Ал сол ішкі жан дүиені қазынаға толтыратын орын – кітапхана мәртебесі қоғамда ешқашан өзінің орнын жоғалтпақ емес. Ойымызды тереңдей түссек бүгінгі дамыған замандағы жастар мен кітапты байланыстыратын алтын көпір – кітапхана. Көне жазбалар мен сирек кітаптардың ғұмыры ықылым заманнан, сонау бағзы дәуірлерден басталады. Сол секілді кітапхананың тарихы өте ертеден, көне ғасырлардан бастау алады. Кітапхана – тек кітап оқитын мекен емес, оның өзінің жанды рахат сезімге бөлейтін ішкі әлемі, тылсым құпиясы бар мәртебесі биік киелі шаңырақ.
Солай демекші, биыл Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасына 45 жыл толып отыр. Кітапхана 1978 жылдың тамыз айында облыстық мәдениет басқармасы бұйрығымен және Мәдениет министрлігінің 1977 жылдың 23 желтоқсандағы хатының негізінде ашылған.
Жасөспірімдер кітапханасы 14-16 жас аралығындағы жеткіншектерге, жастарға, бұдан бөлек педагогика саласында қызмет атқаратын ұстаздар мен тәрбиешілерге, басқа да көзі қарақты оқырмандарға қызмет көрсетеді. Сондықтан ол бүгінгі таңда мегаполистегі ең ірі мәдени-ағарту, білім беру, ақпараттық орталық болып саналады.
Ал ондағы кітап қоры 174 мың кітапты құрайды. Оның қызметін жыл сайын 24 мыңнан астам кітапсүйер оқырман пайдаланады.
«Жасөспірімдер кітапханасы – бұл даналық қазынасы. Осы мекеменің қызметкерлері жас оқырмандардың бірнеше ұрпағын тәрбиелеп өсірді. Жастардың рухани байлығын молайту жолында үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Кітап дәуір мен ғасырдың арасын жалғастырса, кітапханашылар кітап пен оқырман арасын байланыстырушы дәнекер», дейді аталған рухани орталықтың мамандары.
Рас, еліміздің ертеңі – жас ұрпақ. Сол өскелең ұрпақтың түзу ағаштай майыспай өсуі бірінші кезекте ата-ананың міндеті болса, екіншіден мектеп пен осындай рухани азық беруші ордалардың жауапкершілігіндегі іс. Сол себепті балалар мен жасөспірімдер бойында кітап оқуға деген құштарлықты ояту маңызды міндет. Міне, осы талап үдесінен шығу мақсатында әрі өскелең ұрпақтың рухани сусындап, әдеби-мәдени ой өрісін ертеден қалыптастыру үшін кітапхана қызметкерлері «Әжемнің ертегісі» жобасы аясында жүйелі түрде әртүрлі мазмұндағы іс-шаралар өткізіп келеді.
Сонымен бірге кітапханада жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру да маңызды. Сондай-ақ кітап оқу үрдісін жаңғырту бүгінгі талаптың біріне айналып отыр. Осы мақсатты жүзеге асыру бағытында кітапхана жанында «Кел сырласайық, қыздар!», «Жақсы адаммен жарты сағат», «Айна» сынды мүдделестер клубы жұмыс істейді. Бұдан бөлек кітапханада 3 веб сайт оқырман үшін қызмет көрсетеді.
ШЫМКЕНТ