Қазақстан • 01 Маусым, 2023

Ұлттың ұйытқысы

398 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақ халқы тәуелсіздікке ұмтылған асқақ арманына, дербес мемлекет болсам деген асыл мұратына 1991 жылы желтоқсан айын­да қол жеткізді. Ал 1992 жылы 4 маусымда азаттығымызды айшықтап, елдігімізді ерекшелейтін төл рәміздеріміз дүниеге келді. Мемлекеттік рәміздер – әр халықтың әлемдік қауымдастықтағы орнын айқындайтын негізгі фактор. Ол – саяси тәуелсіздік пен мемлекеттік егемендіктің бірегей белгілері. Халықтың басын қосып, бір мақсат, бір болашақ жолында Отан үшін қызмет етуге шақыратын ортақ құндылығы.

Ұлттың ұйытқысы

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Мемлекеттік Тудың авторы Шәкен Ниязбековтің туғанына 85 жыл толуына орай және Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібековке құрмет көрсету мақсатында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Көрнекті сәулетші, университет профессоры Жандарбек Мәлібеков, Заманауи зерттеулер институтының директоры, геральдист Мұхит-Ар­дагер Сыдықназаров, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткерлері, шы­ғармашылық зиялы қауым өкілдері қатысқан іс-шарада рәміздерге деген құрметті арттыру арқылы ұрпақ­ты патриоттыққа тәрбиелеу, тәуел­сіз­ді­гі­міздің тұғырын берік қылатын тарихи сананы қалпына келтіру ба­ғытында келелі ойлар айтылды.

апр

Бүгінде Мәдениет және спорт министрлігі Президент жанындағы мем­ле­кеттік рәміздер жөніндегі респуб­ликалық комиссияның жұмыс жоспа­рына сәйкес қоғамдық бірегейлік пен патриотизмді дамытудың іс-шаралар жоспарын жасап жатыр. Жиында сөз сөйлеген минстрліктің Архив, құжат­тама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Бораш сол іс-шаралардың бірі – «Отанды сүю – жүректен» атты респуб­ликалық патриоттық жоба қолға алынғанын айтты.

«Жоба аясында «Елдіктің асқақ айбыны» атты үздік шығармашылық туындылар байқауын, «Рәміздерім – мақтанышым» атты мобилографтар сайысын, «Туған жерім менің – Қазақстаным» атты меншік иелері бірлестіктері арасындағы (МИБ) бай­­­қау­лар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Оған қоса «Balapan» телеарнасында, «Астана», «Шалқар», «Classik» радиоларында, «Қазақ радио­сында» хабарлар ұйымдастырылып келеді. Тағы бір ерекше атап өтетін жайт, бүгінде еліміз­дегі ең танымал мобильдік бағдарлама – «Aqyl battle» қосымшасына мемлекеттік рәміздерге арналған арнаулы блок қо­сылды. Мобильдік қосымшаның әсіресе, жастар арасында өте танымал екенін ес­керсек, бұл қадам өскелең ұр­пақтың мем­лекеттік рәміздер туралы білімін арт­тыруға жол ашады», деді министрлік өкілі.

Оның айтуынша, министрлік республика бойынша Мемлекеттік рәміздер күнінде елімізде 100-ден астам іс-шара өткізуді көздеп отыр. Ең алдымен, 4 маусым күні бүкіл республика бойын­ша бір мезетте – елорда уақытымен сағат 10.00-де халық көп жүретін орындарда, ірі сауда орталықтарында, теле және радио арналарда Мемлекеттік Әнұран орындалады. Сонымен бірге осы күні Астана, Алматы, Шымкент қала­лары мен облыс орталықтарындағы орталық алаңдарда «Патриотизм дауысы» атты патриоттық флешмоб, саябақтар мен демалыс орындарын­да балалар мен жасөспірімдерге арналған отансүйгіштікті дәріптейтін «Менің туым – менің мақтанышым!» атты әртүрлі сайыстар мен байқаулар өтпек. Рәміздер күнінің басты іс-шараларының бірі – «Көк тудың желбірегені» атты республикалық патриоттар форумы.

