19 Шілде, 2014

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығы № 267-Ө

282 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
2014 жылғы 17 маусым , Астана қаласы 2014 жылғы 3 тоқсанға арналған кедейлік шегін анықтау туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 8 сәуірдегі № 537 қаулысымен бекітілген Кедейлік шегін анықтау тәртібінің 4-тармағына сәйкес атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін анықтау үшін Қазақстан Республикасының күнкөрісі төмен азаматтарына әлеуметтік көмек көрсету критерийін белгілеу мақсатында бұйырамын: 1. Қазақстан Республикасы бойынша 2014 жылғы 3 тоқсанға кедейлік шегі Қазақстан Республика­сының Статистика агенттігі өткен тоқсанға есептеген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайызы мөлшерінде белгіленсін. 2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «2014 жылғы 2 тоқсанға арналған кедейлік шегін анықтау туралы» 2014 жылғы 18 наурыздағы № 103-Ө-М бұйрығының (Нормативтік-құқықтық актілерді тіркеудің мемлекеттік тізілімінде № 9283 тіркелген және 2014 жылғы 5 сәуірдегі «Казахстанская правда» № 66 (27687), 2014 жылғы 5 сәуірдегі «Егемен Қазақстан» № 66 (28290) газеттерінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын. 3. Әлеуметтік көмек департаменті: 1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін; 2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күннің ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін; 3) осы бұйрықты облыстық, Астана және Алматы қалаларының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының назарына жеткізуді қамтамасыз етсін. 4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі С. Қ. Жақыповаға жүктелсін. 5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2014 жылғы 1 шілдеден бастап туындаған қатынастарға қолданылады. Министр Т.ДҮЙСЕНОВА. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылғы 26 маусымдағы Нормативтік құқықтық келісімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №9539 болып енгізілді.