Жалаң концерт емес, дәруі мол дәрісті кеш десе жарасқандай. Төрге қобыз шыққанда төменде тыңдарман, бір шетінде күйдің туу тарихы мен музыкалық құрылымын баяндап күйші Жанғали Жүзбайдың өзі отырса, олай болмағанда ше? Орындаушы қандай және. Қазақ қобызын елде ғана емес, құрлық асып шетелдерде дәріптеп жүрген дарынды қобызшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Оразбаева әуелі Ықыластың «Қоңырын» бебеулетті. Қоңыр сарын құйқылжыған әуеннен гөрі, ойға бейім, терең толғақтың күйі. Арасында шалқытып қоятын тұсы да жоқ емес. Р.Оразбаева шалған тағы бір туынды «Ерден» еді. «Қобыздың шанағында есіл Ерден» дейтін халық. Арқада өткен Сандыбайдың Ердені кезінде баласы өліп жатып қалғанда, басын күймен көтерген Ықылас деседі. Бұл туралы бірнеше аңыз әңгіме бар, солардың бір нұсқасын Тәкен Әлімқұлов көркем шығарма етіп жазғаны есте. Ықылас туралы ол әңгіме тіптен керемет.
«Тар жол, тайғақ кешуінде» Сәкен де тоқталады Ықылас өнеріне. Халықты бұл заманда күйге бөлеген күйшінің ол замандағы тыңдармандары қалай әсерленгенін біле жүріңіз. «Ықылас қобызын алып, қылын жөндеп, шайырлап алып, ақырын ырғап сыза бастады. Ықаңның ұзын саусақтарының ұшынан ыңыранған мұңлы күй сарнай бастады. Қобыздың ыңыранған үнімен бірге менің жүрегім лүпілдей бастады... Ықаңның қобызының күйі әуелі ақырын ырғалып, сызылып отырып, бірте-бірте күңіреніп кеп, зарлай жөнелді. Еңіреген, күңіренген күй көктен құйылып отырған сияқты болды. Менің жүрегім лүпілдеп, бүкіл жұлыным шымырлап кетті. Үйде отырған жұрттың бәрі де қатып қалды. Күй еңіреп, сұңқылдап жылаған сияқты болып зарлады. Еңіреп төгілген, еңіреп сызылған күймен бірге адамның жүрегі, жүрек-бауыры елжіреп қозғалған сияқты болды. Мен төмен қарап қатып қалған екем. Әлден уақытта есімді жиып алып, көзімнің астымен ақырын қарасам, қобыздың құлағы Ықыластың сүйекті шықшытына қатты жабысып қалған екен. Ықыластың екі қолы қобызды есіп, еңіретіп отыр екен де, еңіреген қобыз күйімен бірге өзінің шұңғыл көзінен жас тарамданып ағып, сақалына тамшылап отыр екен. Менің де жүрегім елжіреп кетті. Сәтбайға қарасам, о да төмен қарап жылап отыр. Ақырын, жағалай өзге жұртқа қарасам, үйде отырған жұрттың бәрі де ақырын жылап отыр, мен қозғала алмадым. Біраздан соң Ықылас өксітіп кеп қобызын тоқтатты. Бірсыпыраға шейін жұрт есін жия алмай отырды...», дейді Сәкен.
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымы «Ұлыларға тағзым» жобасын былтырдан бері қолға алып, Мұхтар Әуезовтің – 125, Ғабит Мүсіреповтің – 120, Ғазиза Жұбанованың – 95, Еркеғали Рахмадиевтің – 90, Күләш Байсейітованың – 110, Роза Бағланованың – 100, Ақселеу Сейдімбектің – 80 жылдық мерейтойларына орай және Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығын насихаттауға арналған кештер өткізіп келген. Биылғысын даланың даңғайыр күйші-композиторы Ықылас Дүкенұлының туғанына 180 жыл толуына орайластырыпты. Концертте Ықыластың «Жезкиігін» мәдениет саласының үздігі, қобызшы-дирижер Әділет Азбаев орындады. Бұл – қазақ даласына кең тарап, халықтың жүрегіне сіңген қапысыз туынды. Аса толғақты күйдің бас жағы кезінде сөзін Кәкімбек Салықов жазған Жақсыгелді Сейіловтің «Жезкиік» әнінің тізгінқағарында тартылатын. Сирек сазгерлер санатындағы Жақаң оны білгендіктен арнайы алып қосқан әнашар ретінде. Мұндағы айтпағым, Ықыластың сарындары, күйлерінің үзіндісі қай кино, спектакль, жекелеген туындыларды әрлеп, халықтың көкірек көзін ашпады дейсіз? Қорқыт, Ықылас, Сүгір сынды тағы басқа ұлы композиторлардың шалқар туындылары ел игілігіне айналғалы қай заман? Аталған «Жезкиік» күйі халық арасына кең тарап, елдің сүйікті шығармасына айналғаны сондай, шоқтықты туындыны заманында Мағауия Хамзин домбыраға түсіріп, тартқан екен. Атақты туындының домбырадағы нұсқасын қазір күйші Қайрат Айтбай орындап жүр. Және шебер шалатыны байқалады. Осы жолы да сөйтті. Қалай десек те, қазақ домбыра мен қобызды бір-бірінен айырып алмайды. Ұлттың жаны мен жүрегіндей егіз екеуі.
Іле-шала Кәкімбек сөзіне жазылған «Жезкиікті» дәстүрлі әнші Сырым Мұхамеджанов орындағанда, кеш шарықтау шегіне жеткендей болған. Алайда, барған сайын шырқай түсті өнерпаздар. Бұлардан кейін қобызшы, күйші Жаңқаш Жұмабеков, Жанғали Жүзбай бастап, қобызшылар Жалғас Нұрашев, Шолпан Шарапатова, Жұмагүл Қуанышқали Ықыластың «Кертолғау», «Жолаушының жолды қоңыры» сынды бірнеше күйін шалқыта орындады. Дәстүрлі әнші Біржан Айтахмет домбырада Ақселеу Сейдімбектің «Сарыарқасын» салса, Әлібек Бимендин мен Айдос Оңғарбай қобызбен халық әндерін айтты. Кеш Раушан Оразбаева сыңсытқан Ықыластың «Аққуымен» жабылды.