Конференцияда сөз алған Жан­дарбек Мәлібеков еліміздің Мем­лекеттік Елтаң­басын жасаған уақытта Ташкентте жұ­мыс істеп жүргенін айтып, Елтаңбаның ең алғашқы сызба нұсқасын тұңғыш рет көпшілікке көрсетті.

«Бұл Елтаңбада қазақ қазақ бол­ғалы халқымыздың арғы-бергі тарихы түгелдей қамтылған. Ең бірінші көзге түсетіні – шаңырақ пен оның уық­тары. Киіз үй – қазақ ұлт ретінде жа­ралғалы бірге келе жатқан дәстүрлі баспанамыз. Шаңырақ біздің ел хал­қының бір үйдің баласындай тату болу керек екенін аңғартады. Бұл жерде қазақ қана емес, әртүрлі жағдайларға байланысты осында қоныс тепкен өзге ұлт өкілдері де бар. Сондықтан Отан – бәріміздің ортақ шаңырағымыз. Бұл – тұтастықты, ынтымақтастықты, дос­тықты, бейбітшілікті білдіретін Елтаң­ба», деді профессор.

Ол Мемлекеттік Елтаңбамыздағы жылқы суретінің де бекерге тұрма­ғанын, қазақтың жылқы мінезді ха­лық болуымен қатар, дүниеде атты тұң­ғыш тізгіндеген халық екенімізді айғақтайтынын айтты. Өйткені Ботай мәдениетін зерттеген археологтер біздің ата-бабамыз жылқыны алғаш рет қолға үйреткенін анықтаған болатын. Сондықтан мінсе – көлігі, жесе – тағамы, кисе киімі болған жылқы малының Елтаңбамыздан орын алуы – заңдылық.

Жандарбек Мәлібеков Мәде­ниет және спорт министрлігі өкіліне мем­лекеттік мекемелердегі елтаңбаларға сапалы материал қолдану туралы ұсы­ныс айтты. Өйткені қазіргі жасалып жат­қан елтаңбалар уақыт өте келе өңін жоғалтып, қарайып кетіп жатқан жағдайлар бар. Егер алтын жалатылса, ұзақ уақыт жарқыраған қалпында тұра беретінін және Елтаңба секілді мем­лекеттік рәміз бағалы металдан жасалуға лайықты екенін жеткізді.

Конференцияға қатысқан геральдист Мұхит-Ардагер Сыдықназаров тәуелсіздік алғалы бері 30 жылдан астам уақыт өтсе де, әлі жоғымызды тү­гендеп үлгер­мегенімізді айтты. Оның айтуынша, ұлттық рәміздер дегенде тек Елтаңба, Ту, Әнұранды ғана айту жеткіліксіз. Олармен қатар белгілі бір ұлттың өзін­дік болмысын айғақтайтын ұлттық киімі, бас киімі, ұраны, спорттық ойындары, тағамы, тіпті мемлекетті аяққа тұрғызған ұлт­тық қайраткері де болуға тиіс.

«Мәселен, кеңес одағының «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер» деген ұраны болды. АҚШ-тың ұраны – «In God We Trust» (Біз Құдайға сенеміз) болса, Ұлыбритания «God and my right» (Құдай және менің құқығым) деген сөзді ұлттық ұраны қылған. Ал біздің ұлы ата-бабаларымыз қандай жалынды сөздерді айтып кеткеніне қарамастан, әлі күнге халықтың рухын көтеретін ұранымызды бекітпедік. Сонымен қатар бүгінде сумо десе – жапондар, таэквондо десе – корейлер, ушу десе қытайлар ойға келеді. Біз өзіміздің тоғызқұмалақ, қазақ күресі, аударыспақ секілді спорттық ойындарымызды қаншалықты дәріптей алып жатырмыз? АҚШ-ты өркендеткен Джордж Вашингтон, Қытайда – Мао Цзэдун, Малайзияда – Мұхаммед Махатхир, Сингапурде Ли Уан Ю ұлттық қайраткер саналады. Ал бізде Қазақ хандығын құрған Жә­нібек пен Керейдің нақты бекітілген портреттері де әлі жоқ», деп атап өтті Мұхит-Ар­дагер Сыдықназаров.

Жиын басында өзге де мамандар сөз алып, жастарды отаншыл рухта тәрбиелеу ісіне қатысты құнды ойларын айтты.