2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Аңсаған cәби» ұлттық жобасын жариялаған болатын. Бұл бағдарлама бойынша бедеулікті экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) әдісімен емдеуге жыл сайын 7 мың квота бөлінеді, соның арқасында тек 2021 жылы елімізде 3 мыңнан астам бала дүниеге келіп, осы балалардың ата-аналары перзент сүю бақытына ие болды.
«Қазақстандағы әрбір алтыншы ерлі-зайыпты бедеулікке шалдыққан. Ресми статистикаға сәйкес елімізде 21 мыңнан астам адамға бедеулік диагнозы қойылса, өкінішке қарай бұл көрсеткіш өсіп келеді. Бар күш-қуатым мен қабілетімді бедеулікке қарсы күреске арнаған репродуктивті медицина саласының маманы ретінде мен үшін бұл мүсін жай ғана символ емес. Біздің мақсатымыз – репродуктивті медицина саласындағы зерттеулерді, инновацияларды қолдау мен дамытудың маңыздылығына қоғам назарын аудару. Сонымен қатар бедеулік мәселесіне тап болған ерлі-зайыптыларға эмоционалдық көмек пен жанашырлық таныту да маңызды», деді мүсіннің ашылу салтанатында «Экомед» клиникалар тобының негізін қалаушысы және ғылыми жетекшісі Салтанат Байқошқарова.
Осылайша қола мүсін жаңа тұсауын кескен New Generation Clinic (NGC) халықаралық репродукция орталығы ғимаратының қасбетіне көрік беріп тұр. Алдын ала жоспарланғанындай, ол репродуктивті медицина саласындағы қажырлы еңбек пен жетістіктерді бейнелейді. Ана алақанындағы сәбидің бейнесіндегі бұл композиция репродуктивті денсаулық саласындағы ғылыми жаңалықтар мен инновациялардың маңыздылығын білдіреді. Мүсін – ана болуды армандайтын әрбір әйелдің қуаты мен нәзіктілігінің, сенімі мен батылдығының символы.
Біздің елімізде репродуктивті технологиялардың жоғары деңгейде дамуы Қазақстандағы ЭКО әдісінің негізін қалаған Салтанат Байқошқарованың альтруизмі, сенімі мен идеясына адалдығының арқасында жүзеге асты. 1995 жылы 18 сәуірде ол «Экомед» атты шағын зертхананың негізін қалап, 1996 жылы 31 шілде айында ЭКО әдісімен тұңғыш қазақстандық қыз бала дүниеге келді.
Уақыт өте келе шағын зертхана адам репродукциясы клиникаларының тобына айналды, еліміз үшін бедеулікпен күресетін жүздеген заманауи маман дайындады, бүгінгі таңға дейін клиникада 20 мыңға жуық сәби дүниеге келді.
Ал «Экомед» бедеулікке қарсы күресте үміт пен жеңістің символына айналды. Ол бүгінде білікті мамандар жоғары сапалы медициналық қызмет көрсететін №1 емханаға айналды.
«Репродуктивті технологиялар үздіксіз дамып келеді. Мен «Экомед» клиникалар тобының Қазақстан мен Орталық Азиядағы экстракорпоралды ұрықтандыру саласындағы көшбасшыға айналғанын мақтан тұтамын. Әу бастан-ақ қазақстандық репродуктивті медицинаға соңғы жаңалықтар мен технологияларды енгізуді мақсат етіп қойдым. Осылайша, New Generation Clinic (NGC) заманауи халықаралық репродукция орталығын іске қосу идеясы дүниеге келді. Бұл әлемдік стандарттарға сәйкес жұмыс істейтін, ең жоғары санаттағы қызмет пен емдеуді ұсынатын озық жаңа буын клиникасы. Мұнда Қазақстанда алғаш рет жасанды интеллект арқылы бедеулікті емдеудің ең заманауи әдістері қолданылуда», дейді Салтанат Байқошқарова.