Еліміздің ең үздік гимнасшысы Елжана Тәниева сайыстың барлық түрі бойынша жүлделі орындар иеленіп, көрермендердің қошеметіне бөленді. Ол «таспа» (30,80 ұпай) мен «құрсау» (32,50 ұпай) жаттығуларында күміс медаль еншілесе, «ұршық» (31,90 ұпай) пен «допта» (32,70) қолаға қол созды. Соның алдында ғана Елжана жекелеген көпсайыста күміспен күптелген еді. Ол тек өзбекстандық Тахмина Икромовадан қалып қойды. Осы жарыстағы өзге бұрымдыларымыздың нәтижелері мынадай: Айбота Ертайқызы («доп» – 4-орын, «таспа» – 5-орын) және Милана Парфилова («ұршық» –5-орын).
Сонымен қатар, Манилада жастар буыны өкілдері де сайысқа түсіп жатыр. Бұл бәсекелерде Айым Мейіржанова бір рет алтыннан («доп») алқа тағып, екі мәрте («таспа» мен «ұршық») күміс медаль олжалады.