Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Жасынан пысық, өткір әрі алғыр болып өскен оны үлкендер «нағашысына тартып туған бала» дейді екен. Нұрғалидің анасы Рабиға – шұбыртпалы Ағыбай батырдың туған қарындасы. Архив деректерінен табылған мәліметтерге қарағанда, ауылымызда үш бастауыш мектеп болыпты. 1914-1918 жылдары Атбасар қаласындағы екі сыныптық училищені одан кейін екі жылдық мұғалімдер курсын бітіреді. Жасынан еті тірі, сауатты азаматтың есейген жылдары қазан төңкерісінің ұлы өзгерістерімен орайлас келеді.
Саясатты терең түсінетін көзқарасымен және екі тілге де сауаттылығымен көзге түскен Нұрғали Нұрсейтұлы 1921 жылы большевиктер партиясының мүшелігіне қабылданады. 1923-1925 жылдары Ақмола уездік партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінде қызмет істейді. 1925 жылы арнайы жолдамамен Ленинград қаласындағы коммунистік университетке оқуға жіберіледі. Оқып жүрген кездерінде ерекше іскерлігімен көзге түсіп, Ленинград аудандық партия ұйымының тапсыруымен зауыттардағы партия мектептерін тексеру жұмыстарына қатысады. 1928 жылы университетті жақсы аяқтап, сол кездегі ел астанасы – Қызылордада орталық аппаратта жұмыс атқара жүріп, Голощекин саясатына ашық қарсы шығады. Өр мінезді, ұлт жанашырының болашақ тағдыры осы кезеңнен бастап орталық комитет басшылығының қатаң бақылауында болды деп айтуға негіз бар.
Саяси көзқарасы үшін Нұрғали Нұрсейітұлы 1930 жылы Ақтөбе округтік партия ұйымына ауыстырылады. 1933 жылы Л.И.Мирзоян мемлекет басшылығына келгеннен кейін ғана Қазақстан өлкелік партия комитеті аппаратына қызметке шақырылады. 1934 жылы Қарқаралы округіне бірінші хатшы болып сайланады. 1936 жылы округтер таратылып, Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланады. Көп ұзамай жалған жаланың жазықсыз құрбаны болған халқымыздың бір топ ардақты ұлдарымен бірге Нұрғали да ұсталып, түрмеге қамалады.
Қазақ жерінде, ел бесігі – ауыл-аймақтарда болып жатқан қара түнек қасіреттің залалын анық түсінген көзі ашық, саналы азамат жастай қосылған жұбайы Шәрбанға шұғыл хабар жеткізеді. Өзінің енді қайтіп бұл жерден аман шықпасын түсінген азамат әйелінің тез арада айырылысуын талап етеді. Уақыт өткізбей біреудің етегінен ұстап, көзінің қарашығындай қос сәбиді Ақас пен Раушанның тегін өзгертуді өтінеді. Сүйген жарынан тірідей айырылған Шәрбан жылап-сықтап жүріп, Нұрғалидің соңғы тілегін орындап, екі баласын өз әкесінің тегіне ауыстырып, Рүстемовтер атанып Қырғызстанға көшіп кетеді. Елі, халқы үшін жанын шүберекке түйіп, Голощекинге қарсы шыққаны үшін өр мінезді ер 1937 жылы қарашаның 22 күні ату жазасына кесіледі. Алайда 1957 жылы 19 шілдеде қылмысы дәлелденбеген соң ақталып шығады. Сталиндік саясаттың қитұрқылығы соншалық, Нұрғалидай боздақтың 71 жастағы әкесі Биғарин Нұрсейіт те 1937 жылы 28 қараша күні ұсталып, « халық жауының» әкесі болғаны үшін 10 жылға сотталып кетеді. Ақсақал сан жылдар өткеннен кейін тек 1989 жылдың 16 қаңтар күні ғана ақталған.
Ал Нұрғали Нұрсейтұлы 1957 жылы ақталады. Оның кінәсіздігін дәлелдеген құжат Қарағандыдағы архив қорынан табылған. 1970 жылдары Шәрбан апай Алғабас ауылына, туыстарына келіп кетіпті. Осы күні ұрпақтары Қырғыз елінде тұрып жатыр. Іздестіріп, телефон арқылы байланысқа шыққанымызбен, өкінішке қарай, аса қызығушылық танытпады.
Биыл Нұрғали Нұрсейітұлының туғанына 120 жыл толады. Ұрпақтары жатжұрттық болып кетіп, елде іздеушісі болмаған соң оны республика тұрмақ туған ауылы мен жерінде, қызмет істеген аудан, облыс орталықтарында еске алу іс-шарасы өткізілмегені өкінішті. Осы олқылық жанға батады...
Талғат ҚҰРМАНҰЛЫ,
Астана қалалық билер кеңесінің мүшесі