Бұл бастама «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арасындағы «Кәсіпкерлерге қызмет көрсететін көп функциялы орталық» жобасын іске асыру шеңберінде өзара ынтымақтастық туралы бірлескен меморандум арқылы қолға алынды.
«Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталовтың айтуынша, әзірге бұл орталық Астанада пилоттық режимде ашылды. Енді бүкіл республика бойынша осындай орталықтарды ашу жоспарланып отыр.
«Сервистік қызметтерден бөлек заңды тұлғаны тіркеу, жылжымайтын мүлік құжаттарын заңдастыру, қызметкерлерге уақытша тұруға лицензия алу, рұқсат құжаттары және басқа да қызметтер көрсетіледі. «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясымен тиісті интеграциялық жұмыстар аяқталды. Бұл шара енді қолға алынған бизнеске толық кеңес алуға және бизнесті ашу және ілгерілету мәселелерін бір орталықта шешуге мүмкіндік береді. Біз бұл мәселені өткен жылдың соңында талқылап, қарқынды жұмыс істей бастадық, міне нәтижесін көріп отырмыз. Жақын арада пилоттық жоба тарала бастайды деп үміттенемін», деді Райымбек Баталов.
Ұлттық палата басшысы Кәсіпкерлерге қызмет көрсететін көп функциялы орталықта бизнеске пайдалы болатын басқа да қызметтер іске қосылатынын қоса айтты.
Сонымен қатар, орталықтың ашылу салтанатына Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин қатысты.
«Өзім кәсіпкер болғанмын, сондықтан мемлекеттік мекемелерде анықтама, құжат жинауға қанша уақыт кететінін жақсы білемін. Енді кәсіпкерлер көп шаруасын бір ғана мекемеде шеше алады», деді Бағдат Мусин.
Айта кету керек, барлық қызметтер мемлекеттік қызметтер стандарттарына сәйкес мерзімде ұсынылады. Өтініштерді барынша оң шешу үшін Көп функциялы орталықта сүйемелдеу көзделген.
Осылайша, жаңа орталықта «бір терезе» қағидаты бойынша 958 қызмет көрсетіледі, оның 860-ы мемлекеттік қызмет, ал 98-і қаржы институттарының сервистік қызметі.
Жоба бизнес-идеядан бастап жобаны қаржыландыру мен іске асыруға дейін бизнесті дамытудың барлық кезеңінде жұмыс істеп тұрған бизнес пен кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындарды кешенді сүйемелдеуге бағытталған.
Кәсіпкерлерге қызмет көрсететін көп функциялы орталық Астана қаласы Б. Момышулы к., 2/1 мекенжайында орналасқан.