Аталмыш жобаны қаржыландыруға 750 млн теңге бөлінген, оның 500 млн теңгесін Ұлытау облысының әкімдігі, 250 млн теңгесін Отбасы банк қосты.
Несиелендіруге Ұлытау облысында жұмыс істейтін келесі қызмет салаларының жас мамандары қатыса алады:
- Денсаулық сақтау – денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік ұйымдардың штаттық қызметкерлері;
- Білім беру – білім беру саласындағы мемлекеттік ұйымдардың (соның ішінде мемлекеттің қатысуы 100% құрайтын АҚ және КЕАҚ) педагогикалық ұжымы;
- Мәдениет – мемлекеттік мәдениет ұйымдарының мамандандырылған қызметкерлері;
- Спорт – мемлекеттік ұйымдарда қызмет істейтін спортшылар мен жаттықтырушы-оқытушылар;
- Бұқаралық ақпарат құралдары – ресми тіркелген БАҚ-ның штаттық қызметкерлері;
- ЖОО – жоғары оқу орындарының қызметкерлері;
- Әлеуметтік сала – халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік ұйымдардың штаттық қызметкерлері.
«Ulytau zhastary» бағдарламасына 18-ден 35 жасқа дейінгі (қоса алғанда) Ұлытау облысының тұрғындары қатыса алады.
Айта кететін тағы бір жайт - үміткерлердің өтініш берген кездегі ресми жұмыс өтілі соңғы 12 айдан кем болмауы тиіс. Нақтырақ айтқанда, қатысушының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің соңғы бір жыл бойы облыста тұрақты тіркеуі болуы қажет. Сондай-ақ қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы керек.
«Ұлытау облысының әкімдігімен бірлесе отырып, өңірлік жастар бағдарламасы аясында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойдық. Осылайша жас азаматтардың жергілікті жерлердегі баспана мәселесі шешіліп жатыр. Бұл олар үшін өте маңызды. Өйткені, жеке баспана – болашаққа деген нық сенім, отбасын құруға, кәсіби өсуге деген ұмтылыс», деді «Отбасы Банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Отбасы банк пәтер сатып алуға беретін несиенің ең жоғарғы сомасы 20 млн теңге (егер мүліктің құны 20 млн теңгеден асатын болса, онда айырмашылықты қатысушы өз қаражаты есебінен, банктің ағымдағы шотына қосса болады). Алғашқы жарна кем дегенде 10% болуы керек. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5%-ды (ЖТСМ5,2%) құрайды.
Айта кетсек, несиені 19 жылға дейін алуға рұқсат етілген.