Ленинград облысындағы Сланцы деп аталатын шағын қалада туып-өскен 43 жастағы Дациктің өмірі шытырман оқиғаларға толы. Өзінің балалық шағы жайында атышулы спортшы былай деп әңгімелейді: «Бес жасымда түс көрдім. Бір дәу ит мені талап тастапты. Келесі күні сол пәлені сойып тастайын деп қолыма пышақ ұстап ұйықтадым. Содан бері мүлдем түс көрмейтін болдым. Орта мектептің бастауыш сыныптарында оқып жүргенімде маған бәрі тиісетін. Бір жылдың ішінде ғана 16 рет миым шайқалып, бір рет жансақтау бөлімінен шықтым. Бірде қатты ашуым келіп, мені соққыға жыққан балаларды біртіндеп ұстап алып, оңдырмай тістеп тастадым. Тіптен біреуінің мойын сіңірін де жұлып алған екенмін. Содан кейін олар менен аулақ жүретін болды».
Вячеслав жастайынан таеквондо, дзюдо және кір тасын көтеру спортымен айналысты. Кейіннен аралас жекпе-жекке ден қойды. «Сары Тарзан» деген жанама есімге ие болған ол тұсаукесер кездесуін 1999 жылы Андрей Орловскийге қарсы өткізді. Бәсеке басынан аяғына дейін белоруссиялық файтердің басымдығымен өтті. Алайда Дациктің жерге аунап барып, аяғымен тепкен соққысы қарсыласының жағына дәл тиді. Ол есінен танып қалды. Бір ғажабы, арада бірер жыл өткеннен соң дәл сол Орловский UFC-дің чемпионы атанды.
Әр жекпе-жекте Дациктің ережені өрескел бұзып, одан кейін жанжал шығаратын әдеті бар. Сол үшін де ол талай жарыстан шеттетілді. Ол аз десеңіз, «Сары Тарзан» қоғамдық орындар мен көшеде де тыныш жүрмейді. Мәселен, 2017 жылдың ақпан айында ол ұялы телефондар дүкенін тонап, сатушыларды соққыға жыққаны үшін психиатриялық ауруханаға жатқызылды. Бірнеше айдан кейін Вячеслав ол жерден қашып шығып, тағы да ескі әдетіне басты. Полицейлер ізіне түскен кезде шекара асып, Норвегиядан бір-ақ шықты. Аталған елден ол саяси баспана сұрады. Спортшы біраз уақыт Осло түрмесінде отырғаннан кейін Ресейге депортацияланды. 2012 жылы сот үкімі шығып, басбұзар бес жылға бас бостандығынан айырылды.
2017 жылы түрмеден шыққан бетте Дацик қайта істі болды. Ол жезөкшелерден бастап, көшеде кездейсоқ жолыққан адамдарды ұрып-соғып, жеке заттарын тартып алды. Жеңіл жүрісті қыздарды Санкт-Петербор көшелерімен тыр жалаңаш жүргізді. Сол үшін тағы да 3,5 жыл мерзімге темір торға тоғытылды. 2020 жылы жазасын толықтай өтеп, қайта үлкен спортқа оралды. Сол кезден бері тағы бірнеше жекпе-жек өткізіп үлгерді. Оның бойы 186 сантиметр, салмағы 150 кило. Міне, Вячеслав Дацик осындай «өмір мектебінен» өткен.
37 жастағы Ғалымжан Жасыланов та «қара жаяу» емес. Ол – Түркістан облысы Созақ ауданының тумасы. Бозбала шағында еркін күрес және қазақ күресімен шұғылданды. Бәйгеге тұлпар жаратып, шабандоз болды. Асау аттарды үйретті. Көкпар тартып, 200-дей салым салған. Өз сөзіне қарағанда, орекеңдермен күш сынасқанда жаны жай табады, қарсыласын есінен тандырғанша немесе өзі талып қалғанша төбелескенді ұнатады екен. Жанама есімі – ТТ. Қандасымыздың бойы 180 сантиметр, салмағы 105 кило.
Ғалымжанның аралас жекпе-жекпен айналысқанына аса көп уақыт болған жоқ. Осы күнге дейін небәрі екі кездесу өткізіп, екі ретінде де жеңіске жетті. Naiza лигасы ұйымдастырған жарыста өзбекстандық Даврон Кузиевті ұрып жыққаннан кейін достары оған су жаңа «BMW» көлігін мінгізді. Ал спортшының өзі бәсеке аяқталған бетте «Ей, Мәскеу, мені тыңдаңдар! Барлықтарың алапат айқасқа дайын болыңдар. Енді мен сендер жаққа барып, барлықтарыңды ұрып құлатамын», деп батыл мәлімдеме жасады.
– Алдағы жекпе-жекте Дацик ұтады деп нық сеніммен айта алмаймын. Оның бір артықшылығы – тәжірибесінің молдығы. Бірақ мен Ғалымжанды да жақсы білемін. Ол – ақкөңіл, кеңпейіл және қарулы жігіт. Соққылары өте ауыр. Кезінде қазақ файтері де «темір қапасты» көрді. Вячеслав та талай шытырман оқиғаларды басынан кешті. Сондай сынақтар мен қиындықтарға қарамастан екеуі де өмірдегі өз соқпақтарын тауып, қазіргі кезде жарыс жолына шығып, саң мың жанкүйердің қошеметіне бөленіп отыр, – дейді Naiza лигасының басшысы Нұрбек Қарабала.