Президент • 02 Маусым, 2023

Президент Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Еуропалық Кеңес Президентінің екінші кездесуіне қатысты

262 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шолпан-Ата қаласында өткен «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» форматындағы екінші кездесуіне қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Еуропалық Кеңес Президентінің екінші кездесуіне қатысты

Мемлекет басшысы Орталық Азия елдері бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіске қарамастан, аймақтық диалогты күшейткеніне ризашылығын білдірді. Оның пікірінше, бұл істе Еуропалық Одақтың атқарған рөлі зор.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Орталық Азия мен ЕуроОдақ арасындағы ынтымақтастықтың перспективасы мол. 

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша Еуропадан Қазақстанға тартылған инвестиция 23 пайызға артып, 12,5 миллиард долларға жетті. Тәуелсіздік жылдарында біз шетелден 350 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тарттық. Оның жартысына жуығы ЕуроОдақ елдеріне тиесілі. Еуропалық Одақ – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Біздің сыртқы саудамыздың 40 пайыздан астамы осы ұйымның үлесіне тиесілі. Былтыр Қазақстанның ЕуроОдақ елдерімен өзара тауар айналымы 40 миллиард долларды құрады. 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 50 миллиард долларға жеткізу үшін бізде барлық мүмкіндік бар деп санаймын», деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанда Shell, Eni, Total, Air Liquide, Alstom, Siemens және басқа да трансұлттық корпорацияларды қоса алғанда, еуропалық капиталдың үлесі бар үш мыңнан астам компания жұмыс істейтінін атап өтті.

«Біздің жан-жақты серіктестігіміз сирек кездесетін металдарды және «жасыл» сутегіні өндіру стратегиялық маңызды әрі перспективті салалардағы жаңа келісімдермен нығайып келе жатқанын ерекше атап өткім келеді. Svevind неміс-швед компаниясы Қазақстанда жел және күн электр станцияларын орнататын және үш миллион тонна «жасыл» сутегін өндіретін зауыт құрылысын бастады. Бұл – серпінді жобалардың бірі, сондай-ақ ЕуроОдақтың осы өнімге деген қажеттілігінің шамамен 20 пайызын құрайды. Былтыр қараша айында Еуропалық Комиссияның Президенті Урсула фон дер Ляйенмен бірге Тұрақты шикізат, аккумуляторлар және жаңғыртылатын сутектің құнын жасақтау тізбегі бойынша стратегиялық серіктестік туралы меморандумға қол қойдық», деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл өңір елдері үшін стратегиялық маңызы бар ынтымақтастықтың басым бағыттарын ұсынды. Президент, ең алдымен, тауар айналымын ұлғайту мәселесіне тоқталды. Оның пікірінше, негізгі міндет – сауда номенклатурасын кеңейту арқылы экспортты ұлғайту.

«Қазақстан машина жасау, темір және болат өндірісі, тамақ өнеркәсібі секілді салалар бойынша құны 2,3 миллиард доллар болатын 175 шикізаттық емес тауар түрі бойынша ЕуроОдақ елдеріне экспортты ұлғайтуға дайын. Ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастықтың келешегі зор», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселесін екінші басымдық ретінде атады. Президенттің пайымынша, қазіргі кезеңде Транскаспий халықаралық көлік бағыты стратегиялық маңызға ие.

«Бұл бағыт өңірлеріміз арасындағы қарым-қатынас деңгейін айтарлықтай күшейте алады деп санаймын. Жуырда Қытайға жасаған мемлекеттік сапарымның аясында қытайлық серіктестерімізбен бірге Сиань қаласында логистикалық терминалдың іргетасын қаладық. Бұл порт Орталық Азия территориясы арқылы Еуропаға тікелей контейнерлік пойыздарды жіберу үшін маңызды хаб болмақ. Сондай-ақ біз Транскаспий бағытын Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен ұштастыруға уағдаластық», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық ресурстарды Қазақстаннан Еуропаға тасымалдау бағыттарын әртараптандыруға да ерекше назар аударды.

«Қазіргі уақытта Еуропаға экспортталатын Қазақстан мұнайының 80 пайызы Каспий құбыр консорциумы арқылы жүзеге асырылады. Ортақ мүддені ескере отырып, стратегиялық тұрғыда маңызды осы құбыр арқылы мұнайдың ұзақ мерзімді және тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету үшін ЕуроОдақ әрі қарай да қолдау көрсете береді сенеміз», деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы басқа бағыттар бойынша жеткізілетін мұнай экспортының перспективаларын айқындап берді.

«Мысалы, биыл жыл басынан бері Қазақстан мұнайын «Ақтау – Баку – Тбилиси – Джейхан» бағыты бойынша жылына 1,5 миллион тонна көлемде жөнелту жұмысы басталды. Орта мерзімді перспективада біз «Ақтау – Батуми» бағыты бойынша Транскаспий бағытының құбыры арқылы жөнелту көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге Қазақстан «Дружба» құбыры арқылы Германияға мұнай жеткізу ісін жүзеге асыра бастады. Биыл жыл басынан бері 90 мың тонна көлемінде мұнай жеткізілді. Бұл көрсеткішті 1,2 миллион тоннаға дейін жеткізуге әлеуетіміз жеткілікті және оны келешекте арттыруға мүмкіндігіміз бар», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент климат және «жасыл энергетикаға» көшу салаларындағы өзара іс-әрекетті келесі басымдық ретінде атап өтті.

«Біз тұйық циклды экономика қағидаттарын белсенді түрде енгізіп жатырмыз. Еліміздің энергетикалық тепе-теңдік құрылымындағы жаңартылатын энергия көздерінің үлесі қазірдің өзінде 4,5 пайызға жетті. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 15 пайызға жету керек. Біз бұл тұрғыда Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі, су ресурстары, жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселелері жөніндегі бірлескен күш-жігерді Global Gateway стратегиясы мен Team Europe бастамасын жүзеге асыру аясында жандандыру орынды деп санаймыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент цифрлық даму туралы айта келе бұл бағытта ынтымақтастық мүмкіндіктері мол екеніне тоқталды.

«Биыл наурыз айында Microsoft компаниясы Қазақстанда озық технологияларды тарту орталығына айналатын Мультиөңірлік хаб ашқаны туралы жарияланды. Біз 2025 жылға қарай кемінде 100 мың жоғары білікті IT маман даярлау міндетін қойдық. Сондықтан Еуропа университеттерін Қазақстанда, оның ішінде маңызды өңірлік IT алаңға айналған Astana Hub технопаркі базасында филиалдар ашуға шақырамын. Жалпы, біз цифрландыру саласындағы өз әзірлемелерімізді кеңейтуді және өңірлік деңгейде цифрлық хаб ретінде тәжірибемізді бөлісуді жоспарлап отырмыз», деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларын ілгерілетуде және ауқымды демократиялық өзгерістерді жүзеге асыруда Еуропалық Одақтың көрсеткен қолдауына жоғары баға берді.

Саммит барысында Еуропалық Кеңес Президенті Шарль Мишель, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев және Түрікменстан Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасары Нұрмұхаммет Аманнепесов сөз сөйледі.

Кездесу қорытындысы бойынша жиынға қатысушылар Бірлескен баспасөз-коммюникесін қабылдады.