Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Индекс зейнетақы жүйесінің тұрақтылығы мен жеткіліктігін кешенді бағалауға арналған. Ол үш қосалқы индекстен құралып, 1-ден 7-ге дейінгі шкала бойынша бағаланатын 40 параметрді ескереді, мұнда 1 ең жақсы нәтижені білдіреді. Есеп 2023 жылдың наурыз айындағы соңғы қолжетімді деректерге негізделген.
«Allianz» бағалауы бойынша, ең үздік зейнетақы жүйесі бар ел 2,2 ұпаймен Дания болды. Одан кейін 2,6 ұпай жинаған Нидерланд пен Швеция, артынша 2,8 ұпаймен Жаңа Зеландия, сондай-ақ әрқайсысы 2,9 ұпаймен АҚШ, Тайвань және Израиль алдыңғы саптан орын алды. Бельгия мен Австралияның зейнетақы жүйесі 3 ұпайға бағаланды. Ал Оңтүстік Корея, Люксембург, Швейцария және Ұлыбритания елдерінің бағасы ‒ 3,1 балл.
Өз кезегінде Қазақстанның жалпы индексі 3,5 тармақты құрады, бұл жалпы елдік көрсеткіштен (3,6 балл) жоғары. Еліміз ТМД-дағы көршілерімізді, соның ішінде Ресейді ғана емес, Испания, Чили, Сингапур, Біріккен Араб Әмірліктері, Словакия, Чехия, Венгрия, Түркия және басқа да елдерді басып озды. Бұл нәтижелер Қазақстанның зейнетақы жүйесі «Allianz» талдаған басқа елдермен салыстырғанда зейнетақы тұрақтылығы мен барабарлығы бойынша орташадан жоғары екенін білдіреді.
«Allianz» баяндамасында халықтың қартаюы мәселесіне баса назар аударылады, өйткені бұл демографиялық процесс ‒ әлемдегі зейнетақы жүйелері үшін негізгі проблемалардың бірі. 2050 жылға қарай әлемде шамамен 1,6 миллиард адам 65 жастан асқан және оның 1 миллиардқа жуығы Азияда (негізінен Үндістан мен Қытайда) болады деп болжануда. Жаһандық өмірдің орташа ұзақтығы 2023 жылғы 73,4 жастан 2050 жылға қарай 77,2 жасқа дейін артады. Сондықтан ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және болашақ ұрпаққа артық салмақ түсірмеу үшін зейнетақы жүйесін демографиялық өзгерістерге дайындау өте маңызды. Бұл жаһандық үрдіс Қазақстанға да қатысты.
Сонымен қатар БҰҰ болжамы бойынша, Қазақстанда қарттықтың демографиялық жүктеме индексі де артады. Мысалы, 2022 жылы бұл коэффициенттің мәні 12,9%-ды құрады. 2025 жылға қарай арақатынас 14,1%-ға, 2030 жылға қарай – 15,9%-ға, 2040 жылға қарай – 17,1%-ға, 2050 жылға қарай – 19%-ға жетеді. Дәл осы себепті әлемнің көптеген елдері, соның ішінде біздің еліміз де жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшті. Биыл республикамыздың жинақтаушы зейнетақы жүйесі өзінің 25 жылдығын атап өтуде.
Жалпы, елімізде жылдан-жылға зейнетақымен қамтамасыз ету бойынша барлық негізгі көрсеткіштердің серпінді өсуі байқалады. Атап өтсек, осы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша ел азаматтарының БЖЗҚ-дағы жинақталған зейнетақы қаражаты бір жыл ішінде 21,1%-ға артып, 15,7 трлн теңгеге жетті. Бұл қаралып отырған кезеңдегі соңғы жылдардағы ең жоғары өсім. Өңірлік тұрғыда азаматтардың зейнетақы жинақтарының ең көп мөлшері Алматы мен Астанаға түсті: тиісінше 2,97 трлн және 1,41 трлн теңге. Үздік үштікті Қарағанды облысы жапты: 1,24 трлн теңге.
2023 жылдың төрт айының қорытындысы бойынша БЖЗҚ-ға аударылған жарналардың көлемі 663,3 млрд теңгеге жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27%-ға артық (2022 жылғы қаңтар-сәуірде – 523,5 млрд теңге). Міндетті зейнетақы жарналары бойынша сома бір жылда 26,8%-ға өсіп, 631,1 млрд теңгеге, міндетті кәсіптік жарналар бойынша – 24,2%-ға, 31,6 млрд теңгеге, ерікті зейнетақы жарналары бойынша – 73%-ға, 690,4 млн теңгеге дейін өсті.
Еліміздің зейнетақы жүйесі қарт адамдарды зейнеткерлікке шыққаннан кейін лайықты өмір сүру құралдарымен қамтамасыз етуге бағытталған тұрақты дамуды көрсетеді. Бұған БЖЗҚ-ның ресми деректері де, халықаралық бағалар да дәлел.