Қазақстан • 04 Маусым, 2023

4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні

575 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

4 маусым — Мемлекеттік рәміздер күні. Қазақстан рәміздері 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды, деп хабарлайды Egemen.kz.

4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылдың 4 маусымында қабылданды. Осы заңға сәйкес жыл сайын рәміздер күні 4 маусымда атап өтіледі.

Қазақстан Республикасының рәміздері – ту, елтаңба, әнұран.

Әрбір рәміз - қастерлі құндылық. Рәміздердергі әр символдың өз мәні бар. Мәселен, туда бейнеленген қыран еркіндікті, күн молшылық пен байлықты, көк түс береке, тыныштық бірлікті білдіреді. Мемлекеттік туымыз 1200 нұсқаның ішінен таңдалған.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.

Еліміздің елтаңбасында ұлтымыздың тарихы мен мәдениеті көрініс тапқан. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Асқан шеберлікпен жасалған елтаңба 293 жобаның ішінен үздік деп танылған.

Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков елтаңбаның философиялық мәні туралы былай дейді: «Біздің мөрімізде халқы­мыз­дың ата-бабалары – сақ, ғұн, түрік, қыпшақтан бастау ала­тын қанша мың жылдан аса тарихы мен мәдениетін көр­сету­ді көздедім. Осы мақсат миым­ның бір түкпірінен орын алып, шықпай қойғанда қазақ­тың күнделікті тұрмыста айты­латын «Шаңырағың биік, босағаң берік, керегең кең болсын!» деген тілектер санамда қай­та жаң­­ғырды».

Автор елтаңбаны Өзбекстанда жүргенде жасаған.

«Елтаңба – Отаныма деген сағынышымның жемісі, шеттегі қарадомалақтың терең тарихы, жо­ғары мәдениеті, өлмейтін ру­хы, тәрбие тұнған салт-дәс­түрі, бай өнері сақталған егемен елі­нің бар екеніне деген мақ­таны­шының, осының бәрін мойын­да­мағандарға өз кәсібімен көрсеткі­сі кел­ген сәулетші еңбегінің нәти­жесі. Бұған қоса туған жерден жырақта жүрген жанға тәуелсіз мемлекетінің іргетасын қалауға атсалысу, осындай тарихи жолда қолтаңбасы мен өз ізін қалдыру – ештеңемен алмастырмайтын асқақ абырой, қасиетті қызмет», дейді Жандарбек Мәлібеков «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында.

ҚР Мемлекеттік әнұраны 2006 жылдың 7 қаңтарында Парламентте бекітілген. Сондай-ақ ол алғаш рет тұңғыш Президентті ұлықтау рәсімінде орындалған.

Заң бойынша (ҚР Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы заңының 9-бап, 1-тармағы) Мемлекеттік әнұран шырқалған кезде оны орнынан тұрып айту және оң қолын жүрек тұсына қою міндеттеледі.

Әннің авторы - Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар - Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.