Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Сол мақала жарық көргелі бері де тура бір жыл өтіпті. Бірақ осыдан 2 жыл бұрын басталған қылмыстық іс әлі күнге бір шешімін таппаған. Жуырда Айзада Аманғалиевадан тағы да хат келіп түскенде, істің соңы сиырқұйымшақтанып созылып кеткеніне көзіміз жетті. Оның айтуынша, оқиғаның БАҚ-та жарияланып, қоғамдық дүмпу тудыруы арқасында былтыр 1 қарашада кассациялық инстанция соты 2021 жылғы 22 қыркүйектегі үкімді және 2022 жылғы 8 ақпандағы Апелляциялық инстанцияның қаулысын жоққа шығарып, кәсіпкерлік субъектілерінің лауазымды тұлғаларына қатысты істі жаңа құрамдағы апелляциялық инстанция сотына қайта жіберген. Алайда «қосылғыштардың орны ауысқанымен қосынды өзгермейдінің» кері келіп, сот құрамы ауысқанына қарамастан, іс бұрынғыша біржақты қаралып жатыр дейді Айзада. Оның пікірінше, бұл жерде Конституция, Қылмыстық-процестік кодекс талаптары өрескел бұзылып, айыпталушылардың конституциялық құқықтарына нұқсан келтіріледі.
«Күйеуімді қамаққа алу туралы бұрынғы үкімнің күшін жою туралы қаулы шыққаннан кейін де менің оны заңсыз түрде бас бостандығынан айыру орнында ұстап келеді. Жаңа құрамдағы сот бұл шешімді бұған дейінгі, яғни 2021 жылғы 12 ақпандағы тергеу сотының қаулысын қабылдауда негізге алынған дәлелдерге сүйенгенін айтады. Алайда ол қаулы дәлел ретінде қолдануға жарамсыз, өйткені заң нормалары өрескел бұзылған», дейді ол.
Сонымен бірге Жоғарғы соттың «Бұлтартпау шараларын санкциялаудың кейбір мәселелері туралы» №1 нормативтік қаулысының 9-тармағында көрсетілген талап та бұзылып, күдіктілердің аталған қылмысқа қатыстылығы тексерілмеген. Осыған орай жоғарыдағы нормативтік қаулының 10-тармағына сәйкес жаңа құрамдағы судьялар Е.Аманғалиевке тағылған айыптың негізділігін тексермегендігі туралы апелляциялық шағым жолданғанымен, арада бір айдан астам уақыт өтсе де, ол қаралмаған және мәселе шешілмеген.
«Сот айыптау тарапының дәлелдері бойынша өз міндеттемелерін орындаған жоқ, сондықтан ҚПК 320-бабының 2-тармағын өрескел түрде бұзып отыр. Егер сол талаптар орындалғанда, менің күйеуім қылмыстық құқық бұзушылық дәлелдерінің жоқтығына байланысты сот үдерісінің бастапқы кезеңінде ақталуы керек болатын. Алайда судьялар қорғаушылардың өтінішін қараусыз қалдырды», дейді оқырман.
Айзада Аманғалиеваның хатынан түсінгеніміз, сот тарапынан жасалынып жатқан заң бұзушылық көп. Тек заң талаптары емес, олар Конституция талаптарын да бұза отырып, күдіктілерге қатысты біржақты айыптау бағытында ғана жұмыс жүргізіп жатыр. Өйткені айыптау актісінің шешімдері нақты фактілер мен дәлелдерге емес, болжамдарға ғана негізделген дейді ол.
«Апелляциялық инстанция соты ешқандай себебін түсіндірместен, күйеуімді 20 айдан бері сотталушы ретінде қамақта ұстап келеді. Заң бойынша бұған жол берілмеуі керек. Оның бас бостандығына деген конституциялық құқы бұзылып отыр. Соттың өзі заңның үстемдігі үшін жұмыс істемей, өздері құқық бұзушылыққа барып жатса, басқалардан не қайыр?» дейді алматылық тұрғын.
Оның айтуынша, сот сараптамасын жүргізудің процессуалдық мерзімі де сақталмаған. «Өткен жылдың 26 желтоқсанында тағайындалған сараптама әлі күнге аяқталған жоқ. Заң бойынша 30 тәуліктен асырылмай бітуі керек еді. Ол түгілі нысанға тексеріс те жүргізілмеген. Сараптама жүргізу мерзімі сот тарапынан ұзартылған жоқ», дейді.
Сот үдерісінің осылайша ұзаққа созылуы тек айыптаушы тарапқа ғана пайдалы. «Бұл жағдайлар сот тарапынан айыптау үкімін шығару арқылы тергеуші мен бірінші және екінші инстанциядағы судьяларды жауапкершіліктен жалтартуға талпынып жатыр», дейді Айзада Аманғалиева.
Әрине, біз өз тарапымыздан оқырманның жазған жанайқайы қаншалықты шындыққа жанасымды екенін нақты айта алмаймыз. Алайда мақсатымыз – осы істің аяқсыз қалмай, әділ шешілуіне үлесімізді қосу. Егер шын мәнінде Ерболат Аманғалиев екі жылдан астам уақыттан бері заңсыз қамақта отырса, оның бостандыққа деген конституциялық құқы тапталып жатса, бұл – назар аударарлық жағдай. Жаңа құрамдағы соттың заңды және негізді шағымдарға жауап қатпауы, Алматы қаласы прокуратурасы тарапынан Конституция мен қылмыстық-процестік заң талаптарының анық бұзылуы, Жоғарғы соттың да өз судьяларының ант бұзу жағдайларына көз жұма қарауы секілді заңсыздықтардан қажыған оқырман осы істі газет арқылы көпшілікке жеткізуді сұрайды.