Актер айтады: – Адамның тағдыры қызық қой. Дегенін емес, пешенесіне жазылғанын көреді. Әйтпесе, менің әу бастағы тілегім театр емес, атақты әнші болу еді. Театрға кездейсоқ келдім десем де болады. Оның себебі бала кезімізде театр дегеннің не екенін білген жоқпыз. Мен туып-өскен ауылда театр деген атымен жоқ. Тек ара-тұра жылына бір-екі рет клубқа кино келіп, көрсетіліп тұратын. Алғашқы көрген фильмім – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» болса, театрмен таныстығым Қарағанды театрының «Еңлік-Кебегінен» басталды. Бірақ киноның ширақ, шытырман оқиғаларынан кейін театр әлемі мені өзіне онша тарта қоймады. Ал әншілік қабілет анам Рымжаннан дарыса керек. Күнде кешкісін шешемнің салған әндерін естіп жүріп есіл-дертім әнге ауды. Тағдырымды да іштей осы салаға теліп қойдым. Алайда таңдауымды айтқанда, әке-шешем, ағайындар түбегейлі қарсы болды. Оның үстіне, әншілікті қайдан оқу керектігін де білмеймін. Содан ойламаған жерден Алматы зоотехника-малдәрігерлік институтына түстім. Бірақ онда көп тұрақтай алмай, үш айдан кейін тастап кеттім. Келесі жылы әкем Қарағандының политехникалық институтына алып барды. Еріксіз емтиханға кіргелі отырғанымда «Орталық Қазақстан» газетінен «Қарағанды облыстық театры жанынан ашылатын студияға қабылдау басталады» деген хабарландыруды оқып, ойланбастан сол жаққа тарттым. Абырой болғанда, сәті түсіп оқуға қабылдандым. Оны бітірген соң Алматыға келдім. Дәл сол жылы Асқар Тоқпанов курс қабылдап жатыр екен, соған түстім.
Мен ойладым: – Актер айтқан тағдырдың тылсымы шығар, ойламаған жерден өмірі өнермен тоғысқан бозбала Тілектестің бала күнінде жүрегіне өшпес із қалдырған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» фильмі театрдағы тағдырына бұйырып, киелі сахнаға жасаған алғашқы қадамы да дәл сол Қозы рөлінен басталды. Жай ғана басталып қойған жоқ, өнердің үлкен қарашаңырағы М.Әуезов атындағы театр сахнасында қойылған ұлы режиссер, өз дәуірінің реформаторы Әзірбайжан Мәмбетовтің қойылымына топ ете қалды. Өнердегі жолын енді бастағалы отырған жас маман үшін бұдан асқан бақыт жоқ шығар, сірә.
Актер айтады: – Рас, бұл жағынан шынымен жолым болғандай. Оқу бітірген соң Қарағандыға қайтып оралып, туған жердің театрына қызмет етем ғой деп жүргенімде Асқар Тоқпановтан кейінгі екінші ұстазым КСРО халық әртісі Шолпан Жандарбекова М.Әуезов театрына алып келді. Мәмбетовтің таңдауына дөп келіп, төртінші курста оқып жүргенімде Қозыны ойнадым. Содан бастап сахнадағы өмірім басталып кетті. Міне, жарты ғасырдан аса уақыт өтті, өнермен бірге өмір сүріп келемін. Өзгеден артық керемет жұмыс істедім демеймін. Алайда бір-ақ нәрсені анық білемін – мен өзімнің мамандығыма, театрыма деген адалдығыма ноқаттай да қылау түсірмедім. Оны бүгінде ешкімнен ұялмай, қымсынбай айта аламын. Шүкір, театрда бір адамдай кілең басты рөлдерді ойнадым. Қозыдан басталған қадам небір қарымды бейнелерге жол салып берді. Кейде бір мезетте екі-үш спектакльді қатар шығарып жатқан кезіміз болды. Сондықтан менің сахнадан басқа жаққа бұрылуға шамам болмады. Құрдастарым, қатарластарым ебін, ретін тауып киноға түсіп жатты. Ал мен таза театрмен өмір сүрдім. Соның салдарынан болар, киноға аз түстім. Кейде іріктеуден өтіп тұрып, бас тартқан кездер болды. Оның үстіне, Әзекеңнен сұрана беруге де ыңғайсызданатынмын. Сенім артқан соң, барынша жауапкершілік үдесінен шыққым келді. Шынын айту керек, жас кезімде кино өнерін онша бағалаған жоқпын. Пірім – театр болды. Бірақ кейін, жас келген соң ойлап қарасам, адам өзін қолынан келетін өнердің қай қайсысында сынап көруден тартынбау керек екен. Өмір бір-ақ рет беріледі. Ал тағдыр ұсынған кез келген сыйды да, сынақты да адам қарсы алуға дайын болуы қажет. Бұл енді менің жүрек түкпірінде жатқан өкінішім десем де болады. Әрине, киноға мүлдем түспедім деп айтпаймын. Режиссер Виктор Пұсырмановтың «Қош бол, сұлу», «Алатаудың күміс мүйізі», моңғолдармен бірігіп түсірген «Атқыш Хумучи», «Мейрамның үш күні» сынды бірнеше фильміне түстім. Сламбек Тәуекел «Жерұйығына» шақырды. Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың баласында» ақсақалдың рөлін ойнадым. Міне, осындай бірнеше фильмде шығармашылық қарымымды сынап көрдім. Алайда іштей өзімде «Осы рөлім тәуір шықты» деген бір ризашылық сезім жоқ. Есесіне, театрда ондай рөлдерім көп. Қазір де киноға түсуге ұсыныстар түсіп тұрады. Бірақ оған енді жас кездегідей емес, басқаша талаппен қарайды екенсің. Осы күнге дейін менің шығармашылық мүмкіндігімді толық ашатын рөл маған кезіккен жоқ. Ал ұсынылған сценарийлер талап пен талғамға сай келмеген соң бас тартуға тура келеді. Кезінде марқұм Сатыбалды Нарымбетов «Саған арнайы сценарий жазу керек» деп айтушы еді. Бірақ оны кім жазады, кім түсіреді? Ол да бір үлкен мәселе.
Мен ойладым: – Әлі есте, осыдан тура бес жыл бұрын, яғни актердің 70 жасқа толған мерейтойына орай Тілектес Мейрамовқа арналып қойылған италиялық драматург Ф.Бордонның «Қардағы көгершіннің ізі...» спектакліне көзайым болғанымыз бар еді. Сонда бас кейіпкердің аузымен айтылатын «Мен өз рөлімді адал орындадым» деген сөзі бар. Дәл осы реплика актер Тілектес Мейрамовтың да өмірлік кредосы сияқты сезілген сонда. Өйткені өмірін тұтасымен театрға бағыштаған актер киноны айтасыз, жалғыз ұлын жер қойнына тапсырып тұрып рөлінен бас тартпаған. Ол өлермендік емес, керісінше жан дүниесі төңкеріліп, жанарынан қанды жас парлап тұрса да, актер театрға деген адалдығына дақ түсірмеді, көрерменінің алдындағы жауапкершілігін бәрінен биік қойды. Басшылық екінші құрамдағы актердің рөлге дайын еместігін ескеріп, премьераны кейінге шегеру туралы шешім қабылдамақ болады. Бірақ Тілектес Мейрамов жаны ағыл-тегіл жылап тұрса да өзіне артылған жауапкершілікті арқалап шығады. Өйткені өмірін театр өнерінің қазығына байлаған актер үшін кейде жеке басындағы қасіретті ұмытуға тура келеді. Мұндай рухани ішкі беріктікті кезінде қазақ театрының ақсақалы Серке Қожамқұлов өмірінен де кезіктіруге болады. Ағалар тәлімін көріп, ұлы ұстаздардың ұлағатын сіңірген Тілектес Мейрамовтың басқаша мінез көрсетуі мүмкін де емес еді.
Актер айтады: – Бүгінде өзім де ақсақалдық жасқа жетіп отырсам да, Әуезов театрындағы Серке Қожамқұлов, Сәбира Майқанова бастаған аға-апаларымның мейірімін сұмдық сағынамын. Мәселен, біздің кезімізде Серке Қожамқұловты Әзекеңнен (Әзірбайжан Мәмбетов – автор) бастап «Театрдың қызыл құжаты» деп атайтын. Серағаң театрдың табалдырығын аттағаннан-ақ барлық ұжым тікесінен тік тұрып қарсы алатын. Сырттай қарағанда да, әңгімелесе кетсең де соншалықты бір қатал, маңайын қорқытып, үркітетін сұсты адам емес. Керісінше, үлкенмен де, кішімен де әзілі жарасқан адамгершілігі мол, жүзінен мейірімі төгіліп тұрған сондай жып-жылы кісі болатын. Бірақ не құдірет екен, Серағаңды көрсек, барлығымыз бойымызды тез жинап ала қоюшы едік. Өңменіңнен өтер көзқарасы, өзін өзі ұстауы мысыңды басатын. Кейін Серке аға өмірден өткен соң «Театрдың қызыл құжаты» Сәбира Майқанова апайымызға өтті. Өмірдегі қалпымыз бен азаматтық болмысымызды айтпағанда, сахнаға шыққанға дейінгі мәдениетіміз бен ізденісімізге де енді сол кісі тікелей жауап берді. Рөлімізді ойнап болған соң аға-апайларымыз не айтар екен деп, үлкендер жаққа қарайлай беретінбіз. Ол кезде көркемдік кеңестің өзі үлкен жиын секілді өтетін. Сәбира Майқанова, Шолпан Жандарбекова, Хадиша Бөкеева, Бикен Римова апаларымыздың қаздай тізіліп жиналыс залына өтуінің өзі үлкен оқиға һәм тәрбие болатын. Сахналық костюмімізден бастап, рөліміздің көркемдік деңгейіне дейін келелі талқылау өтетін. Ол кісілер батырып сынаса да, аяғыңды жерге түсірмей мақтаса да, барлығын солай болуы керектей қабылдайтынбыз. Бір тосылып, бір марқайып, сан түрлі күйді бастан кешуші едік. Ол кездегі Әуезов театрының тәрбие мектебі де, бір-біріне деген адами қарым-қатынасы да өзгеше еді. Біз үлкендердің алдын ешқашан кесіп өткен жоқпыз. Аға-апаларымыз да біздің атымызды атаған емес. Жас деп еркелетті, мейірімін төкті. Мәселен, Серағаң мені Келмес десе, Сəбира апам ғұмырының соңына дейін Өлмес атап кетті. Міне, үлкенді үлкен, кішіні кіші деп құрмет тұтатын осындай бір ерекше сыйласым болды біздің арамызда. Қазір бақсам, ол да бір үлкен мектеп екен. Иә, мен бақыттымын. Өйткені мен сондай ұлылардың көзін көрдім, сондай ұлылардың мектебінен өттім.
Мен ойладым: – Театр сахнасында өлмес бейне тудырып жүрген Тілектес Мейрамовты өнердегі аға-апалары Келмес, Өлмес сынды ат қойып еркелетсе, замандастары да түрлі теңеумен ардақтап, аға тұтады. Сондай інінің бірі – Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов. Режиссер актер туралы мақаласында былай деп жазады: «Егер оны көшеден көріп қалсаңыз, танымауыңыз мүмкін. Жиын-тойға барғанда, тіпті бір дастарқанда отырсаңыз да оның артист екенін білмей қалуыңыз ғажап емес. Себебі ол – сондай. Сөзге шешен, пысық емес. Қарапайым... Көбінде үндемес...». Иә, айқайлап, аттандамай-ақ үндемей жүріп үйдей үлкен шаруалар тындырып, сахнада кесек бейнелер тудырып жүрген актерді көп ішінен даралайтын қасиеті – еңбекқорлығы. Тіпті бұл туралы кезінде әйгілі актер Ыдырыс Ноғайбаев сахнадағы әріптес інілеріне: «Сендер ана кейіпкерді сомдасам, мына рөлді ойнасам деп үлкен бейнелерді күтіп жүресіңдер. Ал Тілектес бәріңнен озып кетеді, себебі ол рөл таңдамайды», деген екен. Біле білген адамға бұл – үлкен баға.
Актер айтады: – Жалпы, менің жан дүнием негізінен мінезді рөлдерге жақын, соған бейіммін деп есептеймін. Бірақ театрға алғаш келгеннен-ақ режиссерлер мені Қозы секілді кілең лирикалық бейнелерге салды. Театр тілімен айтқанда, сахнада көпке дейін «жас геройларды» ойнадым. Мәселен, театрдағы тұсауымды кескен алғашқы рөлім – 17 жасар Қозыны 42 жасыма дейін ойнадым. Кейін Жантық, Қарабайларға ауыстым. Жалпы, маған өзім қалағандай характерлі рөлдер тек өткен ғасырдың 90 жылдарының басынан ғана беріле бастады. Марқұм, ұлы актриса Фарида Шәріпова «әрбір актер дер кезінде басқа рөльдерге өтіп алуы керек» деп айта беретін. Менің бағыма, 1989 жылы режиссер Әубәкір Рахымов «Өттің, дүние» спектакліндегі Жәңгір ханның рөлін берді. Содан кейін-ақ басқа кезең басталды. Шыңғыс хан, Жәңгір хан, Еділ патша секілді психологиялық тұрғыда күрделі, бейнелілік бояуы қалың кілең хандар галереясының мінезін ашатын рөлдерде өзімді мүлдем басқа амплуада сынадым. Теңдесі жоқ актеріміз Әнуар Молдабеков ағамыз дүниеден өткен соң, сол кісі ойнаған Ваня ағай рөлі де менің еншіме тиді. Соның бәрі сахнагер үшін жай белес емес, үлкен мектеп. Кейін Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрында Абай (М.Әуезов «Абай», режиссері Ә.Оразбеков), Ваня ағай (А.Чехов «Ваня ағай», режиссері Ә.Мәмбетов), Лукьянов (В.Ежов «Тыраулап ұшқан тырналар», режиссері Т.Теменов) сияқты рөлдерде іздендім. Әрбір рөлім өзінің ерекшелігімен ыстық. Бірін екіншісінен бөліп қарай алмаймын. Жалпы, менің сахнадағы бағымның жанып, бірден күрделі рөлдерде көрінуіме режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің үлкен ықпалы болды. Небәрі 4-курстың студентіне Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясындағы басты кейіпкер – Қозы рөлін сеніп тапсырған суреткер одан кейін де қамқорлығын аяған емес. Кейінірек Астанаға қызмет ауыстырып, Қаллеки театрына тез сіңісіп кетуіме де Әзірбайжан Мәмбетовтің көмегі зор болды. Ұлы ұстазыма қашан да қарыздармын. Театрға қабылданған кезде Әзірбайжан Мәмбетов: «Мен сендерді мұхиттың ортасына киттердің арасына тастадым. Егер де осылардың арасынан жұтылып кетпей аман шықсаңдар, онда нағыз актер боласыңдар. Керісінше жағдайда болашақтарың көмескі», деді. Мен соны әзіл-шыны аралас: «Осы күнге дейін аман жүрсек, жұтылып кетпегеніміз ғой», деп кейде айтып, еске аламын.
Мен ойладым: – Ол кісі ең әуелі адам, содан кейін актер. «Саф сұлу өнер көңілі бықсық адамнан тумайды», дейді үнемі. Өнердің тегі – тазалық, пірі – талант, өзегі – еңбек екенін өзінің өмір сүру қалыбы, өнерге іңкәр көңілі арқылы қалтқысыз дәлелдеп келе жатқан сахнагер жарты ғасырдан астам саналы ғұмырын қасиетті сахна, текті театр өнеріне бағыштады. Өнердің ұлы сапарына Алматыдағы М.Әуезов театры төрінен Қозы болып қанат қаққан бозбала актер бүгінде қазақ сахнасының кемеңгер Абайына айналып, көрерменіне абыздық биіктен үн қатады. «Адам бойынан адалдықты іздеймін. Барлық қасиет содан кейін туындайды», деп жиі қайталайтын әртістің арманшыл асқақ әлемі сол қағидасына ғұмыр бойы қылау түсірмей келеді. Бүгінде 75 жастың белесіне көтерілген актердің өмірі де өнеріндей көркем.
Актер айтады: – Мінезім сондай шығар, жалпы мен барды місе тұтып, жоққа көп бас қатыра бермейтін адаммын. Болмаған дүниені пешенемнен көремін. Солай болуы керек деп қабылдаймын. Шамам жетпейтін нәрсеге талпынбаймын. Талабым мен талантым жетіп тұрған дүниені шегіне жеткізбей тынбаймын. Бала кезімнен әдетім сол. Сондықтан да бәріне тәубе деймін. Адам маңдайына бұйырғанды көреді. Менің бағыма жарты ғасыр сахна өнеріне қалтқысыз қызмет ету бұйырыпты. Шүкір, кәсібім жанымның қалауымен қабысты. Өмірлік серігімді де сол сахнада жолықтырдым. Бүгінде бала тәрбиелеп, ата мен әже атанып отырған жандармыз. Көбісі менен сұрап жатады: «Аға, 75-ке келдіңіз, қалай екен?» деп. Ондайда: «Ешқандай өзгешелігі жоқ, 74 қалай болса, 75 жас та тура сондай», деп әзілдеймін. Әзілдесем де, шыным сол. 75-ке толдым деп қарттыққа бойұсынып өзімді тастап жібергім келмейді. Алла қуат берсе, алда әлі де атқарсам дейтін шаруалар, сахнада тудырсам дейтін бейнелер көп. Соның бірі – мерейтойыма орай француз драматургі Ф.Зеллердің «Әке» деген пьесасын аудардым. 75 жылдығымды сол қойылымның премьерасымен атап өткім келеді. Атауы айтып тұрғандай, әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты қаузайды. Көрермен ғана емес, жалпы адамзат үшін өзекті тақырып деп санаймын. Соған дайындықты бастасам ба деп отырмын. Режиссерлер ойымды толық жеткізе алмайды-ау деген күдік те жоқ емес. Сондықтан спектакльге актер ретінде де, режиссер ретінде де өзім кірісіп жатырмын. Актер үшін тойдың төресі – жаңа спектакльдегі рөлі. Сол себепті де мерейтойымның дастарханмен шектелгенін қаламаймын, көрерменіме арнап ой саларлық мазмұнды дүние тудырғым келеді.
Мен ойладым: – Өмірін өнермен егіз өрген актердің ескіліктің, естеліктердің шырмауында қалмай, үнемі жаңалыққа, жаңашылдыққа ұмтылып, қай әрекетімен де соңынан өнеге боларлық із қалдырғысы келетін ізгі мінезі мен сергек көңілі шын сүйсінтеді. Әсіресе, жастарды жанына жиып, үлкен өнердің мұхитына бойлауға һәм сол айдында замана легінен артта қалмай, жаңашыл қадамдарға бастар жақсы бастамалары актерді айналасына сыйлы етіп келеді.
Актер айтады: – Жасына жетпей ақсақалдыққа ұмтылып, ерте қартайып кететін адамдар бар ғой. Мен ондай адамдардың типінен емеспін. Қашан да шамам келгенше жаңалықтың жанынан табылғым келеді. Оған өзім сабақ беретін шәкірттерім де әсер ететін болуы керек, әйтеуір өнердегі тынысым енді ашылғандай, мінезімді мүсіндейтін кесек бейнелер әлі де тудырсам деген сергек сенім мені үнемі алға жетелейді. Театрдың даму тенденциясында мен негізінен дәстүр мен жаңашылдықты қатар ұштастырғым келеді. Сол арқылы өнердің жаңаша биікке көтерілгенін қалаймын. Себебі театр бір орында тұрмайды. Ол – жанды өнер, заманмен бірге дамып, өркендейді. Осы тұрғыдан келгенде жас режиссерлердің жұмысынан жылт еткен сәуле, актерлер ізденісінен іліп алар жаңалық көрсем үйренуге ұмтыламын, өзімде барды үйретуге асықпын. Себебі өнер тәжірибе алмасудан тұрады. Театрға бәсеке керек. Ол бізден бұрын көрерменге қажет. Қазіргі көрерменнің, әсіресе жастардың талғам-талабы мүлде бөлек. Өмірді де, өнерді де басқаша көреді, өзгеше бағалайды. Ол – заңдылық және оның құптайтын тұстары да көп. Мәселен, театрдың әу бастағы мақсаты – көрерменді толғандыру, тебіренту, тазарту еді, қазір таң қалдыру бастапқы орынға шықты. Түрлі пікір айтылғанымен, бағасын уақыт көрсетеді. Кезінде Әзірбайжан Мәмбетовтің де спектакльдерін сынағандар, қабылдамағандар болған. Әзекеңнің ұлы режиссер екенін уақыт өзі көрсетті. Қазіргі жастардың аяқ алысын өз басым солай қабылдаймын. Өзім де осы талапқа сай болып, сол көштен қалып қоймасам деймін. Өнерде абыройлы болғаннан артық бақыт жоқ.
Әңгімелескен
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»