Абай • 04 Маусым, 2023

Абай үйіне жүргізілген тінту

454 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ұлы Абайдың өмірбаянын зерттеп, толықтырып жазу жұмысы жетер өрісіне жетіп болмағаны белгілі. Осы жылы ерекше көңіл бөліп, кейінгі зерттеушілердің есіне салып өтер бір жайт – ақынның үйіне жүргізілген тінту.

Абай үйіне жүргізілген тінту

1903 жылдың қысында Көкшетаудағы Науан хазірет ұстаған мешіт жанындағы интернат мұғалімі Шәймерден Қос­шы­ғұл­ұлы Баянауладағы Сәдуақас Мұ­са­ұлы Шормановқа, Семейдегі Абайға, басқа да беделді ел ағаларына хат жазып, бүкілқазақтық мұсылман съезін өткізу жайын ақылдасады. Съезге дайындық ретінде қаражат жиналып жатқанын хабарлайды. Ол ұстазымен бірігіп, Ресейдің шоқындыру саясатына ашық қарсы тұрады. 1903 жылы Абай Құнанбайұлы сынды қазақтың білікті, сыйлы азаматтарына патшалық режімнің оспадар әрекеті туралы, осыған байланысты бас қосу жөнінде екі мәрте хат жазады.

Сақталған архив құжаттарына қара­ғанда, Шәймерденнің алғашқы хатына Абай жауап бермеген. «Ибраһим Құнан­байұлының атына Көкшетау жақтан тағы бір хаттың кеткенін тыңшылар арқылы білген патша жандармдары жедел қи­мылдап, аңдиды. Ертіс бұзылып, жол ашылғанын күтеді. Ақыры хаттың Арқат поштасына келгенін анықтайды. Пошта бастығынан хатты беруді талап етеді, тіпті әскери губернатордың бұйрығын көлденең тартады. Бірақ пошта қызметі өз заңына бағынып, хатты тек адресатқа ғана қол қойдырып беретінін айтады. Уезд бастығы Навроцкий 1903 жылғы сәуір айында Ибраһим Құнанбайұлының өзін Арқат поштасына жетектеп алып баруға мәжбүр болады. Поштаға бірге кіріп, хат­ты алғаны жөнінде қол қой­дырып, рә­сімдеп, Абайдың қолынан тартып алады. Яғни Ибраһим Құнанбайұлы бұл хатта не жазылғанын білмейді. Уезд бас­тығы Навроцкийдің Шәймерден Қос­шығұлұлынан келген алғашқы хат туралы сұрағанда Абай: «Мен жөндеп оқыған да жоқпын, не деп жазылғаны есімде жоқ», деп жауап берген. «Ал хаттың өзі қайда?» деген сұраққа, «білмеймін, Ізғұтты шылым орауға алды-ау деймін» деп сүйрете жауап береді.

Жандармерия 1903 жылғы 2 сәуірде Көкшетаудағы мешітті, Науан хазірет пен Шәймерден Қосшығұлұлын тінтті. Тінту нәтижесінде күдіктерін растайтын дәлел тауып, 3 сәуірде Ш.Қосшығұлұлын тұт­қындады. Аймақтағы ол хат жолдаған белгілі тұлғалардың аты-жөндері, мекен-жайлары анықталды. Бәрін де, соның ішінде Жидебайдағы ұлы Абайды да тінтті. Оның қасындағы адамдардың қойын-қонышына дейін тіміскілей тек­серіп жүріп, Шәймерден жазған хатты тапты. «Қылмысты» хатқа байланыс­ты олардың не ойлағандарын, не істе­мек болғандарын анықтауға тырысты. На­зарларына алған зиялылардың үйле­ріндегі түрлі қолжазбаларын, кітап­ханаларын тәркіледі.

Ақынның бойынан табылмаған сол бір хатты әйелі Еркежан ақыры өз қалта­сынан шығарып, оязға берген екен. Алай­да естелікте хаттың нақты мазмұны немесе одан туындаған зардаптар жайында еш­қандай әңгіме болмайды.

Бұл мұрағат деректерінде жазылған хаттамалар негізі. Ал Абайдың өмір­бая­нын жазған Кәкітайдың баласы Әрхамның естелігінде осы оқиғаны былайша жет­­кізеді: «...1903 жылы жазғы­тұрым Кәкітай өзінің бір жұмысымен Семейге кеткен еді, жер қарайып кепкен соң қора­дан аулақ киіз үй тігіп, соған үй ішін шығарып жат­қан мезгіл түс кезінде Се­мейден Кәкі­тайға еріп кеткен атшы Көтібақ Бегдалы деген ауылға шауып келді. Жұрт үрпиісіп:

– Неге шаптың? – дегенде, Бегдалы:

– Ойбай, Семейден тергеуші шықты. Абайдың ауылын, үйін тінткелі келеді. Соған хабар айт деп Кәкітай жіберді, – деп ентігіп аттан түсті.

