19 Шілде, 2014

Ақпараттар ағыны

345 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
● Металлург күніне орай саланың үздіктері марапатталды. Оны Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізді. Салтанатты жиында саланың бір топ маңдайалды қызметкерлеріне «Кенші даңқы», «Еңбек даңқы» мерекелік төс­белгілері тапсырылды. Сонымен қатар, қайта жаңғырған «Құрметті металлург», «Құрметті кенші» белгілері де өз иелерін тапты. ● Қазақстанда жүзеге асырылатын үздік әлеуметтік жоба анықталады. Ол екінші республикалық байқаудың қорытындысында белгілі болады. Сынақ аймақтарда маусым, шілде айларында өтіп, қыркүйек айында республикалық көрмемен аяқталады. ● «Назарбаев Университеті» технопаркінде бірегей ғылыми жобалар таныстырылды. Кеше жүзеге асқан бұл жұмыстардың барысында Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов коммерцияландыру желісі бойынша іріктелінген қазақстандық ғалымдардың жобаларын көрді. Атап айтқанда, министрге кеңселік қағаздарды қайта өңдеу әдісі, гидрофобты композитті материалдарды шығару, сканерлеуші зондты нанотомограф, онлайн оқыту үшін адаптивті аттестацияның технологиялары, қазақша сөздерді тануға арналған зияткерлік жүйе және басқа да жобалар көрсетілді. ● Оңтүстік Қазақстан облы­сының Қазығұрт ауданында тамшылатып суару әдісі кең өріс алды. Осындағы «Қызылқиясу» ЖШС алма бауындағы 8,6 га алмалы алқапта көшеттер интенсивті технология арқылы тамшылатып суарылады. Компания басшысы Ержан Мәдібеков мұнда «Голден делишес», «Ред делишес», «Гала», «Фуджи», «Гренни смит» сұрыпты көшеттер отырғызылғанын айтты. ● Қызылорда облысында индустрияландыру картасы нысандарында 500-ден астам жұмыс орны ашылады. Биылғы жылы жалпы құны 4,2 млрд. теңге болатын 4 жоба жүзеге асырылады деп жоспарланған, қазір бір жоба іске қосылды. Химиялық реагенттер өндіретін «Хуа ю интернационал» ЖШС жобасының құны 500 млн. теңге, қуаттылығы жылына 2 мың тонна өнім шығаруға мүмкіндік береді. ● Шымкентте Шәмші Қал­даяқовтың туған күніне орай дәс­түрлі ән апталығы басталғалы отыр. Оны ұйымдастыратын Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы тамыздың 13-інде ашылатын фестивальдегі барлық шараларды белгілеп берді. ● Қостанайда мүмкіндігі шек­теулі жандар би арбасына қол жеткізді. Ол қаладағы «Надежда-Үміт» қайырымдылық қорының былтыр облыс әкіміне өтініш біл­діруі арқылы мүмкін болды. Би­лік басындағылар жарымжан жан­дардың бұл өтінішін аяқасты етпей, биге арналған бес бірдей мүгедек арбасын сыйға тартты. Хабарлар «ҚазАқпарат», BNews.kz, Аlau.kz, Altaynews.kz, Egemen.kz сайттарының деректері бойынша дайындалды.