Қоғам • 31 Мамыр, 2023

Фотошежіре – баға жетпес ақпарат

369 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар архивінің құрылғанына биыл 80 жыл толып отыр. Мұрағат жұмысының маңызын түсінгендіктен ел басына күн туып, қан майданның қызып жатқан кезінде қабылданған шешімге сәйкес құрылған мұрағат ғасырға қадам басқан ғұмырында мемлекет дамуының шежіресін жазумен келеді. Атаулы күнге орай, Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінде «Қазақ әдебиеті: фотошежіре 1920-1970 жылдар» атты фотоальбомның тұсаукесері өтті.

Фотошежіре – баға жетпес ақпарат

Суретті түсірген Юрий БЕККЕР

Жиында Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжатттар мен дыбыс жазбалар архиві директоры Ілияс Ысқақов, Әл-Фара­би атындағы ҚазҰУ Басқарма төра­ға­сы-ректоры Жансейіт Түймебаев, Түр­кі дүниесі Жазушылар одағының төра­ғасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, ақын, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Темір­хан Медетбек, мемлекет және қоғам қайрат­керлері, зиялы қауым өкілдері бас қосты.

Фотоальбомды дайындау идеясы осыдан бір жыл бұрын, шығармашылық, іздес­тіру-зерттеу жұмыстарына көшкен­нен кейін қолға алған  философия ғылым­дарының кандидаты, доцент Жанай Омарға тиесілі. Қазақ тарихы мен мәде­ние­тіндегі маңызын ескере отырып,  мемле­кеттік мұрағат қорларын көбейту мақ­са­тында «Қазақ әдебиеті: фотошежіре (бірін­ші бөлім)  1920-1970 жылдар» жоба­сын іске асыруға кіріскен. Бүгінгі қауым теледидардан музыканттардың, әншілердің ертеректегі келбетін көбірек қызықтайды, ал сол дәуірде өмір сүрген ғалымдар, қаламгерлер бейнесі тым сирек көрініс табады.

«Бүгінде халқымыздың рухани-мәдени мұрасына назар аудару үшін аудиовизуалды архив қорларын зерттеудің маңызы зор. Олар ел өмірінің барлық салалары туралы сенімді ретроспективті ақпараттың баға жетпес көзі болып табылады. Кейде тек бір фотоқұжат көптеген жазба мәтіндерге қарағанда көбірек ақпарат бере алады. Белгіленген кезеңнің архивтік құжаттарын қамтитын бұл басылым қазақ әдебиетінің қалыптасуы мен дамуының ілгерідегі жылдарына, ең алдымен қазақтың әйгілі ақындарының, атақты прозашыларының, әдебиет сыншыларының  алғашқы буын­дары­ның естеліктеріне арналған. Олар­дың ішінде жазушылардың өмірі мен еңбегі туралы баяндайтын көптеген сирек кез­десетін аз танымал фотосуреттер бар. Кей­біреуі архивтерде ұмыт қалған, ғылыми қолданысқа енбеген», дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанай Омаров.

Мазмұны хронологиялық тәртіппен құрастырылған жинақ бес бөлімнен тұрады. «Аласапыран төңкерісті жиырма мен отызыншы жылдар (1920-1939)», «Қиын-қыстау қырқыншы жылдар (1940-1949)», «Еңсе тіктеген елуінші жылдар (1950-1959)», «Алпысыншы жылдар асулары (1960-1969)», «Жетпісінші жылдар же­місі (1970-1979)»  атты бес бөлімге топ­тас­тырылған фотосуреттер өз дәуірінің шын­ды­ғын толғап, келбетін көз алдыға әкеледі.

Фотоальбом негізін Мұхтар Әуезов музейінен, Ғабиден Мұстафин, Хамит Ерғалиев, Қабдыкәрім Ыдырысов, Қасым Қайсенов, Әбіш Кекілбев, Ақселеу Сейдім­бек, Серік Қирабаев, Максим Зверев, Морис Симашко, Мәриям Хакімжанова, Сейітжан Омаров, Амантай Сатаев және тағы басқа жазушылардың отбасылық архивтерінен, Қайрат Мұстафин, Иосиф Будневич, Юрий Куйдин, Петр Редько, Рахымбай Ханалиев, Сайлау Пернебаев сияқты белгілі фотографтардың жеке мұрағаттарынан алынған фотоқұжаттар құрады.

Фотоқұжаттар жас ұрпақты өткен кезең­мен таныстыруда, тарихи сананы жаң­ғыртуда ерекше рөл атқарады. Жиын­да сөз алған зиялылар жарық көрген жаңа фото­ше­жіре альбомының бүгінгі қазақ руха­нияты үшін құнды еңбек екенін атап өтті.