанған бейшара жандар балаларын да тастап, ең әдемі киімдерін киіп, әшекей бұйымдарын тағып сәнденіп шыққан деседі. Тіпті жүк тасуға арналған вагонға отырғанда да өздерінің қайда бара жатқандарын білмеген.

Бүгінде Ақмолдағы «АЛЖИР» музей-мемориал кешенінің алдында сол жүк вагондарының бірі экспонат ретінде тұр. Бұл жәдігер музей ашылғаннан кейін Атбасар стансасынан табылыпты. Адам түгіл мал тасуға да жарамсыз осы отарбадағы ұзақ жол үстінде ғана әйелдер өздерінің Қазақстандағы лагерьге бара жат­қандарын біледі. Елінде көп ұзамай келемін деп қалдырып кет­кен бала-шағасы бар. Содан әйелдер қолдарына түскен қағазға саусақтарын тістелеп қанмен хат жазыпты. Бала­ла­рын­ жақындарына аманат­тап, мекенжайларын жазып, үшбу хаттарын вагонның әжетханасындағы тесіктен жол бойына тастай берген.

Жол-жөнекей оларға тұздалған балықтан басқа ештеңе берілмеген. Шөл қысқан кезде вагон қабыр­ға­ла­рына қатқан мұзды жейді. Таңертең ұйқыдан оянғанда шаштары темір қабырғадағы қыраумен бірге жабысып қатып қалады екен. Осыдан-ақ сталиндік вагондағы жағдайдың қандай болғанын бағамдай беріңіз. Салдарынан жолда көп әйелдер аштық пен суықтан, ауру-сырқаудан қайтыс болады. Оларды маң далаға тоқтап, вагонның есігінен далаға лақтырып кете берген.

Аман қалған әйелдерді Темір­тау­дың маңындағы бір мекенге апарып, жауып тастайды. Екі ай бойы осы жерге кеңес одағының түкпір-түкпірінен әйелдерді тасып әкеліп, бәріне «халық жауы» деген құжатқа күштеп қол қойдырғаннан кейін «АЛЖИР» лагеріне апарып, 5 жылдан 8 жылға дейін қамалғандарын хабарлаған.

Лагерьде әйелдер түрлі ауыр жұ­мыс­қа жегілген. Таңғы сағат 4-5-тен­­­ тұрып, кешкі 9-10-дарға дейін Жала­ңаш көлі жағасында қамыс шабу, мал бағу, арық қазу, егін егу сынды жұмыс істейді. Әр әйелге жұмыс нормалары бекітіледі. Сол норманы орындамаған жағдайда немесе малды өлтіріп алса, егін дұрыс шықпай қалса, түрлі жаза  қолданылған. Мәселен, сәл ғана жаза басқаны үшін күнделікті өлшеулі тамағын бермей қою, тіпті мал өлтіріп алса, ату жазасына да кескен деректер бар. Әйелдерге жылына бір рет қана балаларына хат жазуға рұқсат етілетін. Сол сәтті олар асыға күтетін. Сондықтан олар үшін ең ауыр жаза – отбасына хат жазуға рұқсат бермей қою еді.

Балаларын сағынған әйел­дер­­­­ қиындыққа да шыдап бақты. Кү­ні­­­­­не көлдің жағасынан 30-40 бу­ма­­­­­ қамыс шабу талап етілсе, олар «ерте бостандыққа шығарар» де­ген­ үмітпен 70-80 бума дайындай­тын.­ Соңғы уақытта көп айтылып жү­р­ген құрт оқиғасы осы жерде бол­ған. Бұл – Жалаңаш көлінің арғы бетіндегі Жаңажол атты қазақ ауылы тұрғындарының ерлігі. Сол уақытта жаңажолдық қазақтар әйелдерге көмек­тесу үшін тек құрт емес, түнгі уақытта жасырын келіп, қамыстың арасына балық, ет, нанға дейін тастап кетіп отырған. Кейін лагерьден босаған бір топ әйел Жаңажол ауылына арнайы барып, жергілікті тұрғындарға алғыстарын айтқан деседі...

