Құқық бұзушылықтың алдын алу және жасалған қылмыстардың нәтижесінде келтірілген залалды өтеу жөніндегі шаралардың тиімділігі талқыға салынған Үйлестіру кеңесінің жұмысына Президент Әкімшілігінің өкілдері, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың, бейінді министрліктердің басшылары, атап айтқанда, Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Марат Ахметжанов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали, Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов және басқа да мүдделі сала өкілдері қатысты.
Жиын барысында көтерілген бірінші мәселе – елдегі құқық бұзушылықтардың алдын алу. Мамандардың пікірінше, соңғы үш жылда қылмыстардың жалпы саны азайып келеді. Атап айтқанда, биыл ауыр қылмыстар 23,5%-ға, аса ауыр қылмыстар 29%-ға аз тіркелген. Адам өлтіру, тонау, қарақшылық, бұзақылық саны да азайған.
Дегенмен Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, кейбір қылмыс түрлерінің саны алаңдаушылық тудырады. «Біз азаматтардың қауіпсіздігіне анағұрлым теріс әсер ететін қылмыстардың алдын алуды күшейтуіміз керек. Бұл міндетті Мемлекет басшысы алдымызға қойып отыр», деп атап өтті ол. Соның ішінде есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы күрес бағытына ерекше назар аудару керек.
Бүгін елдегі есірткі қылмыстарының ахуалына қарасақ, өсімдік тектес «дәстүрлі» есірткінің орнын синтетикалық жолмен алынған психобелсенді заттардың белсенді түрде алмастырып жатқанын көруге болады. Соңғы деректер бойынша тәркіленген «синтетика» көлемі 3 есеге артқан. Бұл заттардың тез көбеюіне «мефедрон», «тұз» және басқа препараттардың интернет пен «жасырып кету» әдісі арқылы оңай қолжетімділігі себеп болып отыр.
Құқық қорғау органдары мамандарының айтуынша, есірткі қылмыстарына қарсы қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 3 жылда 122 есірткі зертханасы жойылып, есірткі таратумен айналысатын 17 ұйымдасқан қылмыстық топ қызметінің жолы кесілген, сондай-ақ заңсыз айналымнан 37,5 тонна есірткі заттары тәркіленген.
Бұдан бөлек, Үйлестіру кеңесі барысында балалар қылмысы, кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қол сұғушылық, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, алаяқтық және басқа да құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу мәселелері қаралып, уәкілетті органдар үшін бірқатар ұсынымдар әзірленді. Атап айтқанда, Ішкі істер министрлігіне бейнебақылаумен қамтылмаған «соқыр» аймақтарды анықтап, адамдар көп жиналатын жерлерде, көңіл көтеру орындары мен алкоголь сатылатын түнгі нүктелердің жанында камералар орнату ұсынылды. Сонымен қатар тәртібі нашар отбасылар мен жанжалқорларды есепке алу, олармен алдын алу жұмысын үнемі жүргізу аса қажет.
Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне оқу орындарында қауіпсіз орта қалыптастыру бойынша тәсілдерді қайта қарау ұсынылды. Бұл бағытта тәртібі сын көтермейтін адамдарды ерте бастан анықтап, психологиялық жұмысқа, әсіресе есірткіге бейім адамдармен жұмыс істеуге назар аудару керек. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігіне есірткіге тәуелді балаларға арналған оңалту орталықтарын құру бойынша ұсыныс жасалды.
Жалпы, кеңеске қатысушылар қылмысқа қарсы күресте ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және қазіргі заманғы сын-қатерлерді ескере отырып, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша шараларды белсендіру жайлы сөз байласты. Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі өңірлік комиссияларға әр аймақтың ерекшеліктерін ескере отырып, қылмыс жасаудың себептері мен жағдайларын жою жөнінде белсенді шаралар қабылдау ұсынылды.
Бас прокурор Берік Асылов облыстық прокурорларға үйлестіру кеңестерінде азаматтардың қауіпсіздігіне әсер ететін қылмыстардың алдын алу жөніндегі шаралар қаншалықты тиімді болып жатқанын қарау бойынша тапсырма берді.
Екінші мәселе аясында қылмыс салдарынан келтірілген залалды өтеудің өзекті проблемалары әңгіме арқауына айналып, оларды жою бойынша пікірлер талқыға салынды. Тергеу органдарының алдына азаматтар мен мемлекетке келтірілген залалды өтеу үшін құқықтық тетіктерді барынша пайдалану, бұл үшін қылмыскерлердің мүлкіне билік етуін шектеу және оларды қамауға алу жөнінде шұғыл шаралар қабылдау міндеті қойылды.
Отырыс соңында Бас прокурор криминогендік жағдайды жақсарту жөніндегі міндеттерді шешудің және қылмыстың барынша қауіпті түрлерінің алдын алу бойынша пәрменді шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.