– Қашан келеді, қай жерде келеді? – деп сұрағанда:

– Орыстар жолдағы ауылға ат жегіп жатқанда, мен шауып өтіп кеттім, ендігі Қашқынбай ауылына келген шығар, – деген соң ауыл кісілері қатты састы. Біз­дің ауылдан екі шақырымдай жерде Ма­ғауияның ауылы бар еді. Қойшының аты мен бір кісіні сонда хабар бер деп жібереді. Ол тез барып қайтып келді. Мағауия үйінде екен. Жидебайдағы Абай ауылына қос атпен Майқанды жібереді. Біздің ауылды да тінтер деп Мағауия дайын­далып жатыр деді. Сонан бір сағаттай шамасында үштен ат жеккен екі арба орыс біздің ауылдың жанындағы жолмен шап­қылатып өтіп Жидебайға қарай кетті. Мағауияның ауылына бұрылған жоқ. Сол күні түнде Жидебайдағы Абай ауылынан хабар келді. Абай киіз үй тіккізіп қорадан шыққан екен, барған тергеуші:

– Сіздің үйіңізді тінтуге келдік, рұқ­сат етіңіз, – депті. Абай:

– Рұқсат, тінте бер, – деген соң олар барлық абдыра, сандықты ашқызып қарапты. Төсек арасын, жүк арасын, қа­рамаған жері жоқ. Бірақ ешнәрсе таба алмапты. Әбден шаршап бастық төренің өзі Абайдың жанына келіп отырғанда орындық әкеп қойып Абай:

– Тінтіп болдыңыз ба? – дегенде, төре:

– Қарап болдым, ешнәрсе таппадым, – депті. Сонда Абай:

– Сіздің іздеп келгеніңіз мына хат болар, – деп кемзалының төс қалтасынан бір қағаз алып берді. Төре қарап:

– Осы еді, – деп күліпті. Сонымен Абай­мен көп сөйлесіп тамақ ішіп, қонақ болып қалды. Артынан естуі­мізше, тергеушінің аты «Куприянов» деген екен. Абайға бір адамның патша өкіметін жамандап жазған хаты келді деп шағым еткен соң келгені осы. Сол хатын алып Абайдан жөнін сұрап, ұғынып қайтты. Арты тыныш болды».

Абай өмірбаяны М.Әуезов тарапынан төрт рет түбегейлі жазылып, әр нұсқа өз кезегінде тың деректермен толық­тырылып, көмескі мағлұматтардан ба­рынша арылып отырған. Мәнді ма­ғлұ­маттарды мол қамтыған ақынның 1940 жылы латын әрпімен жарық көрген екі томдық шығармаларының екінші томында «Абай жайында Мадияр, Қатпа, Әрхам және тағы басқалардың айтқан әңгімелері» деген М.Әуезовтің жазбасы басылады. Осы жазбада патшалық билікке қарсы басқа жақтағылармен жазбаша байланысы бар саяси сенімсіз адам деген күдікпен 1902 жылы ақын үйі тінтіліп, Абай атына жазылған бөгде бір адамның хаты іздестірілгені туралы қысқаша мәлімет береді. Мұрағаттық деректерге сүйенсек, ақын үйіне тінту, шындығында, 1903 жылы көктемде жүргізілген.

Шығыс Қазақстан облысының бұ­рынғы архив қызметкері Ғабит Зұлха­ровтың мақаласында 1903 жылы 8 сәуірде Ақмола облысы әскери губернаторының Семей облыстық губернаторына берген: «Қосшығұловтан пошта қолхаты та­былды. Ол 1902 жылы 6 маусымда Батовскідегі Садуақас Шормановқа, Зай­сандағы Кеншиновке, 1903 жылы 7 наурызда Семейдегі Құнанбаевқа хат жолдапты. Тінту жүргізу керек. Романов, Ақмола облысының әскери генерал-губернаторы, генерал-майор» деген жеделхаты жарияланды.

Мұрағат деректерінде Көкшетау мешіті жанындағы интернат мұғалімі Шәй­мерден Қосшығұлұлын тінту барысында қалтасынан Семей губерниясын­да тұратын Абай атына жолданған хат­­тың түбіртегі табылғаны айтылады. Қатты дүр­ліккен билік өкілдері хатта үкіметке қарсы әлде­бір оғаш сөз бар ма деген кү­дік­пен жанталаса әрекетке көшеді. Артынша Көкшетау мешітінің бас мол­дасы Наурызбай Таласов пен оның көмекшісі Ш.Қосшығұлұлы абақтыға жабылып, үстерінен қылмыстық іс қозғалады. Н.Таласов пен Ш.Қос­шы­ғұлұлы және басқа би, молдалар пат­шалық Ресейдің отаршылдық озбыр саясатына қарсы дербес діни ұйым құрып, оны мүфтиге бағындыруға тырысқан. Осы қимыл-әрекеттің ық­палын, пәрменділігін арттыру үшін Абай Құнанбайұлы сияқты жалпақ қазақ жұртына құрметті адамға да иек артқысы келген. Патша әкімдері Петербордан бері Абай ауылына дейін тыңшылық жүйесін құрып, 1903 жылы сәуірде Семей уезі басшысымен келген жасауыл ақын ауылына келіп, Абайдың өзінен, балаларынан жауап алады. Мұрағат деректерінде Көкшетаудан Абай атына екі хат кел­ге­ні туралы айтылады. Біріншісі – сәуір­де уезд бастығы тінту жүргізіп тауып алған хат. Көкшетауда тұтқында­ған Қосшығұлұлынан табылған түбіртек бо­йын­ша 7 наурызда жіберілген. Екінші хат Абайдың қолына әлі тимеген, Арқат пошта-телеграф кеңсесінен шығарыл­май жатқан. Бұл екінші хатты кейін, бір айдан соң, 29 мамырда Абайға Семей оязының өзі ілесе келіп, табыс еткен. Ақын оны сол жерде оқып шыққан соң, хатты қорабымен ояздың қолына ұстатқан. Ғ.Зұлхаровтың дерегі бойынша мұрағат құжаттарының ішінде осы екі хаттың түпнұсқалары сақталмаған.

 

Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ

 

АСТАНА