Лагерь жабылғанда олардың бәрі­нен осында отырғаны, лагерь жайында ешкімге тіс жармау туралы қолхат алынады. Қаншама жыл қасірет шеккен әйелдер қайтадан ұсталамыз деп қорқып, өмірден өткенше «АЛЖИР» туралы ешкімге айтпай кеткен. Соның салдарынан қазіргі күні 18 мың әйелдің толық тізімін анықтау мүмкін болмай отыр. Музей қызметкерлерінің айтуынша, 8 мыңдай ғана адамның аты-жөні анықталыпты. Олардың ішінде қазір көзі тірі ешкім жоқ. Ең соңғы тұтқын Анна Енданова 2014 жылы Ресейде қайтыс болған. Бәлкім, аты-жөндері анықталмаған 10 мыңдай адамның ішінде әлі тірі әйелдер де бар шығар...

Ресми деректерге қарағанда, қазір­гі­ күні анықталған 8 мың әйелдің 4 мың­нан астамы орыс ұлтынан болған. Сонымен қатар еврей әйелдері де көп болыпты. 87 қазақ әйелінің ғана аты-жөні анықталған.

1953 жылы Сталин өлгеннен кейін «АЛЖИР»-ді жабу туралы шешім қабылданады. Бірақ лагерь 1955 жылға дейін жұмыс істеп тұрған. Кейін барлық құрылыстары, барактары мен әкімшілік ғимараттарының бәрі бұзылып, тарих бетінен мұндай тозақтың болғанын өшіру үшін жермен-жексен етіледі. Жоғарыда айтқандай, ол уақытта Жалаңаш көлінің арғы бетінде Жаңажол ауы­лы болса, бергі жағында, яғни лагерь тұрған жерде елді мекен жоқ еді. Бірақ мұнда әйелдер еккен жеміс ағаштары, әсіресе таңқурай көп болатын. Нәтижесінде, осы жерге адамдар келіп қоныстанып, жаңа ауыл пайда болады. Оған таңқурай, яғни орысша «малина» жемісінің құрметіне Малиновка деген атау берген. 2007 жылы Ақмол атауы берілгенге дейін ол Малиновка деп аталып тұрғаны белгілі.

Қанша жерден жасырып-жапса да, «АЛЖИР» ақтаңдағын ешкім тарих бетінен өшіре алған жоқ. 80-жылдары Малиновканы басқарған неміс ұлтының өкілі Иван Шарфтың бастамасымен Жалаңаш көлі жағасынан құс фабрикасын салу барысында жер астынан адам сүйектері табылған. Оған дейін ауыл тұрғындарының өзі бұл жерде лагерь болғанын білмейтін, білсе де айтуға қорқатын. Дегенмен Иван Шарфтың мұрындық болуымен алғаш рет «АЛЖИР» туралы ақиқат ашық айтыла бастады. 1989 жылы ол кісі лагерьде отырған әйелдерге хат жолдап, кездесуге шақырады. Ол кезде әйелдердің көбі тірі болғанымен, «Бізді тағы да алдап шақырып жатыр» немесе «ұрпақтарымызға кесірі тиеді» деп қорқып, кездесуге келуден бас тартқан. Тек 15 шақты әйел батылдық танытып, осы ауылға кездесуге келіп, лагерь туралы көзбен көрген оқиғаларын баяндап берген.

2007 жылы Ақмол ауылынан «АЛЖИР» музей-мемориал кешені тұрғызылды. Сол кезден бері музей қызметкерлері лагерь тарихына қатысты мәліметтерді тірнектеп жинап келеді. Бұрын айтылмаған деректер, ашылмаған сырлар табылып жатыр. Бірақ атқарылар іс әлі де ұшан-теңіз. Бұл енді басқа әңгіме...