2014 жылғы 19 маусым, Астана, Үкімет Үйі
«Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін бюджет қаражаты есебінен беру, сондай-ақ уәкілетті ұйымнан төленетін зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақыларды, мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 25 тамыздағы № 819 қаулысына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. «Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін бюджет қаражаты есебінен беру, сондай-ақ уәкілетті ұйымнан төленетін зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақыларды, мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 25 тамыздағы № 819 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 33, 355-қүжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін бюджет қаражаты есебінен беру, сондай-ақ уәкілетті ұйымнан төленетін зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақыларды, мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды тағайындау және төлеу қағидаларында:
6-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Мүгедектігі бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау үшін осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген құжаттармен қатар, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бақылау және әлеуметтік қорғау комитеті аумақтық органдарының медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері белгіленген нысандағы мүгедектігі туралы анықтамадан үзінді көшірме береді.»;
39-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжаттың қолданылу мерзімі өткеннен кейін зейнетақы немесе жәрдемақы төлеу тоқтатылады, ал жаңа құжат ұсынылған кезде тоқтатылған зейнетақы мен жәрдемақы төлемдері Орталық бөлімшесі тоқтатқан күннен бастап, бірақ шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын жаңа құжатпен өтініш жасар алдындағы үш жылдан асырмай қалпына келтіріледі.»;
58-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«58. Зейнетақы немесе жәрдемақы алушы адам қайтыс болған жағдайда, егер жерлеуге берілетін біржолғы төлемге өтініш зейнетақы немесе жәрдемақы алушы қайтыс болған айдан кейін үш жылдан кешіктірілмей берілген болса, оны жерлеуді жүзеге асырған адамға Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген мөлшерде жерлеуге берілетін біржолғы төлем төленеді.».
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ.