Біз бұл тұжырымға Брак Жорждың «Музыкантын» көргенде келдік. Картина анау айтқандай әдемі емес һәм қазақы жалпақ түсінікке де бойламайды, мұны өнерден бейхабар біреу баланың қабырғаға салған суретіне де ұқсатуы мүмкін. Ал сурет өнерінен аз да болса хабары бар адам даңқты Пикассоның шығармасының бірі деп топшылап, жоғары баға беріп өтіп кетуі ғажап емес. Себебі туындыда кубизм элементтері топтасқан. Оған себеп, қылқалам шебері – сол бағыттың негізін қалаушылардың бірі. Жо-жоқ, бірегейі дегеніміз дұрыс болар.
Картинадан көргендеріңіздей, суреткер бір түрде көпсалалы өнер жасаған. Осылайша, өзін тарихта декоратор, мүсінші және графикалық суретші ретінде көрсетті. Ол импрессионизм идеяларын игерді, ұзақ уақыт бойы фовизмге «батып та» кетті. Содан кейін натюрморт пен пейзаждар салуды жалғастыра отырып, түстер мен пішіндер бойынша еркін тәжірибеге бет бұрды. Жеке стиль, өзіндік идея әкелуге тырысты. Қанағаттанбады, әлі де жабық кеңістіктерді ашуға талпынды. Ал оны аша алды ма, аша алмады ма, оған жауапты уақыт береді.
Кубизмнің негізін қалау және дамыту кезеңінде француз суретшісі «Музыкант» картинасын жазады. 1918 жылғы туынды көпшілікке синтетикалық кубизм стилі ретінде ұсынылған. Пикассо мен Брак аппликация мен коллаж техникасына қызығушылық танытады. Соның әсерінен жаңа идея өмірге келеді. Бұл тәсіл – әртүрлі элементте текше фигураларды синтездеу. Оған сіздерге ұсынған «Музыкант» композициясы дәлел. Бұл бұрын бейнелеу өнеріне беймәлім құбылыстардың жаңғырығы. Ол жерде өзгешеліктен гөрі, өмірдің арпалысы көбірек мазмұндалады.
Қараңызшы, біздің алдымызда ұзынша пішінді кенеп тұр. Суреттің ішінде өзінше стильдендірілген жақтау бар. Музыкант бейнесі түрлі түсті, пішінді, текстуралы заттарды бір-бірін қабаттап, байланыстыру арқылы құрастырылған. Қолданылған түс схемасы ұстамды әрі орташа жарқын деуге болады. Мұндағы қызыл, көк, қызғылт сары, жасыл, сары реңктерде ортақ ештеңе жоқтай. Бірақ автор оларды бір-біріне матап, кейіпкердің болмысын түзеді. Құдды от пен суды араластырғандай… Пішіндер тұтастай суреттің пропорцияларымен үйлеседі. Қарама-қайшылықтар да бар.
Суретші адам болмысын аша отырып, оның дөңгелек көздері мен аспаптардың эскизін қоса әртүрлі формалар жасады. Сол формалар түрлі фигураға ұласып, композицияның негізгі мотивіне айналған. Синтетикалық кубизм нүктелердің, нүктелік сызықтардың, ромбтардың ырғақты қайталануы ерекше. Ерекше дейтініміз, мұндай қасиет кубизм бағытында жазатын шеберлердің бәрінде бірдей бола бермейді. Пикассоның даналығы сонда. Ал Жорж априориалы формалар жасаумен тарихта қалды.
Брак Жорждың «Музыкант» шығармасы – дара стильдің квинтэссенциясы, күрделі әрі сөзсіз қызықты шығарма. Композицияны құру перспективасы жалпақ пішіндер арқылы жасалған көлемнің әсерімен таңғалдырады. Үзілген фигуралардың байлығы, түс контрастары мен жолақтар көрерменді гитарада ойнайтын адамның келбетіне жақындата түседі. Кенеп бүгінде Швейцариядағы өнер мұражайында ілініп тұр.
Біз нағыз қылқаламның құдіреті мен колоритін қазіргі заманнан іздеуіміз қажет. Бірақ тұрысы мен бетбұрысы таптаурын үлгіде түскен бірсарынды портреттер адамды мезі етеді. Оларды алғаш көргенде реализмнің дауысын естисіз, кейін сол дауыс құлағыңызға түрпідей тиеді. Қиялыңды тұралатады, ойыңды шеңберлейді. Ал өнер ешқандай ережеге бағынбауға тиіс. Шексіздіктер есептелмейтіні секілді, шебер қолына қылқалам ұстағанда қанатты құстай еркін самғауға тиіс. Әйтпесе қабырғаға ілініп тұрған көшірмелердің біріне айналады.
Музыкант қайда? Көрінбейді, жоқ бұл хаос па? Әлде автордың бояумен берген математикалық есебі ме? Николай Гогольдің «Петербург повестері» секілді шым-шытырық оқиғалардың мағынасыз жиынтығы ма? Мүмкін көңіл түкпіріне жасырынған қарау пиғылдың күйі шығар… Сіз не ойлайсыз? Авторға сол маңызды. Бізге де!
Ең өкініштісі, біз оған Пикассоның көлеңкесінен қараймыз.